- Өңіріміз алдағы жылыту маусымына қаншалықты дайын?

- 2019-2020 жылдар аралығындағы жылыту маусымына әзірлік ерте бастан жүргізілді. Нәтиже де жоқ емес. Облыстағы жылу-электр станцияларындағы дайындық та жоғары. Олар 15 қыркүйектен бастап жылу беруге әзір. Барлық жұмыс белгіленген кестеге сай атқарылуда. Облыс бойынша жылу желілері жөнделіп, тозғандары жаңасына ауыстырылды.

Қазіргі уақытта инженерлік желілердің 80 пайызы жаңа маусымға дайын. Аймағымыздағы 575 білім беру, 333 денсаулық сақтау, 285 мәденит және спорт нысаны жылыту маусымына толықтай дайын. Барлық нысандардың жылыту жүйелері тексерістен өткізілді.

- Облыста қатты отынға қажеттілік қандай? Оны жеткізу жоспары уақытылы орындалып жатыр ма?

- Облыс халқы үшін 2019-2020 жылыту маусымында қатты отынға қажеттілік шамамен 428 мың тоннаны құрайды. Ал аймақтағы білім беру, денсаулық, мәдениет және спорт нысандарын жылыту үшін 135,8 мың тонна қатты отын, оның ішінде тас көмірдің 73,4 мың тоннасы, қоңыр көмірдің 64,4 мың тоннасы қажет. Әлеуметтік саладағы нысандарды көмірмен қамту үшін мемлекеттік қазынадан 1100,0 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінді.

Бүгінгі таңда көмір сатып алу бойынша барлық тендерлік іс-шаралар өткізіліп, көмір тасы-малдаушыларымен келісімшарт жасалды. Облыстың барлық әлеу-меттік нысандарына аталмыш отынның нормативтік қоры жеткізілді.

- Тұрғын үйлердің қаншасы жылу қабылдауға әзір?

- Облыс бойынша көпқабатты 2417 үй болса, бүгінде оның 1700-і жылыту маусымына әзірлік құжатын алды. Ал қалған үйлердің ішкі инженерлік желілерінде жоспарлы жұмыс жалғасуда. Тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық нысандарын алдағы жылу беру маусымына дайындау аясында арнайы жұмыс жоспары бекітілген болатын. Соған сәйкес барлық нысандардың дайындығын аяқтау, оның ішінде, автономды қазандық және инженерлік желілер, сонымен қатар, барлық автономдық жылыту көздерін отынның нормативтік қорымен қамтамасыз ету жоспарланған. Ағымдағы жылдың 29 шілдесінен бастап энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары ауыл-ауылдарды аралап, мекемелердің дайындығын пысықтауда. Белгіленген кестеге сәйкес олардың дайындығы жөнінде мониторинг жасалуда.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Мереке АМАНТАЙ.

saryarka-samaly.kz