Алаштың аймаңдай ұлдары туған қасиетті Баянауыл топырағына бұл күні өңірдегі игі жақсылардың барлығы дерлік жиналды. Шараны ұйымдастырудағы басты мақсат - Елбасымыздың «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламасындағы «Ұлы Даланың ұлы тұлғалары» жобасын жүзеге асыру. Өз деңгейінде айтылмай, толыққанды зерттелмей жатқан Жүсіпбек Аймауытұлы секілді арда азаматтарды жас ұрпаққа насихаттау. Сондықтан да ұйымдастырушы тарап бұл жолы тұлға жайлы танымдық бағыттағы жұмыстарға көбірек көңіл бөлді.

- Аймағымыздағы «Мәшһүр Жүсіп» қоры кейінгі 2 жылда бірқатар шараларды қолға алдық. Шоң бидің 265 жылдығына арнап мектеп оқушылары арасында аудандық, облыстық оқулар, медресе шәкірттері арасында облыстық құран жарысы өткізілді. Біздің тағы бір жоспарлаған жұмы-сымыз - Жүсіпбек атамыздың есімін ұлықтау. Осы бағытта бүгін тау тұлғаның есімін арқау ете отыра мұғалімдер арасында тұңғыш рет екі бағыттан тұратын облыстық конкурс ұйымдастырдық. Сондай-ақ Баянауыл аудандық «Жүсіпбек оқуларында» оқушылар бақ сынайды. Байқауларға өңірімізге белгілі Жүсіпбектанушы ғалымдар баға беретін болады. Жазушының есімін кеңірек насихаттау мақсатында бүгін басқа да танымдық шаралар ұйымдастырамыз, - деді Павлодар қалалық мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі, ҚР мәдениет қайраткері Мейрам Нұғыман.

Мұғалімдер арасында алғаш рет ұйымдастырылған Жүсіпбек Айма-уытов атындағы байқауға өңіріміздегі әрбір аудан-қаладан үміткерлер қатысып, білімдері мен тәжірибелерін ортаға салды. «Оқу- білім – жанған шырақ, ойласаң» тақырыбындағы тест тапсырмалары бойынша өткен бәсекеде Екібастұз қаласындағы Абай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қарлығаш Тәшенова бас жүлдені иеленді. Ал «Сөз жампозы - Жүсіпбек» эссе жазу бағытында өткен сайыста Баянауыл ауданы, Аймауытов ауылдық мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Әбілдинаға тең келер ешкім болған жоқ. Сондай-ақ оқушылар арасында өткен аудандық «Жүсіпбек оқуларында» білімі озып, бағы жанғандар жүлдегер атанды. «Ж.Аймауытов шығармашылығы» секциясында Ж.Аймауытов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Диана Дүйсен жеңімпаз атанды. Ал «Ж.Аймауытов танымы» шығармашылық сайысында жазу-шының өз ауылының 11-сынып оқушысы Гүлнарзан Иманбектің мерейі үстем болды. Сондай-ақ «Ж.Аймауытов тұлғасы» секция- сына қатысқан үміткерлер арасынан баянауылдық Ақши ауылының 9-сынып оқушысы Жаннұр Жүнісбекова өзгелерден үздік шықты.

Сондай-ақ бұл күні Ж.Аймауытов тұлғасын терең таныта түсу үшін өңірімізге белгілі ғалымдар «Қызылтау - қыран ұшқан қиясынан» тақырыбында танымдық лекция оқыды. Атап айтқанда, облыстық «Ақбеттау» журналының бас редакторы, өлкетанушы Сайлау Байбосын, филология ғылым-дарының кандидаты, С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, ақын Серік Елікбай, тіл жанашыры, филология ғылымдарының докторы, профессор Айман Зейнулина қатысушыларға арнап дәріс оқыды. Сонымен қатар ауыл мектебінде «Жаңартылған білім мазмұнымен оқытудың әдіс-тәсілдері» тақырыбында мұғалімдерге арналған облыстық біліктілікті арттыру семинары өтті.

- Бүгін қазақ әдебиетінің алдас-паны - Жүсіпбек Аймауытовтың туған топырағында бас қосып отырмыз. Жүсіпбек артына мол мұра қалдырғанымен, өкініштісі, атамызға қатысты кейбір құнды деректерді таба алмай жүрміз. Оның барлығы кешегі солақай саясаттың кесірінен орын алғандығы белгілі. Тұлғаның шығармашылығында әлі де зерттеп, зерделейтін тұстар бар. Әсіресе, оның өмірбаяны туралы деректер тыңғылықты зерттелмеген. Ж.Аймауытов туралы деректер Ресейдің Омбы мемлекеттік мұрағатында, Мәскеуде, Моңғолия жерінде сақталғанын білеміз. Жүсіпбектің Бектұр есімді ұлының күнделігі Ресейдің Кемеров облысынан табылды. Күнделік қазір Бектұрдың қызы Риманың қолында. Күнделікті жазған кезде Жүсіпбектің ұлы Бектұр түрмеде отырған еді. 13 жасқа дейін әкесімен бірге болған бала осы күнделікке көптеген дүниелерді жазған болуы керек. Қойын дәптер татар, орыс тілдерінде төте жазумен жазылған. Осынау құнды жәдігер қолымызға түссе, көптеген тың деректерге куә болар едік, - дейді филология ғылымдарының докторы Айман Зейнулина.

Сондай-ақ ұлы жазушының құрметіне ұйымдастырылған мерейтойлық шара барысында Павлодар облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының ұжымы көпшілікке өз өнерлерін көрсетіп, көрерменнің көз алдындағы Жүсіпбек бейнесін айқындай түсті. Ал өңірдегі Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен Алаш арысына арналған көрме көпшілік назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, шараға жиналғандар Ж.Аймауытовтың туған ауылы – Дәндебай атырабына, Тұяқ қажы зиратына барып, зиярат етті. Сондай-ақ тарихи деректерге бай «Мәдени кіндік» ауылының орнына барып, бабаларымыздың бұрынғы мекенін көзімен көрді.

 

Алпысбай ХОНЖ

Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz