Жас басқарушылармен бірге дастарқан басында кездескен өңір басшысы үміткер болуға лайықты әрбір адамның ұсыным хатына қол қойып беретінін жеткізді.

- Павлодар әрдайым өзінің кадрлық әлеуетімен танымал. Дейтұрғанмен мемлекеттік қызметте жүрген жастардың кез келгенінен Президенттік кадр резервіне өтініш бергені туралы сұрасам, барлығының жауабы: «Ал маған тапсыруға бола ма?» дейді. Сондықтан жастарға игі бастаманы әлі де түсіндіру керек тәрізді. Қазіргі таңда еліміз бойынша 5 мың өтінім келіп түскен. Бірақ өз басым әрбір перспективалы жас адам кадрлық резервке өтінім беруге тырысуы тиіс деп ойлаймын. Облыста болашағынан зор үміт күттіретін жастар өте көп, - деді Болат Жұмабекұлы.

Ресми деректерге сүйенетін болсақ, бүгінде аймақта 35 жасқа дейінгі 22 жас маман лауазымы жоғары қызметте еңбек етеді. Олардың ішінде 5 жас - облыстық басқармалардың басшысы, 6-ауы қалалар мен аудандардың әкімінің орынбасары, 7-еуі басқарма басшыларының орынбасары, 1-еуі қала, енді 1-і аудан әкімі болса, 1 жас маман «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары болып қызмет етеді екен.

Сондай жастың бірі - Екібастұз қаласы әкімінің кеңесшісі Айбек Тұрсынғалиев. Іскерлік таңғы ас барысында ол Президенттік кадрлық резерв құру басшылық қызметте жұмыс істегісі келетіндер үшін барлық кедергілерді жоюға мүмкіндік беретінін айтты.

- Бүгінде еңбек етіп, үнемі өзін-өзі жетілдіріп жүретін жастарға өз мүмкіндіктерін көрсетуге барлық жағдай жасалған. Президенттік кадрлық резерв - осындай мүмкіндіктердің бірі. Мысалы, мен еңбек жолымды құрылыс компаниясында қатардағы заңгер болып бастап, кейін «Kazakh Invest» ұлттық компаниясында еңбек еттім. Содан соң «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына, бұдан соң «Павлодар» АЭА-ға жұмысқа шақырды. Мұның бәрі қажырлы еңбектің арқасы деп білемін. Елімнің өркендеуі үшін сәл де болса үлес қосу үшін, аянбай еңбек етуге дайынмын, - деді А.Тұрсынғалиев.

Айта кетелік, Президенттік жастар кадрлық резервіне іліккендер министр немесе оның орынбасары, республикалық маңызы бар қалалардың басшысы, орталық атқарушы органдар комитеттерінің төрағасы, квазимемлекеттік сектор компаниялары басқармаларының төрағасы және мүшелері болып қызмет ете алады. Үміткерлер pkrezerv.kz сайтында 2019 жылдың 30 қыркүйегіне дейін тіркелуден өтуі шарт.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz