- Айдар Кенжетайұлы, өңірі-мізде емханаға тіркелу науқаны қашан басталды әрі бұл қай уақытқа дейін жалғасады?

- Қазақстан аумағында қыркүйектің 15-інде халықты емханаға тіркеу науқаны басталды. Екі айға созылатын жыл сайынғы ауқымды үрдіс 15 қарашада аяқталады. Денсаулық сақтау ұйымын еркін таңдау қағидаты азамат тіркелген бір ғана әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында жұмыс істейді. Бұл науқан республикалық және облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардағы емдеу мекемелеріне қатысты.

- Тұрғындар үйде отырып электронды форматта емханаға тіркеле ала ма?

- Ағымдағы жылы емханаға тіркелу онлайн тәртіпте, eGov электрондық үкімет веб-порталы арқылы жүргізіледі. Ол үшін азаматтың электрондық цифрлық қолтаңбасы болса жеткілікті. Бұған дейін әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық мекемелердің қызмет көрсету сапасын бағалау мақсатында «МСҚ: Халықтық бақылау» мобильді қосымшасын іске қосқан болатын. Аталған қосымша азаматтар үшін емхана таңдау мәселесін едәуір жеңілдетті. Емханаларға тіркеу процесін автоматтандыру бұл бағыттағы жұмыстардың қаупін сейілтеді. Өйткені бұған дейін емханаға тіркеу өтініштерін қолдан жасау фактілері жиі тіркелетін. Жаңа жүйе мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталған.

- Тұрғындар емханаға тіркелу барысында нендей қағидаларды назарда ұстағаны дұрыс?

- Емхана таңдау барысында саналы түрде шешім қабылдап, үйіне, жұмыс орнына жақын немесе өзіне қолайлы деп тапқан мекемеге тіркеле алады. Емханаларға тіркеу барысында отбасылық қызмет көрсету қағидатына басымдық беріледі. Яғни, емхананың бір үйдің адамдарына толықтай қызмет көрсетуіне көңіл бөлінеді. 18 жасқа толмаған балаларды олардың заңды өкілдері тіркей алады.

Отбасылық қызмет көрсету және медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі принциптерін іске асыру үшін емхананың үйге жақын маңда болғаны дұрыс. Бұл дегеніміз үйде біреу ауырып, өзін жайсыз сезінген жағдайда дәрігерлердің жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жедел жәрдем жүйесінде жасалған соңғы реформаларды ескерсек, мұның маңызы арта түседі. Себебі бұдан былай 4-санатқа жатқызылатын шақыртуларға жергілікті емханалар қызмет көрсетеді.

- Бір емхана қанша адамды тіркеуге қауқарлы? Тіркелушілер санына шектеу қойыла ма?

- Бүгінде дәрігерлерге түсетін жүктеме мен емханалардағы кезекті азайту мақсатында тіркеу шегі белгіленіп отыр. Талап бойынша жалпы тәжірибелік дәрігерлердің әрқайсысына тіркелетін адам саны 1700-ден аспауы тиіс. Бұрын бізде бір дәрігер 2000-нан астам тұрғынға қызмет көрсететін еді.

Халықты тіркеумен айналысатын емханалардың тізімі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтындағы «Клиника таңдау» бөлімінде орналасқан. Павлодар облысында биылғы тіркеу науқанына бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 63 ұйым қатысуда, оның 30-ы - жекеменшік.

- Өңірімізде тұратын шетел азаматтарына қандай көмек көрсетіледі? Тұрғындар тұрғылықты мекенжайын ауыс-тырғанда нені ескеруі қажет?

- Қазақстанда тұрақты тұрып жатқан шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар емханаларға кедергісіз тіркеле алады. Азаматтар басқа бастапқы медициналық санитарлық көмек ұйымына тұрғылықты мекенжайын, жұмысын, оқу орнын ауыстырғанда, жазасын өтеу мерзімі аяқталғаннан кейін, әскери қызметін өтеп болғаннан кейін, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы қайта ұйымдастырылғанда немесе таратылған жағдайда, сонымен қатар, бұрынғы емханадағы қызмет сапасы көңілден шықпайтын болса басқа емханаға тіркеле алады. Сондай-ақ, бұл шара нарыққа жаңадан қосылған медицина ұйымдарының келер жылы халыққа қызмет көрсетуге тапсырыс алуына жағдай жасау мақсатында өткізілуде.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Алпысбай ХОНЖ.

saryarka-samaly.kz