Жәрмеңке ауылшаруашылық өнімдеріне деген маусымдық инфляцияның өсуіне жол бермейтін тиімді тәсілдің біріне айналғалы қашан. Баға саясатындағы айырмашылық ондағы қойылатын өнім-дердің делдалсыз әкелінуіне және сауда алаңдары үшін жалақы сұралмайтындығымен байланысты. Мұндай жеңілдік екінші жағынан өңір кәсіпкерлері мен шаруаларға өз өнімін тікелей сатуына мүмкіндік береді. Дәстүрлі жәрмеңкеде Павлодар облысының атын шығарған ет-сүт, ұн, көкөніс және бақша өнімдері молынан ұсынылды. Елордалықтар біздің шаруалардың азық-түлік өнімдері жергілікті супермаркеттерге қарағанда әлдеқайда арзан екенін тілге тиек етті. Көпшілігі өздеріне жақсы таныс азық-түлік түрлері мен павлодарлық брендтерді іздеп келген. Әсіресе «Рубиком», «КЭММИ», «Крендель» секілді компаниялардың өнімдеріне кезек ерекше байқалды.

- Біз отбасымызбен «Рубиком» шұжықтарын айрықша ұнатамыз. Жәрмеңкеде шұжықтар жергілікті дүкендерге қарағанда 300-400 теңгеге арзанға сатылып жатыр. Қызым екеуіміз көтергенімізше шұжықтар мен шұжықшалар (сосиска) сатып алдық, - деп ризалығын танытты зейнеткер Ольга Потёмкина.

Ал елордалық тұрғын Елдос Сәрсенбиев Германиядан күтіп отырған меймандары үшін мұнда келіп ет сатып алғанын жеткізді. Айтуынша, қаланың дәл ортасында мұндай сауда мерекесін өткізу жұртшылық үшін өте қолайлы. Ал бастысы сатылып жатқан тауарлардың барлығы табиғи және сапалы.

Осылайша бас қаланың жұртшылығын қарық қылған жәрмеңке Павлодар өңірінің берекесін паш етті. Қыс келе жатқанда ондағы тұрғындарға азық-түлік қорын қампайтып алуға мүмкіндік берді. Біздің шаруа- лар мен қайта өңдеушілердің Нұр-Сұлтандағы кезекті жәрмеңкесі 12-13 қазан күндері өткізіледі деп күтілуде.

 

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz