Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, өңірдегі көмір өндіретін кәсіпорындарда қара отынның бағасы тоннасына 2 мыңнан 7 мың теңгеге дейін жетіп тұр. Яғни, өндірушінің бағасы бірқалыпты. Көмір кеніштері биыл күзде қара алтынның бағасы қымбаттамайды деп уәде берді.

Алдағы жылыту маусымында аймақ тұрғындарының көмір бойынша қажеттілігі 430 тоннаны құрайды делініп отыр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, тұрғындардың қора-қоймасында қазірдің өзінде 58 мың тонна көмір сақтаулы. Бұл көрсеткіш жалпы қажет-тіліктің 13,4%-ын құрайды.

Бөлшек саудада көмірдің тоннасы 6800 теңгеден басталып, 16 500 теңгеге дейін жетіп тұр. Бұл – жеткізу үстемесін қоса алғандағы баға. Жауапты басқарманың коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Амангелді Рүстемовтің айтуынша, былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда облыста жеке азаматтардың отын сатып алу белсенділігі төмен. Өткен жылы халық отынды тамыз айынан қамдай бастаған көрінеді. Бұл – көмір кеніштері мен қоймаларды ұзын-сонар кезекті тудырмаудың басты шарты. Сондықтан тұрғындар көмірді биыл да ертерек сатып алып, қамданғандары дұрыс.

Қазіргі таңда тас көмірдің тоннасы 4800-12000 теңгені құрайды, ал қоңыр көмірді 10500-16500 теңге аралығында сатып алуға болады. Айта кету керек, тұрғындардың көбі «Майкубен Вест», «Богатырь Көмір» және «Қаражыра ЛТД» ЖШС-терінің көмірін алады. Ал отынды жеткізумен жеке нарықта үш жүзге жуық жеке кәсіпкер айналысады. Облыстың қалалары мен аудандарында тұрғындарға отынды ресми сауда орындарынан сатып алуға болады. Мәселен, облыс орталығында «Элит.kz» базасы немесе «А-Вест Павлодар» ЖШС-тері тұрақты жұмыс істеп тұр.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz