Дәстүрлі қарбыз фестиваліне Малыбай ауылдық округінің тұрғындары сол ауылдағы «Әлішер» шаруа қожалығының өнімдерін алып келіпті. «Қарбыздар жұмағы» деп аталатын шағын көрме көрген көздің жауын алады. Қарбыздан және басқа да бақша өнімдерінен жасалған баланың бесігі, самауыр, тасбақа, кәуәп пісіретін мангал және арбаға жегілген аттың бейнелері өте сәтті жасалған.

Бір қараған адамға оңай көрінгенімен оның барлығын кесіп-пішіп, құрастыру – үлкен еңбек екені сөзсіз. Ал, арба толы жеміс-жидектен диқандар қоймасын өнімге толтырып үлгерген алтын күздің шынайы көрінісін байқайсыз. Қысқасы, мұнда қойылған әрбір көрмеден және ондағы әрбір туындыдан шеберлік пен тапқырлықтың бір-бірімен үйлесім тапқанын байқауға болады. Майқарағай ауылдық округіндегі Б.Уақатов орта мектебінің ұстаздары мен оқушылары дайындаған көрмеден «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтылған қазақ даласының жеті ерекшелігі көрініс тапқан.

- Қыран құсының биігіндей шалғайдан алынған Аққулы ауда-нының картасын көріп тұрсыздар. Әсіресе, Шақа ауылдық округінің реликті қарағайлы аумағы - біздің өңірдің ең сұлу да көрікті нүктесі. Бұл қарағайлы орман Алтай өлкесіне қосылып, одан ары тайгамен жалғасып жатыр. Сонымен қатар, «Ұлы Даланың жеті қырындағы» аң стилі, ежелгі металлургия өркениеті, Ұлы Жібек жолы, Алтын адам, атқа міну мәдениеті, Түркі әлемінің бесігі және біздің табиғи байлығымыз саналған алма мен қызғалдақтар сынды тарихи құндылықтарымызды қарбызбен бейнелеп алып келіп отырмыз, - дейді Майқарағайдағы Б.Уақатов атындағы орта мектеп мұғалімі Қарлығаш Бекеева. Бұдан бөлек, Ямышев ауылдық округінің шеберлері қарбыздан батырдың, Қызыләскер ауылдық округінің Потанин мектебі киіз үй бейнесін жасап, оны түрлі ою-өрнекпен безендірген.

Қазылар алқасы ауылдық округтер ұсынған көрме-байқауын аралағаннан кейін өнерпаздар дайындап әкелген шығармашылық нөмірлерін тамашалады. Аудан әкімі Абзал Балғабаев өзінің құттықтау сөзінде жаз бойы тынбай еңбек етіп, егін жинау науқанында мол өнім жинаған диқандарға алғыс білдірді. Аудан басшысының сөзінше, Аққулы өңірінің шаруа қожалықтары биыл 2 мың гектар аумаққа қарбыз егіп, 80 мың тонна өнім жинаған.

- Осы жазда Нұр-Сұлтан қаласында өткен ауыл шаруа-шылығы жәрмеңкесіне 30 тоннадан астам қарбыз жеткізілді. Жақын көршілес елдерге де экспортталуда. Биыл екі-үш жылдай үзіліп қалған қарбыз фестивалін қайта ұйымдастырдық. Мақсатымыз – осы шара арқылы егіс науқанын қорытындылау, есеп беру және Жер-Анамызға ризашылығымызды білдіру болатын. Себебі, көптеген ауылдастарымыз өз несібелерін жерден тауып отыр. Жалпы, ауданда бақша өнімдерін салатын 20-дан астам қожалық бар. Олар биыл қарбыздың сексеннен астам сортын өсірді, - деді Абзал Әбілқақұлы.

Осы күні қарбыз тойына жиналған жұртшылық неше түрлі қызықтардың куәсі болып тарқасты. Мысалы, білекті жігіттер ұлттық спорт түрлері – арқан тарту, қол күресі, гир тасын көтеру сынды жарыстарда күш сынасты. Сонымен қатар, бәйге алаңында аламан бәйгесі ұйымдастырылды. Қазылар алқасы көрме-байқауына қатысушылардың шеберлігіне және шығармашылық сайысының ерекшелігіне қарай бағалап, жеңімпаз анықтады. Сонымен, қорытындысы бойынша, бақша дақылдарынан ат-арба үлгісін жасаған Малыбай ауылының өкілдері жеңімпаз атанса, Ямышев ауылы екінші орынды еншіледі. Қызыләскер ауылының өнерпаздары үшінші орынды қанағат тұтті.

 

Тілеуберді САХАБА

Аққулы ауданы.

saryarka-samaly.kz