Жанат ТҰРЛЫБАЕВ, облыстық мәслихат депутаты:

- Бүгінгі таңда әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларына және олардың балаларына мемлекеттен де, жеке кәсіпкерлер тарапынан да түрлі деңгейдегі көмектер көрсетілуде. Сонымен қатар, қазіргі уақытта елімізде барлық оқушы тегін арнайы орта білім алады, оқулықтар да тегін таратылады, кепілдендірілген медициналық көмек те ақысыз көрсетіледі.

Тұрмысы төмен отбасының оқушылары үшін мектепте тегін ыстық тамақ та беріледі. Енді аз қамтылған және көпбалалы отбасының балаларын тегін дәрі-дәрмекпен қамту, сапалы медициналық көмек көрсету мәселесін қарастыру керек. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау ісін де жетілдіру қажет.

Бар байлығымыз - балалар. Сол үшін де көпбалалы отбасыларына айрықша көңіл бөлінуі тиіс деп ойлаймын. Ол үшін жергілікті әкімдік әр отбасының әлеуметтік жағдайын жіті тексеріп, мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілуі керек. Бұл ретте, барлық мәселе қаржыға келіп тірелетіні сөзсіз. Сондықтан көмекке мұқтаж отбасыларының балаларына қаржылай және басқа да түрлі деңгейдегі кепілдендірілген әлеуметтік көмек көрсетілгені жөн деп ойлаймын.

Гүлмира БӘШІРОВА, облыстық білім беру басқармасының балалардың құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы:

- Елімізде әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілген отбасыларын және олардың балаларын қолдауға әрдайым көңіл бөлініп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Соның дәлеліндей, Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында аз қамтылған отбасылардың балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік көмек енгізу қажеттігін қадап айтты. Сондай-ақ, ол осы көмектің қатарына оқушыларды тегін ыстық тамақпен, оқу құралдарымен, мектеп формасымен қамтамасыз ету ісін енгізу керектігін тілге тиек етті. Бұл – әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларының балалары үшін үлкен қолдау екені сөзсіз.

Ендігі кезекте арнайы бағдарлама аясында балалардың түрлі спорттық секцияларға, ағылшын тілі және өнер үйірмелеріне тегін қатысуын қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыру керек деп ойлаймын. Әр баланың жан-жақты дамуы – жарқын болашақтың кепілі болмақ.

Жеңісгүл СӘДЕТХАН, көп балалы ана, мұғалім:

- Президенттің Үкіметке аз қамтылған отбасыларының балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік көмек енгізу туралы тапсырма бергенін естіп, қуанып қалдық. Бұған дейін де тұрмысы төмен отбасыларына мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, әр балаға 21 мың теңге жәрдемақы төленуде. Алайда, бұл арнайы көмекті тағайындауда түрлі әділетсіздіктерге жол беріліп жатқаны жасырын емес. Мәселен, мен де көпбалалы анамын. Балаларымды асырау үшін күні бойы жұмыс істеймін. Атаулы әлеуметтік көмек алмаймын. Мектептегі балаларыма да ешқандай жеңілдік жоқ. Ал мен сияқты кейбір аналар үйінде жұмыс істемей отырып-ақ мемлекеттен қомақты жәрдемақы алуда. Балалары мектепте тегін тамақпен қамтылуда. Әділдік қайда?

Дәл осы жағдайды мен сияқты талай көпбалалы ана басынан кешіруде. Іште реніш бар, әрине. Сондықтан бәрі әділ болу үшін аз қамтылған және көпбалалы отбасыларының балаларының әрқайсысына кәмелет жасқа толғанға дейін кепілдендірілген мемлекеттік жәрдемақы тағайындалғаны дұрыс деп ойлаймын. Әр бала несібелі болуға құқылы. Бұл - барлық көпбалалы ананың тілегі.

 

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.

saryarka-samaly.kz