Аруағы желеп-жебеп жүргей

Досай би бабамыз:

Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар,

Екі баласы бардың болар-болмас хәлі бар.

Үш баласы бардың үш рулы елде малы бар.

Төрт баласы бардың төрт құбыласы тең болар,

Бес баласы бардың дес бермейтін жөні бар.

Алты баласы бардың алмай қоймас саны бар,

Жеті баласы бардың алмай қоймас жаны бар,

Сегіз баласы бардың сергелдеңге салар кәрі бар,

Тоғыз баласы бардың толғандырар жолы бар.

Он баласы бардың орда бұзар қолы бар», – дегені халқымыздың жадында қалған.

Қазақ атамыз қашанда үрім-бұтағының тамыр жайғанын, өніп-өскенін қалаған. Жай тілеп қана қоймай, қандай да бір жаугершілік, соғыс, нәубет, үркіншілік заман болса да, баласының көптігімен мәртебесін асырған. Бірінікін біріне кигізсе де, жеткізген, жалаңаяқ қалдырмаған. Бүгінде арамызда 10-12 балалы отбасынан шыққан ағайындар баршылық. Шүкір, ешқайсысы көштен қалмаған, жетілген, жігерлі.

Заман қанша құбылса да, өзгермейтін құндылықтар бар. Солардың бірі – осы көпбалалы отбасы ұғымы. Бұл - отбасылық емес, ұлттық деңгейдегі түсінік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жыл сайын 8 наурыз мерекесінде әйелдермен салтанатты кездесуінде көпбалалы аналарға құрмет-ілтипат білдіріп жатады. Бұл – болашағын ойлаған мемлекеттің алдындағы зор міндет.

Әрине, 1-2 баласы бар үй мен 5-6 балалы отбасының тіршілігін салыс-тыра алмайсыз. Қазақ атам айтқандай, қанша ауыз болса, сонша тамақ керек. Нарық заманында пұлды табу да оңай емес, бірақ бұл құлынына, қылығына қарап еміренетін ата-ананы қайыстырып жіберетін жағдай емес. Әрі халқымызда «қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады» деген даналық бар. Әр бала несібесімен келеді. Сондықтан, бәрін банктер секілді расходқа жатқызып қойып есептеу барып тұрған әбестік болар еді. Бала – ешқандай нарықтың заңдылығына көнбейтін дәулет, бақыт, байлық. Бұл жерде әрі қарай ұлан-ғайыр дәлел айтып созу керек емес болар.

Өкінішке қарай, соңғы уақытта көпбалалы отбасын материалдық әл-ауқаты аз топтың қатарына қосып жібердік. Тура қоспасақ та, көпбалалы деп айтсақ болды, санамызда «әл-ауқаты төмен категория» деген түсінік пайда болатын болған. Бұған ең алдымен қазіргі көп нәрсенің байыбына бара бермейтін қоғам себепші. Айтқандай, үйінде жаны көп болса, аз-маз дәулеті кем түсуі - табиғи жағдай. Бірақ бұл әлгі әулет қолын жайып отырған бейбақ отбасы деген ұғымға саймау керек. Ол балалар ертең жетіліп кетеріне еш күмән жоқ. Қазір ғана шығар – көмекке мұқтаж болуы мүмкін. Әрі, көпбалалыға көмектесу – шариғатта да, адамгершілік заңында да басымдық берілетін мәселе. Шын жаныңыз ашып бара жатса, тоқтыңызды жетектеп беріп кетіңіз. Демографиялық тұрғыдан ойласа, мемлекет көмекақы беруге өте-мөте міндетті. Бірақ қалай болсын, көпбалалы отбасыны жұрт алдында деңгейін кемітіп көрсетуге ешкімнің ешқандай құқығы жоқ! Егер үкімет бекіткен заңға сәйкес төлемақы алып жатса, тұрмыс—тіршілігі төмен дегенді білдірмейді. Сәйкесінше, «әл-ауқаты төмен» санатқа жатушылардың барлығы көпбалалы отбасы деуге келмес. Жалғызілікті адамдар да үкіметтен пособие алып жатуы мүмкін. Керісінше, осы күні күнкөрісі жақсы көпбалалы отбасылар қаншама! Оларға да сондай көзқараста боламыз ба? Яғни, көпбалалы отбасы деген ұғым – мемлекеттен жәрдемақы алуға тиісті категория санатында ғана. Осы жерде мәртебе деген сөзді қолдану да дұрыс емес, біздіңше. Мәртебе мен категория - екі басқа ұғым. Мәртебе деген жоғары ұғымда айтылады, «мәртебесі асты» дейді қазақ мерейі шалқып отырған адамды көргенде.

Кейде әлеуметтік желілерде «жарымес» пікірлерді көріп, жағаңды ұстайсың (олар қазақ ұлтынан емес деп үміттенемін). Арасында «Асырай алмайтыны бар, топырлатып тапқаны несі?» деген топастар табылады. «Екі елі ауызға төрт елі қақпақ бола алмайсың», айта берсін. Тек, өзі малын беріп, көмектесіп жатқандай, зығырданың қайнайды.

Осы жерде бір ескеретін тұсты ұмытып жатамыз. Жаратқаннан күні-түні бала тілеп, сұрап жүргендер бар. Ертеде әулие-әмбиенің басына қонып, тілеп алған батырлар көп болған. Бүгінде барып жатады, тілеуі қабыл болсын дейміз. Бәзбіреулер медицинаның жетістіктеріне сенеді. Ондай заманауи технология жолымен бала сүю бақытына ие болғандар қаншама. Қазақстанның өзінде де осындай мүмкіндіктер пайда болғалы 30 жылға жақындаған шығар, ол балалардың алды екі мүшелден асып кеткен болар. Сәбидің іңгәсін естуге зәру адамдар арамызда жүргенде, өзгелердің Алланың берген несібесін кері қайтармай, материалдық жағдайын ойлап жатпай, көпбалалы болып жатқаны зор бақыт, өлшеусіз шаттық емес пе дейсіз.

Не десек те, қоғам болып «көпбалалы отбасы - жарлы-жақыбай» деген түсінікті түбірімен өзгертуіміз керек. «Суды сұрап бермейді» демекші, көмегіңіз болса көрсетіңіз, әйтпесе міндетсініп, ол бағытқа қарай санаға сыйымсыз пікірлер айтпаңыз. Осы күні «қайырымдылық жасау» мен «өзіне жарнама жасау» дегенді шатастырып алғандар бар. Көпбалалы болсын, тұрмысы төмен өзге де категорияға жататын отбасылар болсын, балаларына бір-екі киім-кешек әперіп, оларды суретке түсіріп, газетке, әлеуметтік желілерге тегін жариялаушылар бар. Масқара ғой. Қайырымдылықты көрсетіп жасамайтыны бір бөлек. Ертең ол көмекті жұрт көзінше алған балаларды құрбылары танып, мектепте сөз етіп, психологиялық қысым көрсетуі мүмкін. Ондай көмегіңіз бар болсын, жас жанды жарақаттап. Әрине, бұл - біраз басқа мәселе. Бірақ қоғамда бар түрпілік.

Әзірге қасиетті түсінік, ұлттық құндылық болып саналатын көпбалалы отбасы деген ұғымға басқаша реңк, мағына бермейікші. Бұл - мәртебе. Құдай өзі таңдаған пендесін бөлейтін мәртебе. Ендеше күпірлікпен сөз айтпалық. Жаратқан Алла балаларды бергенде несібесін де қарастырған алдын ала. Сіздің де мәртебеңіз ассын. Көпбалалы болыңыз!

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz