Осыдан бірнеше күн бұрын Сәкен Майғазиев өзінің Instagram әлеуметтік парақшасында Баянауыл баурайында түсірілген видеолары мен фотосуреттерін жүктеп, оқырмандарының қызығушылығын оятқан еді. Әншілер өздері бұл өлкеге қандай мақсатпен келгенін ашып айтпағанымен, олардың бұл сапарын облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов мәлім етті.

- Біздің аймақта қарасаң көз тоятын көрікті орындар жетерлік. Ал олардың тарихи маңызы тіптен бөлек әңгіме. Міне, осындай қадыр-қасиеті артқан Павлодар өңіріне қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары «МузАрт» тобы келіп, бейнебаян түсіруде. Бірнеше күнге созылған шығармашылық жұмыстың алғашқы күнінде әншілер Баянауыл ауданында болып, ондағы Торайғыр, Жасыбай, Сабындыкөл, Кемпіртас аймақтарында түсірілім жасаса, екінші күні Шарбақты ауданындағы Маралды көлі мен Шалдайда жұмыстарын жалғастырды. Бұдан бөлек, Ертіс өзені арқылы салынған жаңа көпір де осы клипте көрініс табады. Осы ретте еліміздің ең танымал әншілерінің ішінде біздің өңірде бірінші болып клип түсіріп отырған «МузАрт» үштігі екенін атап өткен жөн, - деді А.Оралов.

Белгілі болғандай «МузАрт» тобы «Ертіс-Баян» деген жаңа әніне бейнеклип түсірумен айналысуда. Күні кеше өз жұмысын аяқтаған шығармашылық топтың бұл еңбегін 1 айдың ішінде күллі қазақ елі отандық музыкалық телеарналардан тамашалайтын болады.

 

Қ.ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz