Мұндай жағдайда алдымен Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеме мамандары құстарды уақытша өз қарамағына алып, тиісті жағдайды жасайды. Мәселен, биыл Павлодар қаласының тұрғыны В.Нагорная аталмыш мекеме қызметкерлеріне Хромзавод шағын ауданында бір құстың ұша алмай, әбден қиналғанын айтып, хабарлады. Белгілі болғандай, қаршығаның тоқпан жілігі сыныпты.

Таяуда тағы бір тұрғын – Н.Кушнир Ленин кентінің аумағынан сыбырлауық аққуды тауып алып, мекемеге әкеліпті. «Шанс» жеке меншік ветеринарлық емханасының мамандары тексеру жасап, сол жақ қанатының жараланғанын анықтады. Павлодар қаласындағы аулалардың бірінде жаралы күйінде табылған дала қыранына да аталмыш емхана дәрігерлері диагноз қойды. Медициналық орталық жекенің қолында болғандықтан, құстарды толық емдеуге құзіреттілігі де, мүмкіндігі де жоқ. Сол себепті қаршыға, аққу мен қыранды Семей қаласындағы облыстық балалар биологиялық орталығына апаруға тура келді.

- Бұрындары жаралы құстарды Ақсу қаласындағы жас натуралистер станция- сына апаратын едік. Ал бұл орталық жаңа ғимаратқа көшкен соң бағыты сәл ауысып, эко-техно орталыққа айналды. Сондықтан бұрынғыдай көмек көрсете алмайды. Амал жоқ, құстарды Семей қаласындағы биологиялық орталыққа апарып, білікті мамандардың қарамағына тапсырдық. Дәрігерлер құстардың уақытылы жеткізілгенін алға тартты. Сәл кешіксек, мәселе бұдан да ушыға түсер еді. Былтыр Семейдегі осы орталыққа жаралы жалғыз аққуды апарған болатынбыз, - дейді биолог-аңшылықтанушы Талант Шәкіров.

Шынымен, жаралы аң-құстарға ем-дом жасап, күтіп-бағатын мемлекеттік орталық біздің облысқа да керек-ақ. Сол арқылы қанаттыларды, әсіресе, «Қызыл кітапқа» енгендерді қорғап қана қоймай, балалардың дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік туар еді. Мәселен, Семей қаласындағы биологиялық орталық аң-құстарды емдеген соң мұнда оқушылар келіп, сирек кездесетін, күнделікті өмірде көре бермейтін жан-жануарларды тамашалай алады. Мұндай орталық Ертіс-Баян өңірінде де ашылса, артық болмас.

Бұл ретте Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекеме қызметкерлері жыл - он екі ай бойы орманда саят құрып, аң аулауға қатаң тыйым салынғанына тағы бір мәрте назар аударды. Аңға оқ атқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Соған сәйкес, айыппұл төлеп, тіпті бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

- Өкінішке қарай, елімізде браконьерлер көбейді. Олар сақадай сай дайындалып, қаруланып, жануарлар әлеміне қауіп төндіреді. Тіпті, инспекторларға қарсы әрекет етуден тайсалмайды. Биылдың өзінде республикада екі табиғат сақшысы қаскөйлердің қолынан қаза тапты. Осы қайғылы жайттарды назарға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында табиғатымызға аяусыз зиян келтіріп жүрген браконьерлерге қатысты шараларды қатайту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Абырой болғанда, биыл біздің мекемеге қарасты орманшылық- тарда заңсыз аң аулау оқиғасы тіркелген жоқ, - дейді Т.Шәкіров.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz