Аталмыш жоғары оқу орны өкілдерінің айтуынша, мұндай шара еліміздің барлық өңірінде қолға алынуда. Оған мектеп оқушылары, ана-аналар, колледждер мен университеттердің студенттері, жас мамандар, сондай-ақ, басқа да қызығушылық танытқан азаматтар қатысты.

«Назарбаев Университеті күніне» арналған рекрутинг барысында жастарға жоғары оқу орнының академиялық бағдарламалары, грантқа түсу жолдары мен білім алу шарттары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, шара қарсаңында оқытушылар түрлі тақырыптарда шеберлік сыныптарын өткізіп, болашақ студенттер үшін викториналық ойындар ұйымдастырды.

Павлодарлық оқушылар да мұндай қызықты кештің куәсі болды. Аталған шараға арнайы шақырылған облыс оқушылары университет өкілдеріне өздерін мазалаған сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Ал Назарбаев университетінің қабылдау департаментінің аға менеджері Лаура Палуанова павлодарлық талантты шәкірттердің білімі бәсекеге қабілетті екенін, сол үшін де олар Назарбаев университетінің студенті атануға еш қаймықпай келетінін айрықша атап өтті.

- Былтыр біздің университетке Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 лицейдің 10-11-сыныбында оқитын 20 оқушы келіп, жоғары оқу орнының мүмкіндіктерімен танысып қайтты. Олардың кейбірі бүгінде студентіміз атанды. Біз осындай талантты жастармен мақтанамыз. Жалпы, биыл Назарбаев университетіне 73 павлодарлық жас оқуға қабылданды. Бұл - үлкен жетістік, - деді Л.Палуанова.

 

Н.АҚЫТЕГІ.

saryarka-samaly.kz