Автобаза бөлімшесінің тұр- ғыны Айгүл Стручалина жергілікті тұрғындар бұл мәселені аудан әкімінің есептік кездесуінде жылда көтеретіндерін айтады. Таза ауыз су сұрап, талай мекеменің табалдырығын тоздырған халықтың бұл өтініші ескерусіз қалуда. Салдарынан құдықтан су таситын тұрғындар мал, бау-бақшаны суаруда қиындық көруде.

- Автобаза аумағында 3 километр жерде бұрғылау мұнарасы орнатылған. Бұл арқылы Железин ауылының халқы сумен қамтылып отыр. Алайда біз колонканың жоқтығынан аталмыш мұнараның суын пайдалана алмай келеміз. Жергілікті билік жыл сайын құрғақ уәдеге тойдырып келеді. Ал тұрғындар суды шама-шарқына байланысты құдықтан, ұңғымалардан тасиды. Қазіргі уақытта аудан орталығындағы жолдарға асфальт төселуде. Алдағы уақытта су құбыры салынатын болса, көптеген шығынға әкелуі мүмкін. Себебі жаңа төселген жол қазылып, қатынасқа қолайсыздық туындататыны анық, - дейді ол.

Аудан әкімдігі су мәселесі келесі жылы өз шешімін табатынына сендіргісі келеді.

- Мұндай құрғақ сөзді ести-ести мезі болдық. «Алдағы жылы су болады» деген сөзге халықтың құлағы үйреніп алған. Бәрінен бұрын аудан орталығының іргесінде отырып, су құбырына жарымағанымыз қынжылтады. Өйткені шалғай ауылдарда таза ауызсу мәселесі өз шешімін табуда. Талай жылдан жыр болып келе жатқан жұртшылықтың тілегі ескерілсе екен, - дейді тұрғын.

Шарапиден Нұрғазиновтің Автобаза ықшам ауданында тұрып жатқанына 45 жылдан астам уақыт болған. Халықтың ауызсу мәселесін көтеріп жүргеніне 10 жыл болғанын айтады.

- Автобаза аумағында орналасқан бұрғылау мұнарасы автопарк жұмыс істеген уақытта салынған болатын. 1992 жылға дейін жергілікті халық колонка арқылы сумен қамтылды. Тоқсаныншы жылдардың басында автопарк жабылған кезде одан айырылып қалдық. Сондықтан тұрғындар құдық қазып, ұңғыма орната бастады. Бірақ мал, бау-бақшаны суару кезінде құдық моторының қуаты шыдамайды. Ол жанып кетсе, 40-50 мың теңгеге жаңасын орнатуға тура келеді. Бірақ бұл соманы ауыл тұрғындарының қалтасы көтере бермейді. Автобазада 110 тұрғын үй бар. Жергілікті биліктің бұл мәселені шешуге уәде беріп келе жатқанына 4 жылдан асты. Алдағы жылдан да үмітімізді үзбейміз, - дейді Ш.Нұрғазинов.

Тұрғындарды алаңдатып отырған ауызсу мәселесіне Железин ауданы әкімінің орынбасары Баулыбай Аужановтың айтар уәжі басқа. Бұл жағдай қаржыға тіреліп тұр.

- Автобаза бөлімшесіндегі тұрғындардың өтініш-тілектерін жақсы білеміз. Бірақ су құбырын орнатуда аудан бюджетінен бөлінетін қаржы аздық етеді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжат әзірленді. Облыс бюджетіне 132 млн. теңгеге өтініш берілді. Өткен жылы Прииртышск ауылында су құбырын тарту жұмыстары басталып, биыл шілде айында аяқталды. Нәтижесінде 300 үй орталықтандырылған ауызсуға қосылды. Сондықтан қаржы бөлінсе, келесі жылы Автобазада да су болады деген үміттеміз, - дейді Б.Аужанов.

Талай жылдан бері ауызсудан үміт үзбеген тұрғындардың мәселесі шешіледі деген ойдамыз. Бұл жағдайды басылым назарда ұстайтын болады.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

Железин ауданы.

saryarka-samaly.kz