Небары 10 пайызды құрайды

Павлодарлық тұрғын Жанар Исабекова – қантты тұрақты түрде сатып алушылардың бірі. Айтуынша, жылына кем дегенде 50 келі алады. Оны күнделікті ас мәзірінде, тосап, компот, басқа да тәттілерді дайындау барысында пайдаланады.

- Біздің үйде барлығымыз – жолдасым, екі балам және мен шайға қант қосамыз. Балаларым бәліш, торт, құймақ сынды түрлі тағамдарды жақсы көреді. Сондықтан құрамында қанты бар осындай өнімдерді жиі дайындаймын. Ал жаз, күз кезінде келіншектердің барлығы дерлік қысқа қамданып, жеміс-жидектерден тосаптың түр-түрін әзірлейді. Оған да қант керек. Байқасам, жылына кем дегенде екі қап қант алады екенбіз. Қыста өнімнің бұл түріне сұраныс көп болмағандықтан шығар, бір келісінің бағасы 140-160 теңге шамасында болады. Ал жазда шарықтап, 300-320 теңгеге дейін жетеді. Амал жоқ, сатып аламыз, - дейді Ж.Исабекова.

Осылайша, әр отбасы бір жыл аралығында қант сатып алуға 10 мың теңге шамасында қаржы жұмсайтын көрінеді. Бұл отбасы мүшелерінің қантты тұтынуына тікелей байланысты. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, әрбір қазақстандық орта есеппен жылына 26 келі қант жейді. Әлемде бұл көрсеткіш бойынша АҚШ көш бастап тұр. Америкалықтар жылына 70 келі құмшекерді тұтынады екен. Канада азаматтары бір жылда 63 келі, ал ресейліктер 44 келі қант сатып алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 1965 жылы бір адам жылына бар болғаны 3 келі ғана қант жесе, 1990 жылы 8 келі, 2003 жылы 8,2 келі, 2015 жылы 10,5 келі тұтынған екен. Мамандар мұны уақыт өте келе тағам құрамындағы қант және қант қоспаларының көбеюімен байланыстырады.

Жалпы, қазақстандықтардың қантқа сұранысы жылына 500 мың тоннаны, оның ішінде павлодарлықтардың қажеттілігі 10 мың 977 тоннаны құрайды. Өнімнің
301 мың тоннасы Ресейден жеткізіледі. 140 мың тоннасы - қант құрағынан дайындалған импорттық өнім. Қалған 59 мың тоннаны Алматы, Жамбыл облыстарындағы зауыттар қант қызылшасын өңдеу арқылы алып, ішкі нарыққа жөнелтеді. Байқағанымыздай, отандық өнім небары 10 пайызды құрап отыр. Сондықтан Павлодар облысының билігі өз өңірімізде қант қызылшасын өсіріп, зауыт салуды ұйғарды.

Алғашқы өнім

Елімізде қант қызылшасы Алматы, Жамбыл облыстарындағы 19,6 мың гектар жерде өсіріледі. Биыл бірінші рет біздің аймақ та аталмыш көкөністі егіп көрді. Тәжірибе ретінде 10 шаруашылық жалпы аумағы 10 гектар болатын алқапқа германиялық тұқымның 8 сұрпын салды. Солардың бірі – Ақсу қаласындағы «Сергей» шаруа қожалығы.

- Суармалы алқапта қант қызылшасын өсіру қиын емес. Өз өңірімізде қант зауытының салынатынын, соңғы уақытта көкөністің бұл түріне сұраныстың артқанын ескерсек, табысты іс.  Тек өнімді жинау жұмысшыларға ауыртпалық салуы мүмкін. Себебі арнайы комбайндар жоқ. Келесі жылы алқап көлемін ұлғайтар болсақ, техникалар алып, жұмысқа мықтап кірісеміз, - дейді шаруашылық басшысы Виктор Рямбов.

«Сергей», «Тимур», «Ақтоғай-Агро» және «Маяк» шаруа қожалықтарында өсірілген өнімнің алғашқы легі Ресейдің Алтай өлкесіндегі қант зауытында талдамадан өтті. Нәтиже – көңіл көншітерлік.

- Қызылшаның егілгеніне тура 100 күн толғанда әр сұрыпты жеке-жеке салған аталмыш төрт шаруашылықтан барлығы 32 қап өнім жинап, Ресейге апардық. Талдама қорытындысы қызылшаның құрамындағы қант орташа есеппен 14-15 пайыз екенін көрсетті. Оны өңдеу үшін қанттылығы дәл осындай көлемде болуы тиіс. 1 қазанда, яғни тұқымның салынғанына 120 күн болғанда Алтайдағы зауытқа тағы бір мәрте жөнелтіледі. Бұл жолы барлық 10 шаруашылықтан үлгілер алынады. Сол арқылы қай ауданда өнімділік жақсы екенін, келесі жылы қай уақытта егу керектігін анықтаймыз, - дейді «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының агроөнеркәсіп кешенін дамыту департаментінің директоры Дәулетияр Бигелдиев.

Бүгінгі күні шаруашылықтар гектарынан 40 центнер өнім жинауда. Салыстырмалы түрде қарар болсақ, көршілес Ресей елінің шаруалары бір гектардан 60 центнер қант қызылшасын алады. Мамандар мұны техни-калық мүмкіндіктермен байланыстырып отыр.

- Биыл облысымызда қант қызылшасы тәжірибе жүзінде егілгендіктен, ешқандай техника қолданылған жоқ. Жұмысшылар тұқымды қолмен салып, өнімді қолмен жинауда. Мұндай әдіс өнімнің шығымдылығына әсер ететіні анық. Сондықтан, ресейліктермен салыстырғанда көрсеткіш сәл төмен. Десе де, келесі жылы құрал-жабдықтарды дайындап, алқап көлемін 400 гектарға дейін арттырып, әр гектардан 80 центнер қант қызылшасын алуды жоспарлап отырмыз, - дейді Д.Бигелдиев.

Жиналған өнімнің барлығы Ақсу қала-сының маңында салынатын қант зауытының қоймаларына жеткізіліп, сол жерде сақталатын болады.

Бәрі «таласып» тұр

Аймағымызда өсірілген қант қызылшасын өңдейтін кәсіпорын Ақсу қаласындағы агропарк аумағында іске қосылмақ. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, қант зауыты 70 гектар жерді алады. Қазіргі кезде аталмыш аумаққа инженерлік-коммуникациялық желілерді жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Атап өтерлігі, Ақсу қаласындағы қант зауытына қызығушылық танытқан инвес-торлар саны күн санап артып келеді. Әуелде қытайлық және ресейлік кәсіпкерлер қаржы құюды қаласа, енді олардың қатарына Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия елдерінің бизнес өкілдері де қосылды. Тіпті, отандық «Самұрық-Қазына Инвест» компаниясы жобаның 49 пайызын қаржыландыруға әзір екендіктерін танытып отыр. Ал жобаның жалпы құны – 120 млн. еуро.

- Қазіргі уақытта зауыттың жобалық-сметалық құжаттамасының 80 пайызы дайын. Болжам бойынша, ақпан айында сараптамамен бірге қолымызға тиеді. Жобаға қызығушылық танытқандардың барлығы осы құжатты күтіп отыр. Содан соң ғана нақты инвестор анықталады, - дейді Д.Бигелдиев.

Осылайша, келесі жылы өңдеу орнының қазығы қағылып, 2021 жылы іске қосылмақ. Тәулігіне 6 мың тонна, жылына 720 мың тонна қант қызылшасын өңдейді. Одан 110 мың тонна өнім алады. Демек, Ақсудағы зауыт облыстың сұранысын толық өтеп қана қоймай, өзге облыстарға жеткізу мүмкіндігі туындайды.

Бірақ, зауыт бір жылда тек 120 күн жұмыс істейтін болады. Қалған уақытта құралдарды жөндеп, техникалық қызмет көрсету бойынша шараларды атқарып, келесі жиын-терімнің өнімдерін өңдеуге дайын-далады. Бұл – барлық қант зауытына тән жағдай. Мәселен, Ресейдегі зауыттар шамамен 200 күн шикізат өңдеумен айналысады.

Қант қызылшасының қалдықтары да кәдеге жаратылмақ. Қант алу үшін қызылшаның тек 20 пайызы пайдаланылады. Қалған 80 пайыздан сығынды шығады. Еуропа елдері оны кептіріп, сығымдап, бордақылау алаңындағы малдардың азығы ретінде қолданады. Ал біздің жергілікті билік басқа табыс кілтін табуды көздеп отыр. Атап айтқанда, қазіргі уақытта түркиялық инвесторлармен қалдықты өңдеуге қатысты келіссөздер жүргізілуде. Егер қос тарап өзара келісімге келсе, жомнан пектин алу ісі қолға алынбақ. Ол кондитерлік өнімдерді дайындауда жоғары сұранысқа ие. Нәтижесінде қант қызылшасын өңдеу қалдықсыз кәсіпке айналмақ.

Оған қоса, өңірімізде қант зауытының ашылуы баға саясатына айтарлықтай әсер етеді. Өнімнің бұл түрі әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің тізімінде бар. Сондықтан баға жергілікті биліктің бақылауында. Әсіресе, тұтынушылар тарапынан сұраныс артатын жаз кезінде тапшылық туындамай, құмшекердің құны қалтаны қақпас үшін өңірлік тұрақтандыру қорына мол көлемі алдын ала сатып алынады. Мәселен, былтыр 200 тонна, биыл 250 тонна қант қоймаға қойылды. Дүкендерде бағасы шарықтаған кезде «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өнімді төмен бағаға жеткізе бастайды. Бүгінгі күні бір келі қанттың орташа бағасы – 187 теңге. Қантты өзімізде өндіре бастаған соң баға бұдан да төмен болады деп болжанып отыр.


Осылайша, Павлодар облысының қант өндіретін өңір санатына қосылуы үшін алғашқы қадамдар жасалды. Алдағы уақытта бұдан да ауқымды істер жүзеге аспақ. Соның нәтижесінде импорт алмастырылады, аймағымызға инвестиция тартылады, қазынаға қосымша қаржы құйылады, күнделікті өмірде жиі қолданылатын өнімнің бағасы айтарлықтай төмендейді, жаңа жұмыс орындары ашылады. Қысқасы, қант қызылшасын өсіру, қант өндіру өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тың серпін берері анық.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz