Абайтанушы Даниял Әсеновтің қара сөздің зергері болған ғұлама Абай Құнанбаевты бүгінгі жас ұрпаққа кеңінен танытып, оның шығармаларын дәріптеп жүргеніне 25 жылдан асқан. Жаңа оқу жылы басталған Павлодар қаласындағы 30 мектепке арнайы барып, «Абайтану» сабағын өткізді. Ендігісін 2015 жылы сахналанған «Желсіз түнде жарық ай» моноспектаклін кішкентай көрермендеріне қайта ұсынуды жөн көрген.

- Бұл Абай атамыздың 170 жылдығына орай сахналанған болатын. Мұнда 1 сағат 15 минутқа созылатын қойылымда ақынның қара сөздерінен бастап, өлеңдері мен әндері кең көлемде көрініс табады. Абай атамыздың шығармаларын кітаптан оқығаннан гөрі осындай шарада әсерлі болатыны анық. Театрға келген балалардың ұйып тыңдап отырғанын, әндерін бірге айтып отырғанын көргенде қуандым, - дейді абайтанушы.

Игі бастамасын облыс әкімінің орынбасары Асхат Ораловқа таныстырып, жеке қабылдауында болған Даниял Сабырұлы ерекше қолдау тапқанын тілге тиек етті. Ал «Желсіз түнде жарық ай» моноспектаклінің қоюшы режиссері - Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының бас режиссері Әділет Ақанов.

Шаһардың барлық мектептеріне барып, «Абайтану» сабағын өткізген Д.Әсенов кеше Тереңкөл және Железин аудандарына жол тартты. Осылайша ол облыстағы 10 аудан мен 2 қалада болып, оқушыларды Абай әлеміне жетелемек.

 

Қ.МҮСӘЙІП.

saryarka-samaly.kz