- Есентай Базарбайұлы, жылдағы дәстүр бойынша дәнді дақылдарды қыркүйек айының соңына дейін жинап алуды жоспарлап отырсыздар. Шаруалардың қарқыны қалай?

- Диқандардың қарқыны жақсы. Онымен қоса, қазір күн райы қолайлы болып тұр. Сондықтан диқандар бар күшін жұмылдыруда. Кешкі уақытта да ауадағы ылғал деңгейі төмен. Сондықтан диқандар түнге дейін талмай еңбек етуде. Әзірге облыс бойынша дәнді дақылдар шамамен 496 мың гектардан астам алқапта жиналды. Бұл - жалпы жоспарланған көлемнің 63 пайызы. Дәнді дақылдардың шығымдылығы гектарынан 9,3 цент- нерді құрап отыр. Нәтижесінде, қазір қамбалар 462 мың тоннаға жуық астықпен толықты.

- Биыл астықтың шығымдылығы былтырға қарағанда сәл төмендеу. Көрсеткіш осы деңгейде сақталатын болса, жоспар орындала ма?

- Иә, былтыр астықтың шығымдылығы гектарына 10 центнерден астам болды. Биыл 10 центнерден жинауды жоспарлағанбыз. Әзірге 9,3 центнерді қанағат тұтып отырмыз. Оған да шүкір ету қажет. Себебі, жаз айларында жауын-шашын мөлшері аз болғанын білесіздер. Дегенмен, күзгі жиын-терім науқаны әлі аяқталған жоқ. Науқанның соңына дейін жоспарлы 10 центнерлік көрсеткішке шығамыз деп ойлаймын. Себебі әр ауданда көрсеткіш әр деңгейде сақталуда.

- Маңызды науқанда «қамшы салдырмай» келе жатқан аудандар қайсы?

- Әзірге Успен, Тереңкөл, Павлодар аудандары көш бастап тұр. Мұнда жалпы егістік алқабының 70 пайызында егінді жинап үлгерген. Бірақ бұл басқа аудандардың қарқыны төмен дегенді білдірмейді. Әр аудандағы егістік көлемі әртүрлі. Мысалы, Успен ауданы мен Ертіс ауданын салыстыруға келмейді. Ертіс негізгі астықты өлке болып табылады. Егістік алқаптарының көлемі әлдеқайда үлкен. Олар дәнді дақылдарының 57 пайызын жинаған. Сондықтан облыс бойынша әр аудан барын салуда.

- Картоп, көкөністің шығым-дылығы қандай деңгейде?

- Картоп, көкөніс алқаптары қолдан суарылатыны белгілі. Сондықтан оның шығымдылығы көбіне жауын-шашынға байланысты болмайды. Нақты айтсақ, қазір 9 800 гектар алқапта картоп жиналды. Ол жалпы көлемнің 55 пайызын құрайды. Шығымдылығы - гектарынан 276 центнер шамасында. Шаруалар бүгінгі күнге дейін 269 мың тонна шамасында картоп жинады.

Ал көкөністерге келетін болсақ, шамамен 3500 гектардан 106 мың тоннаға жуық өнім алдық. Гектарынан 303 центнер. Бақша дақылдарының да жартысынан көбі жиналып үлгерді.

- Күзгі науқанның тағы бір маңызды бағыты - мал азығын дайындау. Осыған қатысты көрсеткіштерге тоқталсаңыз...

- Аймақ шаруалары мал азығын дайындау жұмыстарын қазірдің өзінде жоспарлы көлемінен асыра орындады. Облысымыз бойынша 1 млн. 151 мың тонна шөп жиналды. Яғни, жалпы жоспарланған көлемнің 126 пайызы. Көрсеткіш әлі де ұлғая түседі. Шалғылар шабындықтан кеткен жоқ. Аймақ басшысы Болат Бақауов мал азығы бойынша 1,5 жылдық қор дайындауды тапсырған болатын. Бұл меже толығымен бағындырылады. Бұдан бөлек, 60 мың тоннадан астам пішендеме, 95 мың тонна сүрлем жиналды.

- Ұсынған мәліметтеріңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан – Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz