Редакцияның темір тұлпарын «ерттеп», Шарбақты ауданын бетке алдық. Жоғарыда аталған мәселелерді өз көзімізбен көріп, жергілікті тұрғындармен тілдесіп қайттық. Өзге ауылдардай емес, қарағайлы тоғайдың жиегінде орын тепкен Есілбайға қарасаң көз тояды. Ауылдың сырт пішіні жинақы. Бұзылған, бейберекет жатқан ғимараттар жоқ. Көшелері тап-таза. Ертеңіне сенетін есілбайлық ағайын ұйымшылдығымен ерекшеленеді. Халық саны тұрақты. Шамамен 700 тұрғыны бар. Оңтүстік өңірлерден және Қытай елінен 3 отбасы көшіп келген. Жыл соңына дейін Есілбайға тағы 2 отбасы қоныс аудармақ. Ауыл халқы жұмылып, оларға көмек көрсетуде. Тек жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан түйткілдер бар.

Басты мәселе - мәдениет үйі жоқ. Сәйкесінше мәдениет қызметкері де қарастырылмаған. Тоқсаныншы жылдардың топалаңында тоз-тозы шыққан клубты бірталай жыл бұрын ауылдың бір топ белсендісі өз күштерімен жөндеп, майлап, сайлап, музыкалық аппаратура сатып алып, іске қосқан. Алайда нысанда өрт шығып, мекеме жанып кетіпті. Апат айтып келмейтіні белгілі. Елдің еңбегі еш болды. Екінші рет мәдениет үйін жабдықтайтындай шамамыз жоқ деп отыр ауылдықтар. Сондықтан атқарушы билікке үміт артады.

Үміттеніп келе жатқанына да он жылдан асыпты. Аталған мәселені аудан, облыс деңгейінде көтеріп келе жатқандардың бірі - Есілбай ауылының тұрғыны, Шарбақты ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәслихат депутаты Қисамиден Машенов.

- Балаларымыз ұлттық, қазақи тәрбиені сіңіріп өсіп келеді. Бірақ ол тәрбие отбасымен ғана шектеліп қалуда. Ауылымызда өнерлі жастар көп. Бірақ сол өнерін дамытатын мәдениет ошағының жоқтығы жанға батады. Кеш болса болды, жастар көшеде сандалып жүреді. Өскелең ұрпақтың бос уақытын қамтитын орын жоқ. Би, сауық кештері олардың түстеріне де кірмейді. Мына қалпымызбен қалай дамимыз? Өз басым 2007 жылдан бері үш шақырылым қатарынан аудандық мәслихатының депутаттығына сайландым. Содан бері ауылда мәдениет үйі, пошта бөлімшесінің жоқтығын айтып, мәселе көтеріп келем. Нәтиже жоқ. Сол он жылдан астам уақыттың ішінде аудан билігі бірнеше мәрте ауысты. Әкімдердің барлығы құр уәде берумен келеді, - дейді халық қалаулысы.

Ауыл тұрғындары белсенді. Күн жылынып, жаз шыға барлық мәдени шараларды далада өткізуге тырысады.

- Дәстүрімізді дәріптеп, балаларымызды өнерге баулуға жағдайдың жоқтығы кез келген ауыл тұрғынының жанына батады. Жаңа мәдениет ошағы салынса, тұрғындар рухани тұрғыдан дамып, түрлі бағыттағы үйірмелер ашылып, талабы зор жеткіншектерді тәрбиелеуге үлкен үлес қосылар еді, - дейді Қ.Машенов.

Жергілікті депутат медицина бөлімшесінің апаттық жағдайда тұрғанын да айтты. Ауа райы сәл бұзылса, ғимараттың шұрық-тесік шатырынан жаңбыр тамшылап, қабырғасынан, еденінен сыз өтеді екен. Терезелері де әбден ескірген. Қыстың аязды күндері мұнда ем қабылдамақ түгілі, біраз уақыт жай отырудың өзі мұң, дейді ауылдықтар. Пеші де бықсып, дұрыс жанбайтын көрінеді. Ауыл азаматтары оны бірнеше мәрте жөндеп көрген. Ғимарат ескі болған соң суық тартып кете беретін көрінеді.

Тұрғындардың көпшілігі газетке жазылуды тоқтатқан. Себебі, пошта бөлімшесі жоқ. Газет-журналдар кешігіп келеді, дейді жергілікті жұртшылық. Онымен қоса, ешкім оны үйді-үйге таратпайды. Қажет болса пошташының үйінен алып кетесің. Зейнетақы да солай. Қариялар пошта қызметкерінің үйінің есігінен сығалап, кезек күтіп тұрады екен.

Бұл мәселелерді Есілбай ауылының тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Бақытжамал Байзақова да растап берді.

- Мен 11 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірдім. Қазір қолымда немерелерім бар. Солардың тәрбиесіне алаңдаймын. Мәдениет үйі керек-ақ. Ауыл болған соң той-томалақ, өлім-жітім болмай тұрмайды. Халықты жинайтын орын таппай қиналамыз. Үйге сыймайды. Осындайда мәдениет үйі болса ғой деп армандаймыз. Медициналық бөлімшенің сиқы анау. Қан қысымым жоғары. Дәрігердің қызметіне жиі жүгінемін. Бірақ қыс түсе медициналық бөлімшеде отыру мүмкін емес. Қанша отын жақсаң да іші азынап тұрады. Себебі, әбден ескірген. Пошта бөлімшесін де сұрап келеміз. Газет-журнал жазып алуды ұмытқалы қашан. Тіпті ақсақалдар, ақ жаулықты әжелеріміз зейнетақы алу үшін пошта қызметкерінің үйіне барып, босағасының алдында аяқтарынан тік тұрып, кезек күтеді, - деп налыды көпбалалы ана.

Ауылдың қалған мәселелерін тұрғындар өз күштерімен шешуде. Тарихы бай ауылда Ұлы Отан соғысының батырларына арналған ескерткіш болмаған. Оны тұрғындар өз қаражатына тұрғызыпты. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған және Тәуелсіздікке арналған ескерткішті Қ.Машенов өз қалтасынан қаржы шығарып, салып берген. Депутат тұрғындардың қолдауымен балаларға арналған ойын алаңын жабдықтапты.

- Салуын салдық қой. Бірақ осы ескерткіштер де, балалардың ойын алаңы да қанша жылдан бері әкімдіктің балансына алынбады. Оны қалпында сақтап тұру, бұзылған жерлерін жөндеу, жыл сайын сырлап, бояу тағы өзіміздің мойнымызға артылды. Шынтуайтына келгенде, елімізді дамыту ауылды көркейтіп, еңсесін көтеруден басталуы керек қой, - дейді Қ.Машенов.

Есілбай ауылы тұрғындарының базынасын тыңдап, мәселелерімен танысқаннан кейін аудан басшы-лығымен тілдестік. Жоғарыда аталған мәселелерге қатысты мән-жайды анықтадық. Бұл ретте, Шарбақты ауданының әкімі Әуезхан Әбеуов жағымды жаңалықпен бөлісті.

- Есілбай ауылындағы жағдай жақсы таныс. Бұл мәселелер маған дейін де көтерілген. Оны оң шешудің сәті енді ғана түсіп отыр. Аталған ауылда жаңадан мәдениет үйін салуға қатысты жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптаудан өткізілді. Жобаға сәйкес жаңа нысанда мәдениет үйінен бөлек медицина және пошта бөлімшесін де орналастыруды жоспарлап отырмыз. Жобаның жалпы құны – 154 миллион теңге. Ең бастысы, бұл жобамызды облыс әкімі қолдады. Неге десеңіздер, талап бойынша тұрғындарының саны бір мыңға жетпейтін елді мекендерде жаңадан мәдениет үйі салынбауы тиіс. Бірақ, аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы Есілбай ауылының қазақилығын, ұйымшылдығын ескеріп, мәдениет үйін салуға рұқсат берді. Енді облыстық мәслихаттың тиісті көлемде қаражат бөлу туралы шешімін күтеміз. Барлығы жоспарға сай болса, келесі жылдың көктемінде Есілбайда жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталады, - деді аудан әкімі.

Шынымен, қуанышты хабар. Мәселенің оң шешілуін біз де асыға күтетін боламыз. Тек бұл бастама жыл сайынғы уәделердің бірі болып қалып қоймаса игі.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

Есілбай ауылы, Шарбақты ауданы.

saryarka-samaly.kz