Марат Жыланбаев: жүгірудің қыр-сыры №6 сабақ
«Сарыарқа самалы» газетінің оқырмандарына!
(Жалғасы. Басы газетіміздің 2017 жылғы 2, 16, 30 наурыз, 6, 20 сәуір күнгі сандарында)

Спортшы және жүкті әйел

Бұл жолы спорттық тамақтану мәселесіне көңіл бөлмекпін. Жасыратыны жоқ, 80-жылдардың соңы мен 90-ыншы жылдардың басында барлық КСРО құрамындағы барлық елдер секілді Қазақстанда да тапшылық қатты сезілді. Ең алдымен, халық азық-түлік жетіспеушілігінен жапа шекті. Әрбір адамға күніне орташа есеппен 2300-3000 калорий (ккал) қажет делінеді. Ал мен күн сайын тек жүгірумен 6500-7000 ккал-ды шығындайтынмын. Бұл дегеніңіз – 8-9 сағат жүгіру. Барлық жаттығу-босату қимылдарын қосқанда күніне 8000-9000 калорий азық қажет болды.

Өкінішке қарай, қайта құру кезеңінде дүкен сөрелерінен көптеген тағам түрлері жоғалып кетті, біразы талонмен сатылатын. Олар тамыр-таныс арқылы болмаса, былай екінің біріне бұйыра қоймайтын. Мен ол кезде суретші ретінде еңбек етіп, бірқатар дүкендерде безендіру ісін атқаратынмын. Сондықтан универмаг меңгерушілерін өте жақсы танитынмын. Ол уақытта дүкен директорлары, қойма меңгерушілері, ет сатушылар біз үшін жарты құдай сияқты еді.

Дәрумендерге қол жеткізу бойынша да қиындық туындады. Бұл мәселені де маған танысым - Ділдаш деген дәріханашы жігіт шешіп беретін. Әр үш ай сайын анализ тапсырамын, дәрігерлер жалпы денсаулығым жақсы екенін, десе де дәрумендер жетіспейтінін алға тартатын. Негізінен, менде тұздар, дәрумендер, минералдар, өзге де микроэлементтер тапшы болды. Кәдімгі жүкті әйелдің ағзасында кездесетін жетіспеушіліктер. Сол себепті «Витрум», «Элевит» (болашақ аналарға арналған), «Ревит», «Ундевит», «Регидрон», гематоген, аскорбин қышқылын қабылдаймын. Ыстық күндері кейде «Аспирин» немесе «Ибупрофен» ішетінмін. Қаланың спорт комитеті маған диетикалық дүкенге арнайы талон беріп тұратын. Содан біраз таңсық тағамдарға жарылқанып қалатынмын. Жалпы алғанда, сол кездегі Одақ адамдарындай кеспе, жұмыртқа, макарон, сүт, ет өнімдерін, ботқа әзірлеп, тамақтанатын едім.

Ұлттық тағам - ұтымды

Біздің ұлттық сусындарымыз бен тағамдарымыз өте нәрлі, пайдалы. Наурызкөже, құрт, шұбат, айран өнімдерінің теңдесі жоқ. Ал асылған ет, бауырсақ, қуырдақ, қазы, шұжық, жал-жая, қарта, әрине дәмді, бірақ оларды жеп алғаннан кейін жүгіруің қиын. Толық қорытқанша тыңқиып жүресің. Бұл жағдайда маған жеміс-көкөніс базары көмекке келетін. Түрлі жеміс-жидектер мен көкөністер, жаңғақ, балды топтап сатып алатынмын. Ол кездері елімізде энергетикалық батондар жоқ еді. Сондықтан оны өзіміз әзірлейтін едік.

Энергетикалық батонды халық арасында «иммунитетті көтеруге арналған батондар» деп атайтын. Толыққанды жаттығу жасап, спортпен айналысу үшін бұл батондарды өзім әзірлеймін. Тамақ ішуге уақыт табылмаса, осы тағаммен жүрек жалғап алып жүре беретінмін.

Жалпы, өзімді тамақтың түр-түрін пісіре алатын шебер аспазбын деп есептемеймін. Әдеткі ботқалар мен салаттардан басқа қолымнан ештеңе келмейді.

Нәрлі ас – спортшы арқауы

Жоғарыда айтқан энергетикалық батондар бізге шетелден әкелінетіндіктен, оқырмандарыма оны әзірлеудің жолдарын айтқым келіп отыр. Шетелдік өнімге тек интернет арқылы тапсырыс бере аласыз. Егер қолыңыздан келіп жатса, неге өзіңіз іске кіріспейсіз? Оның үстіне, импорт батонның құрамында түрлі дәмдеуіштер, консерванттар, қоюлатқыш қоспалар барынан бәріміз хабардармыз. Е-қоспалардың жанында өзіміздің табиғи өнімдеріміз анағұрлым артық.

Сондықтан ешбір химиялық қоспасыз энергетикалық батон әзірлеуді ұсынамын:
Алдымен кептірілген жеміс бөлшектері, жаңғақ, дәндер, бал, жеміс-жидектер алып, (өрік, жүзім, мұздатылған шие, шоколад, қант, глюкоза, сұлы үлпегін талғамыңызға сай қоса беріңіз) тазалап, жуып, турап алыңыз. Өзім жаңғақтар мен сұлы үлпегін ыстық табаға аздап қуырып аламын, бананды шанышқымен еземін. Барлық қоспаларды миксерге тоғытып салып, араластырып, кейіннен орама жасаймыз (фольга, пергамент, асқа арналған пленка қолдануға болады). Ораманы 180 градус ыстықтағы духовкаға 20-30 минут қойып қоямыз. Дайындалған өнімді шағын бөліктерге бөліп, тоңазытқышқа саламыз.

Егер сіз спортпен айналыссаңыз, үйде кішкентай бала-шағаңыз болса немесе тамақ-тануға уақыт тапшылық етсе, табиғи өнімдерді ұнатсаңыз, дәл осы әдіске жүгінуге болады. Әрі тәтті, әрі дәмді, әрі табиғи. Денсаулық таза астан бастау алады. Бұл тағамды үй жағдайында әзірлеуге толық мүмкіндік бар. Құрамында қанша калорий бар дейсіз бе? Осы күні ғаламтордан барлығын табуға болады. Калорийді ғана емес, ақуыз, май, көміртек, сондай-ақ дәрумендер, микро және макро элементтерді есептеп шығарасыз.

Дәмді, нәрлі ас - спортшының арқауы. Астарыңыз дәмді болсын!


Редакциядан:

Құрметті оқырмандар! «Сарыарқа самалы» газеті 2017 жылдың наурыз айынан бастап әйгілі жерлесіміз, супермарафоншы Марат Жыланбаевтың кәсіби ақыл-кеңестерін жариялап келді (барлығы 6 сабақ). Бұл орайда, атақты спортшының өзіне газеттің ұсынысын қабыл алғаны үшін ризашылық білдіреміз.

Жобаның мақсаты оқырман-дарымызға жүгірудің қыр-сырын жеткізіп, жүгіруде кездесетін қиындықтар (тізе, жүрек, өзге де ағза мүшелерінің жұмысына оң, кері әсері) мен оларды жеңудің жолдары, су ішудің мөлшері, «екінші тыныстың» ашылуы, гимнастиканың көмегі, тағы басқа мәселелер туралы кеңірек ақпарат беру еді.

Өкінішке қарай, Марат Жыланбаев секілді асқан ерік-жігер иелерінен кәсіби кеңестерді жүйелі түрде жариялап тұру - қазақ тілді журналистикаға сіңісе қоймаған қасиет. Мұндай оң құбылыс орыс тілді басылымдарда, шетелдерде жиі кездеседі. Редакция осы олқылықтың орнын аз болса да толтыруды, оқырманның бойын үйретуді көздеді. Жобамыз осы мүддеден табылып, оқырмандар тарапынан оң қабылданды деп сенеміз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бүгінгі басты мақсат - дені сау ұлт, ұрпақ қалыптастыру. Бұл үдеден шығу жолында «Сарыарқа самалы» газеті алдағы уақытта да қызғылықты жобалар ұсынатын болады. Бұл ретте сіздердің тарапы-ңыздан қандай да бір бірегей ұсыныстар айтылса, қуана қабылдайтын боламыз.


Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

saryarka-samaly.kz