Білімділер сайысын облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырды. «Тілдарын» облыстық олимпиадасына облысымыздың қала, аудандарынан келген 18-22 жас аралығындағы білімді де талантты жастар қатысып, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қаншалықты деңгейде меңгергенін сарапқа салды.

Сайыскерлер төрт кезеңнен тұратын үш тілде берілген тапсырмаларды орындады.

Қатысушылар өздерінің білім-дерімен ғана емес, тапсырманы орындау барысында өзіндік шығармашылық белсенділіктерімен де бәсекені қыздыра түсті. Сондай-ақ, олар эссе жазып, ілеспе аударма жасады.

Тілдік олимпиадаға жергілікті жоғары оқу орындарынан келген ғалымдар қазылық етті. Олар үміткерлердің білімдерін бағалау барысында тілді меңгеру деңгейіне, жазу сауаттылығы мен мазмұндылығына, жауаптың орамдылығына баса назар аударды. Осы талаптар бойынша үш тілді жетік меңгерген жеңімпаздар анықталды. Нәтижесінде Железин ауданының намысын қорғаған Әлия Жүнісова бас жүлдеге ие болды. І орынға өз білімін жоғары деңгейде көрсеткен Шарбақты ауданының үміткері Аяуылым Қазбек лайықты деп танылса, ІІ орынды Павлодар қаласынан Адия Қанатова иеленді. Ал жүлделі ІІІ орынды Тереңкөл ауданының білімпазы Үміт Әміренова қанжығалады.

Барлық қатысушы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының арнайы Алғыс хатымен, ал жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

 

А.ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz