Әлемдік ақпараттарға сүйенсек, Швеция елінде алдағы жылы ақшамен есептесу көрсеткіші 0,5 пайыздан аспауы керек деген талап та қойылған. Мұндай мысал Еуропаның әр елінде, Америка мен Азияда да жетерлік. Ал бізде ше?

Бізде де қолма-қол ақшасыз төлем жасауға үгіттеу ісі үдеп келеді. Әсіресе, тұтынушылардың ынтасы басым. Себебі, карточкамен немесе интернет арқылы төлем жасау өте ыңғайлы. Сондықтан, бұл әдіске ұмтылушылар қатары соңғы жылдары артып келеді. Ұлттық банктің мәліметтеріне сүйенсек, биылдың өзінде жеті айда қолма-қол ақшасыз төлемнің үлесі 23 есеге өскен. Оның ішінде тұрғындар интернет арқылы төлем жасауға басымдық беріпті.

- Қолма-қол ақшасыз төлем жасауға көшкеніме 2,5 жылдай болды. Өте ыңғайлы. Бұрын карточкадан ақшаны алып, екі жұмыс жасап жүріппін. Қазіргі таңда қандай да бір зат сатып алсаң, қажетті көлемде ақшасын келтіріп беруге, ал сатушы артығын қайтаруға тиын-тебен іздеп шаршамайды. Тиісті соманы карточкадан алып қалады. Баламның балабақшасына төлемді де карточкадан аудара саламын. Кезінде адамдар ол үшін пошта мен банкте кезекте тұрып, қаншама уақытын жоғалтатын. Тіпті, кей карточкамен төлем жасасаң, бонус түсетіні тағы бар. Сондықтан, қолма-қол ақшасыз төлем жаппай енгізілсе, тек қуанамыз, - дейді қала тұрғыны Гүлнұр Сүйіндікова.

Тұтынушылардың бірі Әсем Нұрғалиева да бүгінде ақша ұстамайтынын алға тартады. Ақшаны жоғалтып алсаң табылмайтыны белгілі, ал карточка жоғалса, бірден бұғаттап, ондағы қаржың қалтаңда қалады деген сөз, дейді ол. Тек карточка қабылдамайтын жерлердің әлі де бары қынжылтады.

Тұрғындардың бұл талабына, яғни ынтасына сай сауда нүктелерінің карточкамен немесе интернетпен төлем қабылдауға көшуі қажет екені сөзсіз. Осы ретте, облысымызда бизнесмендер сұранысқа сай тірлік жасауда. Қай сауда үйіне немесе ірі дүкенге бас сұқсаңыз, көбі бұрынғыдай карточкамен төлем жасауға ниетіңізді кері қайтармайды. Өйткені, өркениеттің бір бөлшегін сауда саласына енгізіп жатыр. Ақыны интернетпен де жөнелте салудың тиімді жолдары бар. Бірақ, жасыратыны жоқ, әлі де шағын және орта бизнестің құлықсыздығы байқалады. Дегенмен, сұраныс болса, бизнес те соған ыңғайланатыны сөзсіз.

Жуырда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында да қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін жаппай енгізіп, жетілдіруді тапсырған еді. Сарапшылар елімізде қолма-қол ақшасыз төлем жасауды жеделдету үшін алдымен халық пен бизнеске тиімді, қолжетімді, арзан ету қажет деген ой айтуда. Оған қоса қауіпсіздікті арттыру керектігі де туындап отыр. Себебі, алаяқтық оқиғалары жиілеген соң тұтынушылардың бойында күдік пайда болуда. Ондай мысал аз емес.

Жуырда ғана Павлодарда өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, белгісіз біреу 46 жастағы тұрғынның 75 мың теңгесін шотынан үптеп кетті. Соңғы кезде көпшілік «Onlinebank» қосымшасын ұялы телефонына орнатып алады. Сөйтіп, олардың нөмірі шартты есептік мекенжай болып қалатын көрінеді. Ал алаяқ арнайы қосымшаға кіріп, «құрбанының» нөмірін тереді екен. Мамандардың айтуынша, телефон нөмірінің иесіне парольді ауыстыруға коды бар SMS түседі. Көбінде азаматтар келген хабарламаны мұқият оқымай, автоматты түрде жауап қатып, сан соғып қалады.

Ал еліміздегі «Damu Capital Management» компаниясының басшысы Мұрат Қастаев бір пікірінде қолма-қол ақшасыз төлемге күшпен көшіру келмейтінін айтады. Яғни, қысым жасалса, керісінше, көлеңкелі айналым күшейіп кетуі мүмкін. Сондықтан, жүйені жетілдіруге көңіл бөлінуі тиіс. Сонда ерікті пайдаланушылар қатары өзінен-өзі артады, дейді ол. Бұл дегеніңіз, банктік комиссияларды субсидиялау, төлем инфрақұрылымдарына инвес- тиция салынуы тиіс. Мәселен, алыс ауылдарда жүзеге асуы үшін интернет желісі дамытылуы қажет.

Жалпы, қолма-қол ақшасыз төлем, сауда жасаған жерден чек талап ету бұның бәрі бюджетті толықтыруға бағытталған қадам екенін білеміз. Көлеңкелі экономикамен күрестің тиімді жолы десе болады. Осы ретте, саудамен айналысатын әрбір кәсіп иесінде бұдан былай міндетті түрде онлайн бақылау-кассалық машинасының болуы талап етіледі. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары жөніндегі басқармасының басшысы Галина Бирюкованың айтуынша, 2019 жылдан бастап онлайн бақылау-кассалық машиналарына (БКМ) көшу ісі ілгерілеуде.

Салық төлеушілер 2020 жылы толығымен онлайн БКМ-дерге көшуге дайын болуы тиіс. Бұл қатарға алдағы жылы патент негізінде арнайы салық режимін қолданатын кәсіпкерлер, сонымен қатар шаруа қожалықтары да қосылады. Айта кету керек, аталған аппараттардағы мәліметтер онлайн түрінде тиісті органға жөнелтіліп отырады. Қазіргі таңда облыстағы мемлекеттік кірістер органдарында 15 631 бақылау-кассалық машинасы тіркелген. Тағы 5812-сі қайтадан тіркеуден өткен.

Онлайн аппараттарды орнатуда Павлодар қаласының ашық нарықтарында кәсіпкерлік қызмет жүргізетін кәсіпкерлер белсенді көрінеді. Мәселен, «Универсальный», «Ярмарочный комплекс Квазар» сауда орындарындағы салық төлеушілер 175 онлайн БКМ орнатқан. Яғни, жүз пайыз қамтылған. Құзырлы орган өкілдері сол аппараттарды тіркеуге алуға күш салуда. Дұрыс пайдалана білу жағын да түсіндіріп жатқандарын айтады.

Биыл салықтық тексерулер жүргізіп, нәтижесінде 451 кемшілік анықтаған. Олардың бірі БКМ-ні қолдануда қателік жіберсе, тағы бірі тіркеуге қоюды талапқа сай жасамаған. Осы аппараттары барлардан қандай да бір сауда жасасқанда қарапайым тұтынушы міндетті түрде чек талап етсе, сонда ел қазынасына түсетін қаржы да толымды болмақ. Яғни, сіздің өзіндік үлесіңіз болады.


Бұл үлес еселене түсу үшін қолма-қол ақшасыз төлем де қанатын кеңге жаюы керек. Бұл ретте, ең бастысы, елімізде төлемнің бұл түрінің «қадірін» түсінушілер артып келеді. Әсіресе, тұтынушылар ынталы. Ал енді бизнестің де құлшынысын арттыру үшін сарапшылардың айтуынша банктік, салықтық жеңілдіктер жүйесін жетілдірген жөн болар. Оған қоса, қауіпсіздік шаралары күшейтілсе, ақшаны қолмен шытыр- латып санау келмеске кетері сөзсіз. Нәтижесінде ақшаның айналымы алақандағыдай көрініп, экономикаға пайдасын тигізері сөзсіз.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz