Сандар сөйлесін...

Сөзіміз дәлелді болуы үшін сандарды сөйлетсек. Биыл яғни 2019-2020 оқу жылында Павлодар облысы бойынша 15 982 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Алайда, оның тек 6139-ы ғана мемлекеттік тілде білім алуда. Яғни, өңірімізде алғаш мектепке барғандардың бар-жоғы 38 пайызы қазақ тілінде әріп тануда. 2018-2019 оқу жылында бұған қарағанда сәл де болсын жақсырақ еді. Өткен оқу жылында аймақ бойынша мектепке алғаш барған 12 058 оқушының 5133-і қазақ сыныбын таңдапты. Яғни, мемлекеттік тілді таңдаған балалардың үлесі 43 пайызды құраған.

Енді аудандардағы жағдай- ларға көз жүгіртейік. Үстіміздегі жылы Шарбақты ауданында 353 бала бірінші сыныпқа барған. Оның ішінде 115 бала ғана қазақ сыныбының есігін ашыпты. Аудандық білім беру бөлімінің мәліметінше, елді мекенде жалпы саны 24 білім ошағы бар. Оның ішінде 5 мектеп таза қазақ тілінде оқытады. Ал 7 білім ошағы аралас болса, 12-сі таза ресми тілде. Биылғы оқу жылында білім алып жатқан 2892 оқушының 1037-сі ғана мемле-кеттік тілде тәлім-тәрбие алуда.

Ал Железин ауданындағы 29 мектептің 6-ы ғана мемлекеттік тілде бала оқытады. 11-і - аралас, 12-сі ресми тілде білім береді. Биыл 276 бала алғаш рет 1-сыныпқа барса, оның тек 61-і ғана қазақ тілінде оқиды екен. Демек, 215 баланың ата-анасы ұл-қызының ресми тілде білім алуын қалаған.

- Биылғы оқу жылында аудан бойынша 2138 бала мектепте оқиды. Оның ішінде 1643 оқушы ресми тілде, 495-сі мемлекеттік тілде білім алуда. Қазақ сыныптарына баратын балалардың санын арттыру үшін ата-аналар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Ауданымыз Ресей шекарасына жақын орналасқандықтан, көпшілігі ресми тілді таңдап жатады. Десе де, балабақшаны қазақшаландыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Мәселен, ауданда 16 шағын орталық қазақ тілінде қызмет көрсетеді. Ондағы 18 топта жалпы саны 241 бала тәрбиеленуде. 7 шағын орталық ресми тілде жұмыс істейді. Оған 56 бала барады. Ал аралас шағын орталық саны – 3-еу. Ондағы 3 топта барлығы 88 бала білім алады. Міне, шағын орталықтарымызда қазақ топтарының саны артуда. Мұнда тәрбиеленіп жатқан балақайлар алдағы жылдары мектепте де білімді қазақ тілінде алады деген ойдамыз. Осылайша, бірте-бірте мемлекеттік тілде білім алатын оқушылар қатарын арттырамыз, - деп айтады Железин аудандық білім беру бөлімінің басшысы Анар Баденова.

Успен ауданындағы көрсеткіш тіпті жаға ұстатарлық. Биыл мектеп табалдырығын аттаған 285 баланың бар-жоғы 50-і қазақ тілінде сауат ашуда. Яғни, 235 бала ресми тілде білім алуда. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Есен Инербаевтың сөзінше, 19 мектептің 2-еуі мемлекеттік тілде, 8-і аралас тілде тәрбие береді. Аудан бойынша білім алатын 1793 баланың 369-ы ғана қазақ тілінде оқиды.

Қарадомалақтарымыз ата-анасы- ның шешімімен ресми тілде әріп тануда. Олардан болашақта қазақылықты, ұлтжандылықты талап етудің өзі артық сияқты. Жоғарыдағы ауданның мамандары аталмыш жағдайды өзге ұлт өкілдерінің санының көптігімен, елді мекендердің шекараға жақын орналасқанымен байланыстырды. Жыл сайын жауыр болған себепті айтып, ақтала берсек, ертеңіміз не болмақ? Нәтиже неге шықпай отыр?

Жұмыс жүргізілуде

Осы мәселе жөнінде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына хабарластық. Аталмыш басқарма басшысының орынбасары Сәуле Османова бұл жағдайды шешуде мектеп мұғалімдерінің ықпалы зор екенін айтады.

- 2017 жылдан бастап балабақшалардағы топтар қазақ-шаландырылуда. Болашақта тек қана қазақ топтары ғана қызмет көрсететін болады. Қазіргі заманда қазақ сыныбына баратын балалардың қатары артуы керек еді. Жоғарыдағы статистикадан олай еместігін көріп отырмыз. Бала үшін шешім қабылдайтын әке-шеше. Мектеп мұғалімдері жаз мезігілінде баласын мектепке бергісі келетін ата-аналар арасында насихат жұмыстарын жүргізуі керек, - дейді С.Османова.

Шынымен де, аймағымызда билік тарапынан шағын орталық-тарды, мектептерді қазақшаландыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылдары облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған №8 және №3 гимназияда қазақ сыныптары ашылған. Ал Павлодар қалалық №7 мамандандырылған жалпы орта білім беру мектебі толығымен қазақшаланған. Аралас сыныптар мемлекеттік тілге ауысуда. Білім ошақтарындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеттері толық жөндеуден өтіп, заманауи кейіпке енгізілген.

Павлодар қалалық білім беру бөлімінің мамандары да жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады. Мәселен, ағымдағы жылы облыс орталығындағы №6, №18, №27, №36, №11 мектептерде қазақ сыныбы ашылып, аталмыш білім ошақтарының табалдырығын алғаш аттағандар ана тілінде білім алуда. Ал өткен жылы шаһардағы №5, №9, №26 және №28 мектептерде де қазақ сыныптары ашылған. Қазіргі уақытта Павлодарда таза ресми тілде жұмыс істейтін 4 мектеп бар екен. Алдағы оқу жылында бұл білім беру мекемелері аралас мектепке айналмақ. Мемлекеттік тілге толық ауысқан мектептердің саны – 8. Мекеме мамандарының сөзінше, жыл сайын оқу жылының соңы мен жазғы уақытта «Ашық есік» күні өткізіледі. Шараға балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналары шақырылып, мектеп ұстаздары, тіл мамандары, ардагер-лердің қатысуымен кездесу ұйым-дастырылады. Тәжірибелі мамандар ата-аналарға балаларды қазақ сыныбына беру жөнінде ақыл-кеңестерін айтып, пікір алмасады.

Жоғарыда шекараға жақын орналасқан аудандарды мысалға келтірген едік. Оларды қайдам, қазақылықтың қаймағы саналатын Баянауыл ауданының бір топ тұрғыны биыл орыс сыныптарын ашуға ұсыныс жасапты. Облыстық білім беру басқарма- сының басшысы Дінислам Болатханұлы қазіргі халықтың санасында қазақ тіліне деген стереотип қалыптасып қалғанын айтады.

- Сіздер өте өзекті мәселені қозғап отырсыздар. Отбасындағы баланың қандай тілде білім алуы тікелей ата-ананың шешіміне байланысты. Оқу жылы басталмас бұрын жыл сайын ата-аналармен кездесу өткізіледі. Сол уақытта тұрғындардың басым көпшілігі ұл-қызын қазақ сыныптарына беретін болған. Мектеп табалдырығын аттайтын оқушылардың санына байланысты оқулықтарға да тапсырыс берген едік. Өкінішке қарай, жаңа оқу жылы басталарда әке-шешелерінің шешімдері өзгеріп, көпшілігі ресми тілді таңдады. Салдарынан орыс сыныбында оқитын балаларға оқулық жетпеуде. Қазіргі уақытта билік тарапынан барлық жұмыс жүргізіліп жатыр. Тіпті, өмір бойы ресми тілде ғана жұмыс істеп келген №8 және №3 гимназияда алғаш рет қазақ сыныбын аштық. Оның өзі оңайға соқпады. Ата-аналардың санасында қазақ тіліне деген стереотип қалыптасқан. Олар мемлекеттік тілде оқитын баланың білімі төмен болады, жоғары оқу орнына түсе алмайды деп ойлайды. Қазақ отбасында тәрбие көрген балалардың өзі орыс сыныбына баруда. Өйткені әке-шешелері баланың үй тапсырмасын орындауда бас қатырғысы келмейді. Биыл қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Баянауыл ауданының жұртшылығы орыс сыныптарын ашуды өтінді. Сондықтан барлық мәселе ата-ананың сана-сезіміне тіреліп тұр, - дейді Дінислам Болатханұлы.

Кінә кімнен?

Филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Сағындықұлы Тәуелсіздік заманында көрсеткіш жоғарыдағыдай болмауы тиіс деп ойлайды.

- Мұны қауіп деуге болады. «Шекарада орналасқанбыз», «өңірде өзге ұлт өкілдерінің саны басым» деген сөздерге сене алмаймын. Өйткені қазір қазақшаландыру мәселесі ерекше назарға алынып, тұрғындардың беті мемлекеттік тілге бұрылып келеді, - дейді Бекен Сағындықұлы.

Бұл мәселе жөнінде ата-ананың да пікірін білдік. Успен ауданы, Қараөзек ауылының тұрғыны Мәдениет Сүлейменовтің баласы биыл 1-сыныптың табалдырығын аттаған. Тұла бойы тұңғышын 6 жасқа толмай мектепке берген әке бала үшін шешім қабылдау оңай болмағанын айтады.

- Ұлымды даярлық топқа бермей, бірден 1-сыныпқа жібердік. Тұңғышымыз болғаннан кейін маңызды шешім қабылдау қиынға соқты. Бала үшін шешім қабылдайтын ата-ана деп білемін. Өзіміз қазақ отбасы болғаннан кейін, ұлымыздың ана тілінде білім алуын қаладық. Биыл ауылымызда 13 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Оның ішінде 11 оқушы орыс сыныбына қабылданды. 2 бала ғана мемлекеттік тілде білім алуда. Ұстазының айтуынша, баламның оқу үлгерімі жаман емес. Буынға бөліп оқып жүр. Бастысы, ұлым туған тілінде білім алуда, - дейді ата-ана.


Түйін:

Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов: «Бала өз тілінде тәрбиеленбесе, өз халқына қызмет ете алмайды» деген. Ана тілінде тәлім-тәрбие алған ұрпақтан ұлтын сүйетін азамат өсіп шығады. Ал қазақтың қанына біткен құндылықты, ұлттық идеологияны орыс мектебі бойға сіңіре алмайды. Нәтижесінде, ана тіліне жарымаған жасөспірім өзгеге еліктеп өседі. Ұрпақ тәрбиесіне деген салғырттығымыз ұлтым деген ұл-қыздарымызды сиретіп жібермесе екен...

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz