- Алдымызда 1 қазан – Халықаралық қарттар күні жақындап келеді. Осыған орай өңіріміздегі зейнеткерлер қауы-мына қандай көмек көрсетіледі?

- Мерекеге байланысты дайындық қызу жүріп жатыр. Барлық аудан-қалаларда арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Бұл күні зейнет жасындағы барлық адамға мемлекет тарапынан тағайындалған бірреттік жәрдемақы беріледі. Мысал ретінде айтар болсақ, ең төменгі мөлшерде зейнетақы алатын азаматтардың барлығына бірдей 1,2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (3030 теңге) бір жолғы әлеуметтік көмек берілсе, 80 жастан асқан аталар мен әжелердің есепшотына 2,9 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақша (7322,5 теңге) түседі.

- Павлодар облысында барлығы қанша зейнеткер бар әрі бұл қатарда Ұлы Отан соғысының ардагерлерін де атап өтсеңіз...

- Біздің облыста 80 жасқа дейінгі зейнеткерлердің саны 8 мыңнан асады. Ал жастары одан жоғары 1000-ға жуық қария бар. Сондай-ақ, кезінде Ұлы Отан соғысына қатысқан 96 ардагер болса, әртүрлі жағдайлармен соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтар саны – 1611. Бүгінгі күні арамызда Ұлы Отан соғысынан мүгедек болып оралған 10 ардагер отыр. Әрқайсысының денсаулығы әртүрлі. Барлығы - біздің жіті назарымызда. Бұдан бөлек 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылдың 9 мамырына дейін, яғни, соғыстың басынан соңына дейін талмай жұмыс істеген 7704 адам бар. Мұндай санатқа осы уақытта кем дегенде алты ай еңбек еткен адамдар жатады.

- Жақында облыстық ардагерлер кеңесі осы мерекеге орай қамқорлық жасау жөнінде үндеу жариялады. Бұған сіздер қалай үн қосудасыздар?

- Бұл - өте құптарлық бастама. Дәл сондай қайырымдылық акцияларын біз де ұйымдастырып жатырмыз. Мысалы, «Қамқорлық» қайырымдылық айлығын өткізу жөніндегі бастаманы облыстың барлық аудан-қалалары қолдап, жүзеге асыруда. Осы айлық шеңберінде барлық жеке меншік кәсіпорынға хат жолдап, қайырымдылық марафондарын өткізу және талай жыл елге еңбегі сіңген үлкен кісілермен кездесулер ұйымдастыру жөнінде ұсыныс айтылды. Бұдан бөлек, осы «Қамқорлық» айлығының шеңберінде облыс және қала орталықтарында тұратын қарттар мен мүгедектер қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Сонымен қатар, Павлодарда әлеуметтік тұрғыда осал топтарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі ұйымдастырылып, азық-түлік арзан бағамен сатылады. Акцияға «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері мен еріктілер қоғамы да айрықша қолдау көрсетуде. Олар осы күні жастары жүзден асқан аталар мен әжелердің үйлеріне арнайы барып, оларды мерекемен құттықтамақ. Тіпті, құттықтап қана қоймай, үй жинау, аула тазалау, дүкеннен азық-түлік сатып алу сынды жеке шаруаларына да көмектесетін болады.

- Биыл қанша ардагер демалыс орындары мен оңалту орталықтарына жіберілді?

- Ағымдағы жылдың 24 қыр- күйегіндегі жағдай бойынша 1445 адам облыс орталығындағы «Ардагерлер үйінің» оңалту курстарына барды. Оның 933-і зейнеткер болса, 512 адам – мүмкіндігі шектеулі жандар. Биыл осы мекемеге 167 038,0 мың теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Бұдан бөлек, жыл басынан бері 991 қарияға сауықтыру қызметі көрсетілді. Сонымен қатар, «Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік туралы» заң аясында «Жемчужина долголетия» демалыс үйі де зейнеткерлерді қабылдады.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz