Данияр БЕГАЙДАРОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі (брифингтегі сөзінен)

- Ветеринария саласында сыбайлас жемқорлықтың көбеюіне бірқатар себеп бар. Біріншіден, «Е-Лизенция», басқарудың бірыңғай автоматты жүйелері мен «Электронды үкімет» порталы арасында өзара ықпалдастық жоқ. Соның салдарынан мемлекеттік қызметтерді электронды түрде пайдаланудың мүмкіндігі жоқ. Бұл тұрғын мен шенеуніктің тікелей байланысына әкеледі. Ал мұның соңы жемқорлыққа апаруы әбден мүмкін. Екіншіден, ветеринарлық анықтамалардың есебі жүргізілмейді. Демек, кез келген адам баспаханада емін-еркін басып шығара алады. Үшіншіден, ветеринария саласында кәсіпкерлікпен айналысуға лизенция беру ісі бақыланбайды. Мұны пайдаланған кей мамандар талапқа сай емес нысандарға рұқсатқағаздар беруі ықтимал.

Осындай жайттардың алдын алып, ауыл шаруашылығы тауарларының сапасын жақсарту үшін әлемдік тәжірибеге сүйенген жөн болар. Озық мемлекеттерде ветеринарлық бақылау ісі жеке секторға берілген. Яғни, бұл саладағы барлық іс-әрекетті кәсіпкерлер бақылайды. Соның нәтижесінде жемқорлық саны қысқарғаны байқалады. Біз де осы тәжірибеге сәйкес жұмыс істесек, ұтылмаймыз деп ойлаймын.

Рашид НҰРБЕКОВ, облыстық аумақтық ветеринарлық инспекция басшысы:

- Біздің облыста жемқорлық әрекет жасаған бірде-бір ветеринарлық қызмет маманы жоқ. Барлығының жұмысы ашық түрде жүргізіледі. Қызмет алушы мен маман бетпе-бет кездеспейді. Тұрғындар қандай да бір анықтама алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына барып, өтініш қалдыруына болады. Тиісті анықтамасын бір тәулік аралығында дайындап береміз. Одан бөлек, өтініштер біздің инспекция ғимаратының бірінші қабатында қабылданады. Қажет құжат 30 минут дересінде әзірленеді. Бұл ретте де өтініш беруші мен анықтаманы дайындайтын қызметкер жүздеспейді, тілдеспейді. Күн сайын құзырлы органдарға анықтама, рұқсатқағаздарға қатысты есеп береміз. Яғни, жемқорлық тәуекелдері жоқ.

Ал ветеринарлық бақылау ісін жеке секторға беру ісінің қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетеді. Бұл жүйе әзірше нақты жүзеге аспағандықтан, дөп басып айту қиын. Бизнестің басқаруына берілген күннің өзінде кәсіпкердің бұған дейінгі ісі, тәжірибесі назарға алынады деп ойлаймын. Яғни, ветеринария саласынан бейхабар кәсіпкердің бақылауға араласпасы анық.

Ахмет СЕРКЕБАЕВ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

- Шетелдік талай тәжірибені елімізге енгіземіз деп опық жеп қалғанымыз жасырын емес. Сондықтан ветеринарлық бақылаудың жеке меншіктің қолына өтуіне үзілді-кесілді қарсымын. Неге дейсіз ғой? Себебі ветеринарлық бақылау бизнеске өтсе, бизнестің өзін қадағалай алмай қаламыз. Мал ауырып қалса, ветеринарлық-санитарлық жағдай талапқа сай болмай шықса жауабын кімнен аларымызды білмей дал боламыз. Өйткені шағын және орта бизнестің жұмысы тексерілмейді. Оның анықтаманы кімге, қалай, қандай сомаға сатқанын білу мүмкін болмай қалады. Бармақ басты, көз қыстылықтың «көкесі» сонда болмақ.

Ветеринария саласындағы жемқорлықты азайту үшін жұмысты жүйелендіріп, қызметкерлерді ынталандырған әлдеқайда дұрыс деп есептеймін. Бұрындары ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің жұмыс көрсеткіші жақсарып, нәтижесі оң болса, оған аз да болса сыйақы берілетін-ді. Еңбегі бағаланатын. Ал қазір мұндай ынталандыру мүлде жоқ. Бұл сала қызметкерлерінің жалақысы мардымсыз. Сондықтан, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас әрекеттің тамырына балта шабамыз десек, шетелдік тәжірибені енгізудің емес, ветеринарлық бақылау мамандарының мәртебесін көтерудің тетіктерін ойлауымыз керек.

 

«Алаңды» үйлестірген – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz