Бұл мәселелер Инвесторлар үйінде «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі қоғамдық қабылдау блогының көшпелі отырысында айтылды.

Аталмыш шараға Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу бойынша Алқа мүшесі (Министр) Хатшылық меңгерушісі Ілияс Ыбыраев, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арыстан Қабыкенов, ЕЭК Бәсекелестік және мемлекеттік сатып алу саласындағы саясат департаментінің директоры Әлия Жұмабаева қатысты.

Аталмыш жиында Ілияс Ыбыраев іскерлік қоғамдастықпен қарым-қатынасты күшейту аталмыш комиссия жұмысының маңызды міндеттерінің бірі екенін айтты. Оның сөзіне сүйенсек, қоғамдық қабылдаудың форматы кәсіпкерлерге ЕЭК сарапшыларымен тікелей диалог құрып, мәселелер туралы айтуға мүмкіндік береді.

- Бизнес мәселелерін, оның ішінде ЕАЭО нарығында туындайтын түйткілдерді шешуде мұндай кездесулердің маңызы зор. Қазіргі уақытта тауар сатылымында, қызмет көрсетуде кездесетін кедергі жоқ деп айта алмаймыз. Дегенмен, мұндай мәселелердің туындамауы үшін біртіндеп жүйелі жұмыс істеуге көшіп келеміз. Соңғы жылдары 40-тан астам мәселенің мән-жайын анықтап, шешімін таптық. Еліміздің бес өңірінде болып, кездесетін проблемалардың бір тектес екенін аңғардық, - дейді Ілияс Ыбыраев.

Кездесу барысында өңірлік кәсіпкерлер ЕЭК өкілдеріне мәселелерін тікелей жолдауға, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында кәсібін жүргізуге, оны жүзеге асыру кезінде туындайтын қиындықтар туралы айтуға мүмкіндік алды. Мәселен, кәсіпкерлердің құқығын қорғау қоғамының төрағасы Юрий Страхов шекарада туындаған мәселелерді айтты.

- Соңғы кездері шекарадан өткен кезде көліктердің ұзақ уақыт бойы кезекте тұратынын байқаймыз. Олардың көбі көкөніс пен жеміс тасымалдаушылар екені анық. Біздің еліміздегі шекарада мұндай мәселе туындамайды. Бірақ, Ресей Федерациясы тарапынан көптеген қиындықтар бар. Ал бұл өз кезегінде тасымалдап бара жатқан өнімнің бұзылуына әкеледі, - деді Юрий Страхов.

Мұндай мәселелерді «Smak-Pv» ЖШС өкілі Евгения Михайлова да көтерді.

- Біздің компания Ресейге балмұздақ сатумен айналысады. Жақында біздің өнімдерді тасымалдайтын көліктер Қазақстан шекарасында отыз сағат, Ресей шекарасында 3 сағаттан астам уақыт кезекте тұрып қалды. Бұл жағдай соңғы бірнеше жылдан бері қайталанып келеді. Мұндай кедергілерге не себепті тап болатынымызды ешкім ашып, анық айтпайды. Өздеріңізге белгілі, балмұздақты сақтау белгілі бір температураны қажет етеді. Жүк көліктерінде оны сақтайтын тоңазытқыш жанармай арқылы жұмыс істейді. Осының салдарынан шығынға ұшыраудамыз. Бұл мәселені қалай шешуге болады? - деп қынжылды Е.Михайлова.

Бұл ретте Әлия Жұмабаева жергілікті кәсіпкерлер көтерген мәселелер мен ұсыныстар бақылауға алынатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұған екі ел арасындағы шекараның толық жабдықталмағаны, фитосанитарлық процедуралардың көптігі және басқа да себептер әсер етуі мүмкін.

 

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz