- Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу басталды. Осы жөнінде кеңірек айтып берсеңіз...

- Қазіргі жедел өзгерістерге толы жаһандық сын-қатерлерге уақытылы жауап қату қажет. Бұл ретте заманның үні, ойы мен талабы үдесінен табылатын жастардың қолындағы қуатты ресурсты тиімді пайдалана алуымыз керек. Қазақтың қай тәмсілін алсаңыз да, үлкенге ізет, жасқа жол көрсетеді, «Жас келсе – іске» дейді. Сондықтан елдің басқару құрылымындағы буын алмасуының жүргізілуі заңдылық деп білемін. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау салтанатында жастарды жұмыспен қамту бағдарламасы енгізілетінін айтты. Сонымен бірге жастардың арман-мақсаттарын жүзеге асыруға және еңбек жолын қалыптастыруына барлық мүмкіндікті беру қажеттігін жеткізді. Осы орайда, Президенттік жастар кадрлық резервіне өткізіліп жатқан іріктеу сол тапсырмалардың іске асырылуының нақты айғағы десек болады. Ал өз кезегінде резерв дарынды, қызметіне адал, тәжірибелі жастардың жоғары лауазымдарға тағайындалуына зор мүмкіндік болмақ. Яғни, бұл жоба барынша даярланған және тәжірибелі жастарға мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға жол ашады.

- Резервке қабылдаудың нақты талаптары қандай? Кімдер қатыса алады?

- Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар қарастырылған. Бұл біріншіден, әрине, азаматтылығы. Яғни, қатысушы Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Сонымен қатар, жасы 35-тен аспауы қажет, жоғары білімі және 5 жылдық жұмыс тәжірибесі болуы шарт. Сонымен қатар, қатысушыға үш адамға дейін ұсыным хат жазылуы тиіс. Үміткерге міндетті түрде өзінің жеке мәліметтерін, аты-жөнін, тегін, ЖСН енгізіп, іріктеу кезеңдерінен өтуге қолайлы тілді таңдап, өзінің ұялы телефоны мен электронды поштасын көрсету қажет. Сонымен қатар ақпараттарды өңдеп, сақтау туралы келісіммен танысып, тиісті талаптарды қабылдауы керек. Талаптарды қабылдамайынша үміткер Президенттік жастар кадрлық резервіне қатыса алмайды. Қатысу үшін үміткерлерге бар болғаны PKRezerv.kz. сайтына тіркелу қажет. Үміткер сайттың басты бетінде Президенттік жастар кадрлық резервінің іріктеуіне қатысты мағлұматты инфографика арқылы біле алады. Онда іріктеуге кімдер қатыса алатындығы, уақыты мен іріктеу кезеңдері жазылған. Тіркеу тәртібі барынша жеңілдетілген.

Кандидаттарды іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. 12 қазанда «Қабілеттерді тестілеу» дейтін негізгі кезең басталады. Ол кандидаттардың талдамалық және сыни ойлау деңгейін анықтауға бағытталған. Ең жоғары нәтиже жинағандар 19 қазан күні өтетін «Тестілеуді верификациялау» кезеңіне жіберіледі. Бұдан сүрінбегендер 22-26 қазан аралығында «Жобаның таныстырылымы» кезеңіне жіберіледі. Яғни, қатысушы ел дамуы жолында пайдасын тигізетін жаңаша бір идеяны ортаға алып, қорғауы тиіс. Барлық кезең онлайн бақылауда өтетінін еске сала кетейік. Бұл ретте қатысушылар интернетке тұрақты қолжетімділікке, web-камера мен микрофонның, сондай-ақ, жобаны көрсету үшін қолайлы жағдайдың болуына алдын ала көз жеткізіп алуы қажет. Мұнан кейін кандидаттар 27 қазанда эссе жазады. Эссе жазу кандидаттардың өз ойын сауатты және қисынын келтіре отыра жеткізу қабілеттерін бағалау мақсатында ұйымдастырылады. Эссе жазар алдында кандидат эссеге қойылатын талаптармен және эссені бағалау тәртібімен танысады. Ал 28 қазан мен 3 қараша аралығында «Құзыреттерді бағалау» кезеңі өтеді. Кандидаттардың құзыреттерін бағалауды «Aссecмент Орталық» (Assesment Center) әдісі бойынша құзыреттерді жаппай бағалау құралдарын пайдалану арқылы сарапшылар жүзеге асырады. Accecмент Орталықтан өту мүмкіндігі 1 рет қана беріледі. Бұл кезең Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

Шешуші кезең 27 қараша мен 13 желтоқсан аралығында өтеді. Ол – сараптамалық комиссияның мүшелерімен сұхбаттасу. Ең жоғары балл жинаған кандидаттар сараптамалық комиссияның мүшелерімен жеке сұхбаттасуға шақырылатын болады. Осы кезеңнен өту үшін кандидаттарға кестеге сәйкес белгіленген уақытта сұхбаттасу өткізілетін орталыққа келу қажет. Бұдан соң, ҚР Президентінің жанындағы Жастар кадрлық резерві жөніндегі ұлттық комиссияның қарауына ұсынылатын кандидаттардың тізімі шығарылады. Ең соңында ұлттық комиссия отырысының қорытындылары бойынша Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылдау туралы шешім шығарылады.

- Ұсыным хатты кімдер бере алады?

- Атап өтерлігі, ұсыным хатты Президенттік жастар кадрлық резервіне кандидат жұмыс істейтін немесе жұмыс істеген ұйымның басшысынан, ұлттық компания, ұлттық холдинг, ұлттық даму институты басқармасының төрағасынан немесе оның орынбасарынан, мемлекеттік саяси қызметшіден, орталық атқарушы органның жауапты хатшысынан, орталық немесе жергілікті мемлекеттік орган аппаратының басшысынан, ҚР Парламенті Сенатының немесе Мәжілісінің депутатынан, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихат хатшысынан алуға болады. Ескерте кететін жайт, іріктеуге Президент тағайындаған саяси мемлекеттік қызметші қатыса алмайды.

- Резервке ілінгендер болашақта нақты қандай қызметтерге тағайындалуымүмкін?

- Резервке ілінгендер келешекте еліміздегі түрлі салалар бойынша басшылық қызметтерге тартылады. Нақтырақ айтар болсақ, министр мен оның орынбасары, облыс және республикалық маңызға ие қалалардың әкімі, орталық мемлекеттік органдардың басшысы, ұлттық компаниялар мен ұлттық басқарушы холдингтердің басқару кеңесінің мүшесі немесе төрағасы болып тағайындалады. Сондай-ақ, министрліктер мен орталық мемлекеттік органдардың жауапты хатшысы немесе аппарат басшысы қызметтеріне тағайындау кезінде де осы резервтегілердің кандидатурасы қарастырылады.

Дамыған елдерде кадрдың қадірі жоғары. Олар осы бағытта орнықты талдаулар жүргізеді. Айта кетелік, іріктеу кезеңінде сыннан сүрінбей өткендер лауазымға міндетті түрде тағайындалуы шарт емес. Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылданғандар 5 жыл бойы резервте тұрады. Резервте тұрған тұлғалар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында оқу, одан әрі кәсіби және тұлғалық дамуы үшін оқыту курстары мен тренингтерге қатысу мүмкіндігіне ие болады.

- Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Мереке АМАНТАЙ.

saryarka-samaly.kz