Заманында өзінің мінезімен, даралығымен танылған қайраткер Иманқұл Жүсіпұлының (1875-1924) мазары Өтес ауылының бауырында, қалың зират ішінде орналасқан. Осындай ердің өмірде болғанын осы күнге дейін білгендер аз-кем. Ескі естеліктер мен көнекөз қариялардың қалдырған әңгіме-лерінен бүгінге жетіп отыр. Респуб-ликаға белгілі қоғам қайраткері Қуат Есімханов бастаған ел ағалары осы жылдың көктемінде ауылға арнайы келіп, ел аузында ірілігі айтылатын Бәтістің Иманқұлының құрметіне ескерткіш тас көтеру туралы бастама айтқан. Жергілікті ауыл ақсақалы Тілен Көшкенбаевтың көмегімен зираты анықталды, ендігі жерде күре жолдың бойында «ауыл зиратында осындай атпал азамат жерленген» деген ескерткіш белгі қойылатын болып шешілді. Тарихи тұлғаның өмірі туралы мұрағаттардан дерек іздеу, оны газетке жариялау мәселесімен ақын Бейбіт Бөжен айналысты. Тас қою бастамасы қыркүйек айында аудан басшылығының қолдауымен жүзеге асты. Алашорда үкіметінің Павлодар уездік атқару комитетінің алқа мүшесі, бас қазынашысы, аймағымыздың тұңғыш агрономы болған қайраткер Бәтістің Иманқұлына орнатылған тастың биіктігі 3 метрді құрайды.

Сырты қоршалып, көріктен-дірілген, алыстан менмұндалап көрінетін белгінің шымылдығын белгілі айтыскер ақын, мәдениет қайраткері Бейсенбі Мұқажанұлы арнау өлеңімен ашты.

Шараның ресми кіріспесінде Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов сөз сөйлеп, жұртшылықты тарихи оқиғамен құттықтады:

- Бүгін кешегі өткен тарихи тұлға - Бәтістің Иманқұлы атамыздың алдында бір парызымыз өтелген күн. Ол жастайынан оқу оқып, ерте ел ісіне араласқан. Мінезінің туралығы, тілінің өткірлігі, әділетсүйгіштігі, ержүректілігі оны өз заманының тұлғасына айналдырды. Осы ескерткіш белгіні орнатуға мұрындық болған ел ағасы, ұлт жанашыры Қуат Есімхановқа, бүгін осы оқиғаға орай Семей қаласынан арнайы келген жерлесіміз, ғалым, ауыл шаруашылығы саласының докторы, профессор Зейнолла Қалымбекұлы Тоқаевқа, өзге де мәртебелі меймандарға, аудан жұртшылығына алғыс білдіремін, - деді.

Белгілі қоғам қайраткері Қуат Есімханұлы өз сөзінде Бәтістің Иманқұлының тұлғасына, атқарған еңбегіне тоқталып, болашағын ойлайтын халық ол бастаған істерді жалғастыру керектігін айтты:

«Аруақ жебемей, тірі жетілмейді» дейді қазақ. Батыр бабамыздың аруағы желеп-жебеп жүрсін бәріңізді. Өкініштісі, Иманқұл атамыздың атын бүгінгі жастар түгілі, біздің тұстастарымыздың көбі білмейді. Бәтістің Иманқұлы деген - тарихи тұлға. Бұл кісі сонау патша заманында оқу оқып, білім алған. Агрономдық білімі болған. Өз заманында елінің жоғын жоқтап, қамын жеген басшы. Кешегі солақай саясатқа байланысты «Алашорда үкіметінің қарамағында болды, сонда қызмет етті» деген желеумен атын өшіруге тырысты. Бірақ ел ішінде осындай ердің мінезі туралы естеліктер қалды, әңгімесін есте сақтаған ақсақалдар болды. Мен жас кезімнен бұл кісі туралы көп естіп өстім. Байғабыл Жылқыбаев пен Әлімбайдың Арыны деген азаматтар болды. Солар Бәтістің Иманқұлы туралы жыр қылып айтатын. «Ер болсаң, Иманқұл атаңдай бол» деп бата беретін еді. Осылай тарихи тұлғаның образын жастайымнан санама сіңіріп өстім. Бүгінде жатқан жерін тауып, белгі болсын, өткен азаматтар жолдан көрсін, ұрпақ біліп жүрсін деп осындай дүние жасадық, - деді.

Қ.Есімханов бүгінде аталардың есімдерін жаңғыртуда рулық сана-сезімге бой алдырмау керектігін де ескертті. Өкінішке қарай, біздің алтын атамыз би болған, жетінші атамыз – хан болған» деген әңгімелер туындап жатады. Ертеде ел басқаруда рулық жүйе болған. Бүгінде ол ескірген, рулық сана-сезімнен ұлттық сана-сезімге көшу керек.

«Жақсыларға қарап ой түзейді, мықтыларға қарап бой түзейді» дейді. Иманқұл атамыздың есімін осы күнге жеткізген – артында қалдырған адамгершілік пен ар іздері. Өз кезінің тұлпары, өз заманының сұңқары болған азаматтар көп. Солардың қатарында Бәтістің Иманқұлынан басқа осы тоғайдың бойында бес арыс бірігіп, елге қызмет жасаған. Бесеуі - бес атаның баласы, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған, бір мүддеге берілген. Олар - Алашорда уездік комитетінің төрағасы болған Қабыш Бердалин, зираты Қызылжар ауылында орналасқан Райыстың Әйтімі, Оразбайдың Сүйлеймені және Жанқараның Құсайыны деген болған. Солардың өздері жүз жыл бұрын бірліктің үлгісін көрсетіп кеткен. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген қазақта. Руға бөлінушілік те опа бермейді бізге. Сондықтан осындағы ел азаматтарымен ақылдаса келе, белгітасты Бәтістің Иманқұлына орнатып, еске алу, дұға бағыштау асын Тоғайдың бес арысына арнап беруді жөн көріп отырмыз. Бұл да – өнеге. Құдай жазып Бәтістің Иманқұлы, Райыстың Әйтімі және Оразбайдың Сүлеймені большевиктер келгенге дейін өмірден өтіп кетті. Ал артынан қалған Исаның Қабышы (Бердалин) мен Жанқараның Құсайынының зираттары қайда екенін ешкім білмейді. Өз заманының сұңқарлары болған азаматтарды қайда жіберді, олар қайда жерленді – әлі белгісіз. Біз әрдайым бірлікте болуымыз керек, аталарымыздың жолынан айнымауымыз керек, деді қоғам қайраткері.

Тоғайдың бес арысы бірігіп атқарған істің бірі – осы өлкеге ортақ диірменнің салынуы. Бұған дейін газетімізде жазылғандай, іргелес ауылдар бірігіп, ортадан қомақты пұл шығарып, Сорокин деген байдан диірмен сатып алған. Оны қазіргі Сарышығанақ ауылы аумағында қойған. Диірмен басшысы қылып Ақылдың Рысбегі деген азаматты сайлаған. Оның тегі - орманшы, әкесі кезінде Кенесары ханмен мүдделес болған, орыстардан қашып Қазанғап би Сатыбалдыұлын паналап, тоғай бойында қоныс теуіп қалған екен. Жерге соқа салып, астық себуге үйреткен ел басшылары ұн етіп тарту ісін де ұйымдастырған. Тек совет өкіметі келгенде, кәмпеске басталып, жиені нағашысын көрсетіп жатқанда, диірменнің иесі ретінде қызметкер Житковский деген мастерді жаздырған. Кейінірек ел есінде «Житковская мельница» деген атпен қалған диірмен негізінде осы атпал азаматтардың қолымен жасалған дүние болатын. Бірақ солақай саясат шындықты тарихтан өшірмекке тырысты. Тірі қалғандарын қудалап, құртты, ұрпақтарына да қалдырмай, зәузатына дейін жойып жіберді.

Айта кетелік, Иманқұлдың кіндігінен үш ұл (Зәркеш, Мәжен, Шәкірат) қалып, кейін оның біреуінен ғана ұрпақ тараған. Белгітастың ашылуына немерелері, шөберелері келді.

Қ.Есімхановтың айтуынша, Бәтістің Иманқұлының болмысын ол қайтыс болғанда Исаның Қабышы шығарған жоқтау өлеңі толық ашып тұр:

 

Найманда Ақан деген жұрттан едің,

Елуден бермен әрі қырықтан едің.

Мойының бұрылмайтын жарым қарыс,

Сен жүрген бұл өлкенің сырттаны едің.

 

Ақылың жүруші еді айла орнына,

Пейілің жүрмеуші еді пайда орнына.

Бетіңнен қарулы адам қаймығатын,

Жұмырдығың жүруші еді найза орнына.

 

Аюмен талай көрдім алысқанын,

Қаймығып еш нәрседен қайыспадың.

Жүрегің шын мүйізден жаратылған,

Қайратты, қайран сабаз данышпаным!

Қабыш Бердалиннің Алашорда уездік комитетінің қазынашысы болған Бәтістің Иманқұлы туралы айтқан мына бір сөзі де ел аузында қалған екен. Ол: «Имекең жапқан әбдіренің аузын бұзуға бұл жақта ешкімнің жүрегі дауаламас» деген. Оған қарап Имекеңнің тазалығын, батылдығын көруге болады.

- Бұл шара Бәтістің Иманқұлына табыну емес. Елге бар шындықты жеткізу, тарихымызды түгендеу. Тарихшылар да айта жатар. Менің айтарым, арнау өлеңдегі мінез кез келген қазақтың бойында болуға тиіс. Сонда біз мызғымас ел боламыз. Осы ескреткіш тасты көтеруге қаржылай көмек көрсеткен, Баянауылдан тасын алғызып, жазуын жазғызған демеушілер бар. Олар есімдерін атауды қаламайды, десе де айту керек. Олар – ұлым Сұңғат Есімханов пен жолдасы, осы облыстың тумасы Зейнелқабден Табиғат деген жанашыр жігіттер, деді Қ.Есімханов.

Салтанатты шарада арнайы Семей қаласынан келген доктор, профессор Зейнолла Қалымбекұлы Тоқаев сөз сөйлеп, оқиғаның маңыздылығына тоқталды. Бұдан соң осы іске қолдаушы болған ел ағасы, Павлодар облысының және Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Әбілхақ Түгелбаев, Алматыдан келген Толымбек Манақбаев, Иманқұл Жүсіпұлының немересі Абдулманап Мәженұлы ескерткіш белгіні ашты.

Шараның жалғасы ретінде тоғай бойында бір дәуірде қызмет жасаған бес арыстың рухына дұға бағышталып, ас берілді.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

Өтес ауылы, Ақтоғай ауданы.


Арнау

Иманқұл атама

Жар саламын әлемге,

Иманқұлдай атам бар.

Болыс болған кезінде,

Танымасаң танып ал.

Өтес деген ауылда,

Туған екен кезінде,

Жеті-сегіз ауылдың

Басын қосқан жерінде.

Жалғастырар ізі боп,

Туыстары бар қалған .

Сол туыстың бірінен -

Адалболдан тарағам .

Ерлікке толы өмірің,

Өшпейді мәңгі есімде.

Ізіңмен біздер келеміз,

Ғасырға толы шежіре.

Арналып міне сізге де,

Ескерткіш құрды елі де.

Өзіңіздей атаммен.

Мақтанар жұртың мәңгіге,

Балқия Адалболова, Иманқұл Жүсіпұлының ұрпағы.

saryarka-samaly.kz