Тұтқаны көтерген кәсіпорынның бас инженері Сергей Ахонько терең күрсінді де, қала әкімдіктің баспасөз қызметіне ренішінің қара қазандай екенін айтудан бастады.

- «Проммашкомплект» ЖШС негізгі екі өндіріс түрінен тұрады. Біріншісінде теміржолға арналған бағыттама өнімдері шығарылса, екіншісінде теміржол дөңгелектері өндіріледі. Мұны кәсіпорнымызға арнайы келген қала әкіміне анықтап айтқан едім. Алғашқы өндіріс тапсырыстың жоқтығынан тоқтады, ал дөңгелек өндірілетін зауытымызда жұмыс жалғасып жатыр, тоқтаған жоқ, - дейді Сергей Николаевич.

Айта кетейік, теміржол бағыт-тамалық керек-жарақтарын өндіретін зауыт 2012 жылы іске қосылған. Ал теміржол дөңгелектерін шығаратын өндіріс былтыр ғана ашылды.

- Жалпы, «Проммашкомплект» кәсіпорнында 80 адам еңбек етеді. Бағыттамалық өнімдер шығаратын зауыт басты тапсырыс беруші «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамынан биылғы жылға өтінім түспеді. Салдарынан жұмыс жоқ болғандықтан 130 қызметкеріміз мәжбүрлі демалысқа жіберілді, - дейді кәсіпорын өкілі.

Айтуынша, 2012 жылы іске қосылған зауытта соңғы үш жылда «ҚТЖ» АҚ-мен арада жүйелі түрде мәселе туындап келе жатқан көрінеді.

- Бізге тиісті көлемде өтінім түспей тұр. Бағыттамалық құралдар өндіретін зауыт әу баста жобаланған әрі есептелген өндірістік қуатының елу пайызы көлемінде ғана жұмыс істеп келеді. Яғни, жартысы бос тұр. Өйткені, тапсырыс толықтай берілмейді. Осыдан бір ай бұрын «Қазақстан теміржолы» АҚ-на былтырғы тапсырысты толық орындап, қолдарына өткіздік. Табыстаған соң олар бізге биылғы жылдың өтінімін растайтындарын уәде еткен еді. Бірақ, орындалмады. Өтінім жоқ, сәйкесінше, алдын ала төленген қаржы жоқ. Біз қолда бар шикізатты өндіріске толық жаратып тастадық, - дейді С.Ахонько.

Кәсіпорын басшылығы мәселені шешу үшін өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ басшылығымен келіссөздер жүргізген. Оның нәтижесі ағымдағы аптада белгілі болатын көрінеді. Жағдайды, нақтысы, кәсіпорынның ахуалы мен жұмысшылардың әлеуметтік кепілдемесін қала әкімдігі де назарда ұстайтындарын айтып отыр. Бұл жөнінде әкімдіктің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жазылған.

Ал енді «Проммашкомплект» ЖШС-нің теміржол дөңгелектерін шығаратын өндірісіне келетін болсақ, мұнда жұмыс қызу.

- Зауыт тәулік бойы жұмыс істейді. Қазіргі таңда тәулігіне 300-400 дана теміржол дөңгелегі шығарылады. Алдағы уақытта тәулігіне алты жүзге жуық дөңгелек шығару көзделген. Жыл соңына қарай дөңгелек шығаратын зауытымыз өндірістік қуатына жетеді деп межелеп отырмыз, - дейді кәсіпорын өкілі.

Айта кету керек, бүгінде теміржол дөңгелектері ішкі нарыққа, сондай-ақ, ТМД елдеріне жөнелтіледі. Нақтырақ айтсақ, негізгі тұтынушылары өз елімізбен қатар Ресей, Белорусия және тағы басқасы бар. Кәсіпорын дөңгелектерге өзге елдер де қызығушылық танытып жатса, басқа құрлықтың талаптарына сай етіп те өндіруге қауқарлы екендіктерін алға тартады.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz