Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Аманбек Ұнатұлының айтуынша, биыл Павлодар қаласында «Еңбек» бағдарламасы бойынша берілетін несиеге 376 млн. 700 мың теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде 28 адам несиеге қол жеткізіп, өз кәсіптерін ашқан.

- Бағдарлама аясында кәсібін ашып, кеңейткендер де бар. Солардың бірі - «Береке» ЖШС директоры Қуаныш Сағантаев. Жолаушылар үшін қызмет көрсету желісін арзан әрі сапалы еткен кәсіпкердің бұл жобасы өзгелердікінен ерекшеленіп, бірден мемлекет тарапынан қолдау тапты. Нәтижесінде бағдарлама аясында кәсіпкер 2018 жылы 12,5 миллион теңге көлемінде несие алды. Алған қаржыға өткен жылы наурыз айында 1000 шаршы метрді құрайтын ғимараттың 1-ші қабатынан «Береке» жедел асханасын ашып, 12 павлодарлықты жұмыспен қамтыды. Ал биыл аталмыш ғимараттың екінші қабатына жолау-шылар үшін хостел ашты. 2019 жылы кәсіпкер сұлулық салонын ашуды да көздеп отыр, - дейді А.Ұнатұлы.

А.Ұнатұлының айтуынша, хостел тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Бір мезгілде хостелге 35 адам жайғаса алады. Бір түнеп шығу 1500 теңге тұрады. Мұнда бірнеше кісіге арналған эконом-класты бөлмелер бар.

 

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz