Оқыс оқиға 22 қыркүйек күні күндіз сағат 12.00-де Баянауыл ауылынан 25 километр жердегі құрғақ шөп пен орман өртінен басталған. Баянауыл ауданы әкімдігінің мәліметінше, ұлттық парк аумағындағы қызыл жалынды ауыздықтауға 11 бірлік техника мен 100-ден астам адам жұмылдырылған. Бұдан бөлек, лаулаған өртті сөндіруге Өскемен қаласынан жөнелтілген МИ-8 тік ұшағы да кіріскен. Үш тонналық цистернаны көтеріп ұшқан әуе көлігі техника жете алмаған аумақтардағы өртті сөндірді. Жапа шеккендер мен жарақаттанғандар жоқ. Тілсіз жау орын алған аумаққа облыс әкімі Болат Бақауов та барды. Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша арнайы штаб құрылды.

- Орман-дала өртінің пайда болуына ауа температурасының жоғары болуы себеп. Секундына 20-24 метрге дейін жеткен желдің күшеюіне байланысты өрт сөндірушілерге отты ауыздықтау қиынға соқты. Аудан аумағында тіркелген қызыл жалынды сөндіруге 120 бірлік техника мен департаменттің жеке құрамы, ұлттық парк қызметкерлері, ерікті өрт сөндіру құрылымдарынан барлығы 500 адам тартылды, - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ернұр Өтегенов.

Аталмыш жайт бойынша Баянауыл ауданының әкімдігіне хабарласқан болатынбыз. Аудан әкімінің орынбасары Мәдениет Ахметов жағдай тұрақты бақылауда екенін айтты.

- Бірлік, Ақсаң, Қаратомар ауылдарындағы өрт толығымен сөндірілді. Жасыбай көлінің аумағы мен Жұмат Шанин ауылы мен Қызылтаудағы жалын да ауыздықталды. Бірақ тауда оттың шоғы қалуы мүмкін. Сондықтан бұл жағдайды бүгін тікұшақпен аралап, бақылап қайтамын. Аудан аумағында тіркелген өртті сөндіруге көп техника жұмылдырылды. Кешегі жаңбыр тілсіз жаудың бетін қайтаруға көмектесті. Жұмат Шанин ауылындағы қызыл жалынды ауыздықтауға Екібастұз қаласы мен Баянауыл ауданының өрт сөндіру мамандары жұмылды-рылды. Қызылтауда бірқатар шаруа қожалықтары дайындаған шөп жанып кетті. Дала өртінің шығу себебі әлі белгісіз, - дейді М.Ахметов.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызме-тінің мәліметінше, Жұмат Шанин ауылында 8 учаске өртке оранған. Оның 7-еуі сөндіріліп, біреуінде мамандар жұмыс істеуде. Сонымен қатар, ұлттық парк аумағында да өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz