Диктант латын әліпбиінде жазылды. Оған павлодарлықтар да жоғары деңгейде белсенділік танытып, облыс бойынша 30 мыңдай адам қатысты. Облыстық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Гүлнәр Типанованың сөзінше, ашық диктант облыстың барлық қала- аудандары мен ауылдарындағы білім мекемелерінде, кітапханаларда және мұражайларда өткен. Тақырыбы – «2019 jyl – Jastar jyly» деп аталады.

- Диктант жазуға елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, білім және мәдениет саласын қамтыған мемлекеттік қызметшілер, этномәдени бірлестік өкілдері, студенттер және оқушылар қатысты. Негізі, қатысушылар үшін ешқандай шектеу қойылған жоқ. Сондықтан, ниет білдірген өзге санаттағы азаматтар да келді, - дейді Г.Типанова.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тілдерді дамыту және латын графикасына көшіру бөлімінің басшысы Ержан Төкеновтің сөзінше, диктант мәтінін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, докторлар мен профессорлар оқыған. Ал облыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесіне жиналғандар үшін диктант мәтінін Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұргүл Айғалиева оқыды. Жалпы мәтіннің авторы - ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің жетекші-сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Камал Әлпейісова.

Жалпықазақстандық диктанттың қорытындысы бойынша облыс көлемінде қатысқан 30 мыңға жуық адамның 10 мыңы «өте жақсы» деген баға алды. Сонымен қатар, 15 мыңға жуығы «жақсы» деген үлгерімді танытса, қалғаны орташа деңгейді көрсетті.

Айта кету керек, латын әліпбиімен мемлекеттік тілде жалпықазақстандық ашық диктант жазу – Қазақстан халқы Ассамблеясының төл жобасы 2017 жылы басталған. Содан бері бірнеше рет ұйымдастырылды. Осы жолы бұл шараға Қазақстан бойынша 200 мыңға жуық адам қатысты.


Әлия ӘБІШЕВА, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Латын графикасының жалпы қазақстандықтарға қолайлы соңғы нұсқасының бекітіліп, халыққа таратылғанына да әжептәуір уақыт болды. Мұндай диктантқа алғаш рет қатысқандықтан қиындықтар кездесті. Әсіресе, қазақтың төл таңбаларын жазу кезінде әріптерді шатастырып алып жаттық. Дегенмен, жаңа әліпбиді меңгеру аса қиынға соқпайтыны аңғарылды. Егер латын графикасына көшуді жеделдету керек болса, осы бағыттағы шараларды көптеп өткізу қажет. Тіл мамандары әр мекемеге барып, латынша оқу және жазу бойынша семинарлар ұйымдастырса құп болар еді.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz