«Ертіс» жасөспірімдер командасы былтырғы жылы Шымкент қаласында өткен ел біріншілігіне қатысып, алтыннан алқа таққан еді. Тәжірибелі бапкер Владимир Конеевтен тәлім алатын шәкірттер биыл да Таразда өткен додада табысты өнер көрсетіп, чемпиондық кубогты Павлодарға алып келді.

- Биылғы чемпиондыққа талас жылда-ғыдан әлдеқайда тартысты болды. Топтағы алғашқы ойынды Нұр-Сұлтан қаласының командасына қарсы өткізіп, 1:1 есебімен тең түстік. Екінші кездесуде алаң қожайындары - тараздық командамен жүздесіп, 2:0 есебімен жеңіске жеттік. Бұдан соң Қарағанды спортшыларымен шеберлік байқасып, басымдық таныттық. Ақтық сында талдықорғандық аяқдопшылардан айламызды асырып кеттік. Бұл командамен былтырғы жылы да финалда кездесіп, 1:0 есебімен жеңіске жеткен едік. Мен дайындайтын топта барлығы 30 спортшы жаттығуға қатысады. Олардың арасында дарынды балалар бар. Алдағы уақытта республикалық, халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын жарыстарға қатыссақ деймін. Шәкірттерімнің барлығы бір ойында өнер көрсете алмайтындықтан, жасыл алаңға шықпай жүрген спортшылардың өнерін тамашалағым келеді, - дейді команданың бас бапкері Владимир Конеев.

Команданың алдында 3 дүркін ел чемпионы болу міндеті тұр. Бүгінде олар облыс орталығындағы «Жұлдыз» стадионында жаттығуын пысықтауда. Естеріңізде болса, биылғы жылы «Жұлдыз» стадионы 132 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткен еді. Стадионның футбол алаңы, жүгіру жолағы және жарықтандыру жүйелері толықтай қайта жасақталды. Бүгінде олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері, мектеп оқушылары аталған стадионда доп тебе алады.

2007 жылы туған балалардан құралған «Ертіс» хоккей командасы да жарап тұр. Олар ел чемпионатының биылғы маусымында әзірге көш басында. Екібастұз қаласында өткен ҚР чемпионатының 1-турында олар қарсылас шыдатқан жоқ. Алда әлі 3 тур бар. Команда бапкері Дархан Ақбергеновтың айтуынша, спортшылардың толыққанды жаттығуына мұз айдынының жетіспеушілігі кедергі келтіреді. Бұған себеп – «Астана» мұз айдынында жаттығу жасауға ниетті командалар саны көп. Апта бойы алаң босамайды. Бұл алаңдағы мұздың сапасының төмендеуіне де әсер ететіні сөзсіз. Балалармен қоса бұл орында «Ертіс» хоккей командасы да жаттығу жұмыстарын өткізеді. Соған қарамастан жастар арасында спорттың бұл түрімен айналысуға ниетті жандардың саны көп.

- Мен 6 жылдан бері хоккеймен айналысамын. Жуырда Екібастұзда басталған ел чемпионатының 1-турына қатыстым. Осы спорттың шыңына шығып, ірі додаларда аймақ намысын қорғағым келеді. Болашақта балаларға тәлім беретін бапкерлік қызметті таңдар едім, - дейді команда ойыншысы Никита Грохоров.

Бүгінде «Астана» мұз сарайында 400-ден астам бала қысқы спорт түрлерімен айналысады. Олар шайбалы хоккей, фристайл, мәнерлеп сырғанау, биатлон, шаңғы, коньки жарысы бойынша жаттығады. Спорттың әр түрінен жас ерекшеліктеріне байланысты бірнеше топтар бар. Мысалы шайбалы хоккеймен 5 жастан 18 жасқа дейінгі (19 топ) 120-ға жуық бала айналысады. «Ертіс» хоккей клубының жаттығулары мен кездесулерінің уақытына байланысты балалар әр түрлі уақытта дайындалады. Бұл оқу мен спортты қатар алып жүрген жас спортшылар үшін қолайсыз екендігі белгілі. Павлодар облыстық туризм және спортты дамыту басқармасының басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев жуырда «Спорт-Сити» жобасындағы мұз айдыны қолданысқа берілсе, мұз айдынының мәселесі шешіледі дейді.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz