28 қыркүйек күні, ұлы Мұхтар Әуезовтің туған күнінде, «Әкемтеатр» ұжымы ғұлама жазушының «Абай» трагедиясын сахналады. Тарихи туынды қазақ өнерінің тарихында тұңғыш рет 1949 жылы 28 желтоқсанда қойылған екен. Содан бері 70 жыл бойы спектакльді көптеген облыстық өнер ұжымдары өз репертуарына енгізіп, көрермендеріне ұсынды. Десе де, «Абайды» Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлерінің орын-дауында тамашалау – екінің біріне бұйырмаған бақ. Қойылым тарихына үңілсек, бас кейіпкер - Абай образын қазақтың Ыдырыс Ноғайбаев секілді небір атақты өнер майталмандары сомдады.

Павлодар жерінде Абайдың бейнесін бізге дарынды актер Азамат Сатыбалды үлкен шеберлікпен, үлкен жүрекпен жеткізе білді. Бұны қазақтың аңызға айналған актері, КСРО мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бағалап өтті.

- Қазақ болып туғаныма мақтанамын. Қазақтың өнерін қуғаныма мақтанамын. Абайды әр уақытта қазақтың әйгілі актерлері сомдады. Бүгінде Абайдың рөлінде - дарынды актер Азамат Сатыбалды. Жас та болса, хакім атамыздың бейнесін өте жақсы сомдап шықты. Абай – біздің ұлы тұлғамыз, әлемдік мақтанышымыз. Осындай өнер ұжымының қойылымдарына келген барша павлодарлық көрермендерге алғыс білдіремін. Облыстағы Баянауыл ауданы – қазақтан шыққан «тұңғыш» тұлғалардың мекені. Жұмат Шанин - тұңғыш кәсіби театр режиссері, Шәкен Айманов – тұңғыш кино режиссері, Қаныш Сәтбаев Қазақ ұлттық ғылым академиясының тұңғыш президенті. Айта берсек, шағын ғана өңірден түлеп ұшқан дарынды тұлғалар көп. Осындай ұлылықты сақтап отырған өңір жұртшылығына ризамыз. Өніп-өсіңіздер, жасай беріңіздер! - деді А.Әшімов.

Шынында, «Абай» трагедиясын тама-шалауға келушілер залды лық толтырды. Аудандардан арнайы спектакльге ат басын бұрып келгендер қаншама. Олардың барлығы ұлы ойшылдың өмірі мен қайраткерлігін арқау еткен қойылым барысында бірге қуанып, бірге мұңайды. Қос ғашық Айдар мен Ажардың тағдырына араша түскеніне бір риза болса, Әбіш пен Мағыштың, Мағауияның аянышты халіне бірге мұңайды, ағайындар ортасында тартыстар шиеленісіп, ақыры надан топтың Абайды сабағанында жүрегі қарс айырыла қайғырды. Екі сағаттық драмалық қойылым көрерменін бастан-аяқ демін ішінен алғызып қойды. Қойылым соңында әртістерді қолпаштаған көрермендер ұзақ қол шапалақтап, залдың ішін жаңғырықтырып жіберді. Облыс әкімі Болат Жұмабекұлының атынан ықылас гүлі ұсынылды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов «Әкемтеатрдың» сапары Павлодар өңірі үшін айтулы жаңалық болғанын атап өтті. М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрының директоры Сәбит Әбдіхалық Е.Дәуеновті «Алғыс хатпен» марапаттап, театр туралы кітапты сыйға тартты.

Төрт күндік өнер сапарын М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры сәтті аяқтады. Павлодарлық көрермендер өнердің саф тұнығынан қанып ішті. Олар үлкен шеберлікпен қойылған спектакльдерден алған әсерлерінен ұзақ уақыт айыға алмайтыны анық. Қош бол, қайта айналып келгенше, қазақ өнерінің қара шаңырағы!

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz