Бұл трамвай тасымалы қызметін жаңғырту жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жаңа жолаушылар вагоны Беларуссияның «Белкоммунмаш» зауытында құрастырылған. Жаңа вагондар заман талабына сай жабдықталған және біздің өңірдің ауа райы мен жолдарының барлық ерекшеліктеріне сай келеді. Жаңа жолаушылар көлігін жолға шығару рәсіміне облыс әкімі Болат Бақауов қатысып, басқарма ұжымын және қала тұрғындарын құттықтады.

Аймақ басшысының сөзінше, жергілікті «Трамвай көлігі паркін жаңғырту» жобасы осыдан екі жыл бұрын басталып, «Еуропа қайта құру және даму банкі» арқылы 3 млрд. 100 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Оның 940 миллионы Үкіметтен грант есебінде беріліпті.

- Біз бастапқыда бұл жобаны көп талқы-ладық. Соның нәтижесінде қаламыздағы трамвай паркін қайта жаңғыртып, жұмысын жандандыруды жөн деп шештік. Себебі, облыс орталығының тұрғындарын тасымалдауда трамвай - өте қажет көлік. Біріншіден, жайлы әрі ыңғайлы болса, екіншіден, экологияық тұрғыда зиянсыз. Біздің қаланың бір шетінде «Қазақстан алюминий зауыты» тұрса, бір шетінде Мұнай өңдеу зауыты орналасқан. «Қазақстан алюминий зауытынан» арнайы экономикалық аймаққа дейінгі қашықтық 40 шақырымды құрайды. Міне, сондай үлкен зауыттарға облыс орталығынан трамвай жолдары ғана барады. Сондықтан, біз Павлодарды трамвайсыз елестете алмаймыз. Біз осы салаға бөлінген қаражаттың барлығын вагон сатып алуға жұмсаған жоқпыз. Бір бөлігіне трамвай басқармасының инфроқұрылымдарын жөндеуден өткіздік. Бұдан бөлек біз автобус парктерінің 76 пайызын жаңарттық. Осы жылы 30 бірлік техника сатып алынды. Олардың 10-ы қала ішілік тасымалға арналған электробустар, - деді Болат Жұмабекұлы.

«Трамвай басқармасы» АҚ төрағасы Муслим Махмұдовтың сөзінше, облыс орталығындағы трамвай желісінің жалпы ұзындығы 90 шақырымды құрайды. Қазіргі күні қала көшелерінің 11 бағытында 110 трамвай қызмет көрсетсе, бұл вагондарда жүргізуші және кондуктор болып 400-ден астам адам жұмыс істейді. Бүгінгі күні қоғамдық көліктерді пайдаланатын қала тұрғындарының 40 пайызы трамвай вагондарымен қатынайды. Сөз соңында ол осы жобаға қолдау білдірген қала және облыс басшылығына алғысын білдірді.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz