Жазушының мерейтойына орай экспедицияға шығу туралы бастаманы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Сайлау Байбосын көтеріпті. Мақсаты – шығарма желісіндегі Ордабай ауылының көш жолымен жүріп, жер-су атауларымен танысып қайту. Оны облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшылығы да құптап, қолдау көрсетті. Іссапарға Ертіс-Баян өңіріне белгілі ақын-жазушылар, доктор-профессорлар және тарихшы, өлкетанушылар шықты. Өткен бейсенбі жолға жиналған жолаушылар алдымен Жүсіпбек Аймауытов ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жазушы рухына құрмет көрсетті.

Енді осы жолғы экспедицияға арқау болған «Күнікейдің жазығы» повесіне келер болсақ, шығарма тек өз ауылының өміріне, өзінің ағайын-туыстарының күнделікті тыныс-тіршілігіне құрылған. Шығарманың «Көшкенде» деп аталатын бөлімі бар. «Ол күнге жиырма жылдан асып кетті, жиырма бес жыл да боп қалған шығар. Ол күнде айдабол, күлік, ақ бура, тұлпар, қозған, кақсал Шідерті бойын жайлайды. Өлеңті мен Шідерті - қатар аққан өзен. Өре басы Есіл, Нұрадан келе ме, кім білсін, Өлеңті - Ақкөлге, Шідерті Жайылмаға барып сарқады. Онда Шідертінің суы мол кезі. Жалғыз-ақ Шиқылдақ ауылы болмаса, о кезде Шідерті бойын қыстаған ел де жоқ. Сәуірдің алашабыр бұлты арылмай-ақ Баянауыл, Қызылтаудағы қалың сүйіндік атандарын алқынтып, бұйдасын көш құлаш созып, Бөкембай, Арқалық, Жаманадыр, Желдіадырдан асып, Шідертіге қарай ағыл-тегіл құлай бастайды». Міне, шығарманы оқыған шақта Баянауылдың Қызылтауынан бастап, Екібастұздың Ақкөл-Жайылмасына дейінгі аралықтағы бел-асулардың, өзен-көлдердің, елді мекендердің атаулары көз алдыңызға келеді. Егер, бір рет болса да сол өңірде болып, ауасын жұтып, суын ішкен болсаңыз, әңгіменің ішіне еніп кеткендей күй кешіреді. Тағы бір тұсында: «Жонның қар суымен шығып, желкілдеп тұнып тұрған бидайық, шалғын жеймін деп жанталасып күліктен алдымен Ноқаң ауылы көшеді» дейді. Ол кездегі малшы ауыл Баянауылдың Қызылтауының бөктерін қыстаса, көктемде Шідертіге түсіп, Шідерті және Өлеңті өзендерінің бойын жайлайтын болған.

Жоғарыдағы Ноқаң ауылы деп тұрғаны осы Баянауылдың сыртқы жағын мекен еткен Қуанның төрт баласының бірі – Ноғайбай ауылы екен. Ал шығармадағы басты кейіпкерлердің бірі – Ордабай бай. Жазушы шығармасында бай ауылы туралы: «Ноқаң кеткен соң, Ордабай ауылы да қопаңдайды. Өлер-тірілеріне қарамай, олар да айдайды. Айдағанмен Ноқаң бір сағым жеткізбейді» деп суреттейді. Күнікейдің әкесі Құлтума – сол Ордабайдың малшысы. Міне, сол замандағы қыстаудан жайлауға бет алған көштің бағдарын қазіргі уақытпен салыстырар болсақ, Баянауланың сыртымен айналып өтіп, Бірлік ауылын басып, Әкімбек жырасымен өтеді. Содан кейін Бесқауға ауылының оңтүстік жағымен Майсорға шығады. Майсордан асқан көш Шақшанның адырымен асып, Шідертіге түседі екен. Шақшаңның адыры қазіргі Шиқылдақ ауылының сыртқы жағында тұр. Шиқылдақ күліктердің сол кездегі ең бірінші қыстауы екен. Жолда «Арқалықтың тауы», «Құлболдының тауы» және «Сарыапан» деген таулар кездеседі. Шығармадағы: «Шақшанның биігіне шықсаң, алдыңнан жарқырап Шідертінің айдыны көрінеді» дегені тура жерде айтылған болса керек. Ол кезде Шідерті өзенінің айдыны кең, алыстан жарқырап көрініп тұратын болған екен.

Экспедиция көлігі де сол кездегі ауылдардың қыстаудан жайлауға түсетін көштің бағыты бойынша жүрді. Алдымен Баянауылға ат басын тіреп, Қ.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайына барды. Одан аттанып, Ескелді шатқалына жетіп, Мәшһүр Жүсіп кесенесіне соғып, ғұламаның рухына дұға бағыштады. Кесенеден шыққан соң Бесқауға, Әйтен, Жарсор, Майсор және Шиқылдақ ауылдарын басып өтті. Экспедиция құрамындағы тарихшылар мен өлкетанушылар осы жолдың бойында қандай оқиғалар болғанын сөз етіп, сол кезден бері аталып жүрген жер-су атауларын қайта еске түсірді.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Сайлау Байбосынның сөзінше, шығармада айтылатын кейбір кейіпкерлерінің ұрпақтары әлі күнге дейін бар. Мысалы, Ордабай ауылының тағы бір малшысы ретінде көрсетілген Мұсатай есімді адамды бала күнінде бір көрген. Кейінгі кезге дейін Төртқұдық ауылында тұрыпты. Руы – күліктің ішіндеге жапалақ. Шығармада Мұсатай есімі былай аталады: «Ал, бозбалалар! Сендер де айтыңдар! Қыз-екеш кыз да айтып келеді, деп кеу-кеулеген соң Мұсатай, Әйтікен сияқты бозбалалар да керіліп, ырғалаңдап, көзін ашып-жұмып, айғайды салып, бүгінгі көшті ойын-сауық қылып жіберді». Бай ауылының көші үстінде бозбалалық жасап, Күнікейге сөз салғаны жөнінде айтылады.

- «Күнікейдің жазығы» повесінің желісінде айтылған оқиға 1920 жылдары болған деп білеміз. Ордабай ауылының көші туралы жазылған. Жазушы Жүсіпбек бір сөзінде: «Ең әуелі күн жылынар-жылынбастан Ноқаң ауылы көшеді» дейді. Ол - Ноғай деген ақсақал, жазушы Қадыр Тайшықовтың атасы. Тарқатып айтар болсақ, Қадырдың әкесі - Баспақ, оның әкесі - Тайшық, Тайшықтың әкесі - Ноғай. Мәшһүр Жүсіптің Тайшық қайтыс болғанда шығарған көлемді өлеңі де бар. Соған қарағанда Қадырдың атасы да елге беделді адам болған. Жазушы бір ауылдың көші арқылы әңгімеге қазақ халқының бүкіл көшпелі өмірін сыйдырып кеткен. Онда байлар мен кедейлердің ара байланысы және тұрмыс-тіршілігі бар. Көшіп жүрген қазақ не ішіп, не жейді, қандай киім киеді? Қыздар мен бозбалалар қандай ат мінеді? Байлар мен бәйбішелер қандай көлікпен жүреді? Көш жолында қандай өлең айтады? Міне, осы секілді сауалдардың барлығына жауап береді. Бір сөзбен айтқанда, қазақ өмірінің шағын бір энциклопедиясы десек болар. «Күнікейдің жазығы» повесінің ең бір ерекшелігі – көзімен көргенді жазады, тура өзінің ауылында және ағайын-туыстарының ортасында болған оқиғаны суреттейді. Осы шығармада айтылатын жер атауларының барлығы қазіргі күнге дейін сақталған, - дейді Сайлау Әшенұлы.


Еңлік ЖҰМАТАЕВА, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

- Жүсіпбек Аймауытов өте жан-жақты, талантты адам болған. Ол ағылшын, шотландия және түркі тілдерін меңгерген. Бұл туралы көп жерде айтылмай жүр. Міне, соның арқасында ол әлемге әйгілі ғұлама ғалымдардың концепцияларының философиялық ой-тұжырымдарын түп нұсқада оқыған, тіпті кейбіреуіне сын айтқан. Жазушының «Күнікейдің жазығы» шығармасын бұған дейін талай мәрте оқыдық. Шағын шығарма сол кездегі қазақ қоғамының шын бейнесін көрсетеді. Сонымен қатар, өзінің ауылын жазу арқылы туған жерге деген ілтипатын және сүйіспеншілігін танытады. Осы экспедиция барысында повестен оқыған оқиғаларды көз алдымызға елестете алдық. Бұл Аймауытов мұраларының қайта жаңғырып жатқанын көрсетеді. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін.


Тілеуберді САХАБА

Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz