Мәселенің мәнісін түсіндіріп өтейік. ҚР Еңбек Кодексінің 99-бабына сәйкес, жүктілікке және босануға байланысты демалыс ұзақтығы 126 күнтізбелік күнді құрайды. Мұндай толық мерзім жоғарыда айтқанымыздай тек 30 аптаға толғанда ғана беріледі. Оның ішінде демалыс босануға дейін 70 күнді, босанғаннан кейін 56 күнді құрайды. Ал жүктіліктің жиырма екінші аптасынан жиырма тоғызыншы аптасына дейінгі мерзім кезінде босанған және дене салмағы бес жүз грамм немесе одан артық салмақта бала туғандарға кейін күнтізбелік елу алты күнге демалыс беріледі. Сонымен қатар, баланы ота жасау арқылы дүниеге әкелген немесе ауыр босанған әйелге тағы 14 күн қосылады. Яғни, өмірге шала туған шақалақты әкелген аналар толық төленетін декреттік төлемнің жартысынан қағылады. Оны толық алғысы келетін әйел өмірге сау бала әкелуге міндетті!

Павлодар қаласының тұрғыны Әсем Сүлейменова - осындай қиын жағдайды бастан өткізген ана. Құрсағындағы сәбиін 24-ші аптада өмірге әкелген әйел декреттік төлемнің жартысынан қағылып қоймай, бауыр еті баласының денсаулығы үшін күні-түні арпалысқан.

- Құрсағыма бала біткенде денсау-лығымда кінәрат болған емес. Уақытылы дәрігердің қабылдауына барып, қажетті тексерістен толық өтіп жүрдім. Бірақ 24-ші аптада ойламаған жерден ауруханаға түстім, 3 күннен кейін кесарь тілігі жасалды. Алла қолдап, балам тірі қалды. Салмағы 700 грамм, бойы 30 сантиметр болып шала туған сәбиім оттегімен қоректендіретін вакуумде жатты. Күні-түні дәрігерлердің қарамағында болды. Ауруханада есімді жиған соң, тіркеуде тұрған емханаға еңбекке жарамсыздық парағын ашуға бардым. Дәрігерім маған босануға дейін берілетін 70 күннің төлемі қолыма түспейтінін айтты. Мұндай жаңалықты естіп, екі есе күйзеліске ұшырадым, - дейді ана.

Шала туған баланың денсаулығында кінәрат болатыны айтпаса да түсінікті. Салмағы аз сәби вакуумде жатып, заманауи құрылғылардың көме-гімен тыныс алып, қоректенеді. Беті бері қарағанша түтікшемен тамақтанады. Сәби жасанды тамақпен қоректенгендіктен ананың омырауындағы сүт азая түседі. Мұндай нәрестелерге дәрі-дәрмек қорапшасы да бұйыра бермейді. Себебі жетілмеген сәби кемінде 3 ай дәрігердің бақылауында болады. Ал қорапша бала туғаннан кейін бір айдың ішінде берілуі тиіс.

Шала туған баланың қан құрамында темір де аз болады. Сондықтан нәрестелерге қан құйылады екен. Бұдан бөлек, аналарды уайымға салатын мәселе - баланың қос жанары. Вакуумде жатқандықтан сәби көзінің көру қабілеті күннен-күнге азаяды екен.

- Балам туғаннан кейін 3 ай бойы реанимацияда жатты. Өмірі қауіпті жағдайда болды. Күні-түні көз ілмей, баламның денсаулығын шынының ар жағынан бақылап отырдым. Өйткені кейбір уақытта оттегі беретін аппараттың суы таусылып қалуы мүмкін. Бұл жағдай баланың өліміне әкеледі. Бір күні вакуумде жатқан баламның өңі қап-қара болып кетті. Сөйтсе, дем алуы мен тамақтануы үшін қойылған құрал ауыстырылған кезде ақау пайда болған. Егер баламды бақыламасам, одан айырылып қалар едім. Мерзімінен бұрын туған сәбиімнің көзіне ота жасалды. Оған ретинопатия деген диагноз қойылды. Абырой болғанда, сол кезде облыс орталығына баланың жанарына ота жасайтын аппарат келген болатын. Бұған дейін басқа аналар мұндай операцияны Ресейге барып жасатқан. Ал Астана қаласында жасату үшін порталға тұру қажет. Кезек күтетіндер уақыттарын жоғалтады. Себебі аталмыш диагноздың 5 деңгейі болады екен. Менің балама ауру 4-ші деңгейге жеткенде ота жасалды. Баланың көзі қалыпқа келу үшін де қажетті жаттығуларды жасап, тек үлкен көлемді заттарды ғана көрсеттік. Бізге дәрі-дәрмек қорапшасы да берілмеді. Шала туған нәресте әкелген ана тартатын азаптарды айта берсе, таусылмайды. Өйткені олар жетілмеген сәбиді адам қатарына қосу жолында көз ілмейді, - дейді Ә.Сүлейменова.

Қазіргі уақытта перзентінің денсаулығы үшін күрескен қайсар ананың баласы 3 жастан асқан. Анасының айтуынша, баланың денсаулығы жақсы. Болашақта жетілмеген нәрестені өмірге әкелген аналарға декреттік төлем толық берілсе екен деген тілегі бар.

- Менің басымдағы оқиға осыдан 3 жарым жыл бұрын өткен. Жетілмеген баланы туған ананың қандай күй кешетінін жақсы білемін. Баланы құрсағында көтеріп, өмірге әкелгеннен кейін барлық анаға декреттік төлем бірдей төленсе деймін. Сау болса да, шала туса да бала өмірге келгенін ескеру керек. Сондықтан бекітілген заң қайта қаралса екен. Қазіргі уақытта шала туған сәбилердің қатары артып келеді. Шақалақ қолдауға зәру болады! Туа сала омырау ембегеннен кейін, ана сүті жоғалып кетеді. Ал жасанды тамақтың бағасы кейбір отбасылардың қалтасына салмақ салуы мүмкін. Сәбидің иммунитетін қалыпқа келтіру үшін қымбат дәрумендер мен дәрілерді алу қажет. Сау балаға берілетін көмек шала туған балаға да бұйырса екен, - дейді ана.

Бұл мәселе жөнінде жергілікті емханаларға хабарласып көрген едік. Ана мен бала өміріне жауапты гинекологтардың айтары - бір. Олар заң аясында қызмет атқаруда.

- Әйелдердің жүктілігі мен босануына байланысты еңбекке жарамсыздық парағы мерзім 30 аптаға толған кезде 126 күнге ашылады. Оның ішінде 70 күн босануға дейінгі, 56 күн босанғаннан кейінгі уақытты құрайды. Ал 30 аптаға толмай, мерзімінен бұрын босанғандарға демалыс 56 күнге беріледі. Баланы ота жасау арқылы дүниеге әкелген немесе ауыр босанған әйелдерге тағы 14 күн қосылады, - дейді Темір жол ауруханасы ЖШС әйелдерге кеңес беру бөлімшесінің жетекшісі Индира Машрапова.

Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға қарасты №1 перинаталдық орталықтың бас дәрігері, облыстық мәслихат депутаты Айман Оспанова аталмыш мәселе талай мәрте көтерілгенін айтады. Оның сөзінше, мерзімінен бұрын босанған аналардың мәселесі ауқымды жиындарда сөз болған. Кезінде жоғары жаққа өтініш те жолданған. Бірақ заң бекітілгендіктен, дәрігерлерге оны орындау - міндет.

Жалпы, жаңа босанған әйелге мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдау жөнінде білу үшін Павлодар облысы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаментінің басшысы Евгений Губаревке хабарласқан едік. Оның сөзінше, балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 маусымдағы №63 Заңының 4-бабына сәйкес бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 95 950 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 63 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 159 075 теңге ақша төленеді. Ал бала күтімі жөнін- дегі жәрдемақының мөлшері бала санына байланысты. Мәселен, бірінші балаға – 14 544 теңге, екінші балаға – 17 196 теңге, үшінші балаға – 19 822 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 22 473 теңге беріледі екен. Бұл қаражатқа жоғарыдағы декреттік төлем толық бұйырса да артық болмайтын еді...

Биылғы 8 айдың ішінде облыста 65 әйел жүктілік уақыты 30 аптаға толмай босанған. Өкінішке қарай, 19 бала шетінеген. Демек, аймағымызда 65 әйелге декреттік төлем толық төленбеді...


Түйін:

Баланың мерзімінен бұрын өмірге келуі ана құзырындағы мәселе емес. Сау немесе шала туылса да, әр сәби – еліміздің болашағы! Құрсағында сәби көтеріп жүрген аналар декреттік төлемді бесікке, киім-кешекке жұмсауды жоспарлап жүреді. Қазіргі заманда мұндай қажеттіліктің өзі қалтаға салмақ салатыны белгілі. Шама келгенше шала бала тумасын дейік пе, әлде заң талаптары қайта қарастырыла ма?

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz