Айта кетелік, Павлодар-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша әуе рейсі осы жылдың 4 қыркүйегінде ашылған болатын. Қызмет көрсетуші әуе компаниясының сауда және маркетинг жөніндегі директоры Жанар Жайлауованың айтқанындай, алғашқы рейсті Павлодар жолаушылары қуана қарсы алды. Себебі, екі ортаға сапар шегушілер саны көп, олар әуе қатынасы арқылы жедел жетуді қалайды. Жолаушыларға Airbus-320 маркалы комфортабельді ұшақтар қызмет көрсетеді. 4 қыркүйек күнгі мәліметте Павлодар-Нұр-Сұлтан бағытында ұшу үшін бір билеттің бағасы 5999 теңге деп көрсетілді. Сол кезде компания басшылары бағаны тағы 1000 теңгеге түсіруге мүдделі екенін айтқан еді. Алайда оған кедергі – жергілікті, яғни Павлодар әуежайы тарифтерінің қымбаттығы.

«Шын мәнінде, біз Павлодардан ұшарда көрсетілетін қызметтер тарифтерінің деңгейін көріп, қамығып отырмыз. Егер Павлодар әуежайы барлық әуе компанияларының рейстеріне қызмет көрсету құнын төмендететін болса, біз билеттің бағасын тағы 1000 теңгеге төмендетуге болады деп есептейміз», деген еді Ж.Жайлауова.

Әуе компаниясының мәліметінше, күнделікті ұшатын «Павлодар-Нұр-Сұлтан» бағытындағы рейстердің пайда болуы елордаға баратын және одан Павлодарға келетін жолаушыларға бір жылда ұзын-саны 130 000 орын ұсына алады.

Күні кеше белгілі болғандай, билет бағасын тағы 1 мың теңгеге арзандату туралы ұсыныс қабылданды! Отандық лоукостер компаниясы билет бағасын 4999 теңге мөлшерінде белгіледі.

- Жаңа рейс Павлодар мен Нұр-Сұлтан қалаларын байланыстыра отырып, жергілікті тұрғындарға екі қала арасындағы бизнесті дамытуға мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сондай-ақ, павлодарлық отбасылардың туған-туысқандарына, астаналық туристерге бас қаладан Павлодардың көрікті жерлерін көру үшін әуе көлігімен жетуіне жол ашылып отыр, делінген компанияның таратқан ақпаратында.

Айта кетелік, бұған дейін Павлодардан Алматыға әуе көлігімен қатынау мүмкіндігі туған еді. Алматы-Павлодар-Алматы бағыты бойынша рейс осы жылдың 30 мамырында ашылған болатын. Қолжетімді бағадағы рейстерге «FlyArystan» компаниясының мамандары қызмет көрсетеді. Бүгінде ол маршруттағы ұшақтардың орны 95 пайызға толады. Әуе компаниясының өкілдері екінші бағыттың – Павлодар-Нұр-Сұлтан бағытының ашылуымен жолаушылар саны көбейетінін айтуда. Мәлімет келтірсек, Павлодардан және кері қарай жылына 260 мың адамға қызмет көрсетіледі деп күтілуде, 2018 жылы лоукостер пайда болғалы бері қала әуежайы 180 мың жолау-шыны қабылдаған.

«FlyArystan» лоукостерінің іске қосылуы және оның қызметінің дамуы нәтижесінде 2020 жылға қарай әуежайға барушы жолаушылар саны екі сеге өседі деген болжам жасалуда.

2020 жылдың соңына дейін алғашқы қазақтандық лоукостер компаниясы әуе паркін 10 ұшаққа дейін жеткізіп, рейстер мен бағыттар санын 5 есеге дейін көбейтуді көздеп отыр.

Ең бастысы, бүгінде павлодарлық азаматтар Нұр-Сұлтан қаласына сапар шегу үшін арзан ұшақ қызметін пайдалана алатынына қуанышты. Бір билеттің бағасы – 4999 теңге. Алайда, арзан бағамен алу үшін ішінара талаптар барын ескеру керек. Олардың қатарында билетті ертерек сатып алудан басқа, орындар кездейсоқ ұсынылатынын, мереке және демалыс күндері арзан орындар сатылып кетуі мүмкін екенін айта кету керек. Айтпақшы, қол жүгіңіздің салмағы 5 килограмға дейін болуы қажет. Басқа да тәртіптер бойынша әуе компаниясының өкілдерінен сұрап, хабардар болып алғаныңыз жөн. Жолыңыз болсын!

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz