Ауқымды жобалар жүзеге асырылуда

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров облыс әкімі Болат Бақауовпен бірге Успен ауданындағы «Галицкое» ЖШС-де болды. Аталған серіктестік 1 мың бас ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасын салуда. Қазіргі кезде шаруашылық басшылығы Чехия елінен симментал тұқымды 218 сиыр сатып әкелген. Жыл соңына дейін тағы 190 бас асыл тұқымды сиыр сатып алмақшы. Қалған 592 бас аналық мал өз иелігінде бар. Нысан толығымен заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталмақ. Серіктестік жаңа тауарлы сүт фермасын үстіміздегі жылдың желтоқсан айында іске қосуды жоспарлап отыр.

Аграрлық салаға қатысты тағы бір ауқымды жоба Тереңкөл ауданында жүзеге асырылуда. Мұндағы «Astyk PV» ЖШС жалпы саны 3800 бас ірі қара малға арналған бірнеше тауарлы сүт фермасын салуда. Бұдан кейін ведомство басшысы Железин ауданындағы «Пахарь» ЖШС-нің аграрлық қалашығына ат басын бұрды. Серіктестік еліміз бойынша ірі ауылшаруашылық құрылымдарының санатына жатады. Қазір шаруашылықта 4200 бас малға шақталған асыл тұқымды репродуктор және 10 мың бас ірі қара бордақылайтын алаң бар. Мал азығын дайындау үшін жалпы көлемі 7300 гектар болатын суармалы алқапты іске қосты.

- Елімізде мал шаруашылығына баса назар аударылуда. Бұл ретте, етті бағыттағы мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Енді сүт өндіруге көңіл бөлу керек. Аймақтарға жұмыс сапарымның мақсаты да - осы. Шаруаларды аталған бағыттағы жұмыстарға ден қоюға шақырамын. Сүтті мал шаруашылығын дамыту үшін мал азығын дайындауға мән беру қажет. Бұл суармалы егістік шаруашылығын дамытуды талап етеді. Павлодар облысында бұл бағытта жақсы жұмыс атқарылуда. Суармалы алқаптар көлемі ұлғайып келеді. Аталған бағытта кешенді жоспар бар, - деді министр.

Сондай-ақ, С.Омаров «Пахарь» ЖШС еліміздегі аграрлық саланың дамуының бір көрсеткіші екенін атап өтті.

- Елімізде ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамып келеді. Жұмысы ілгері «Пахарь» серіктестігі соған мысал бола алады. Жалпы, отандық аграрлық салада жетістіктер көп. Тек оны көрсете білуіміз керек. Шаруашылықтар өз қазандарында өздері қайнап отыр. Бір-бірімен тәжірибе алмасатындай мүмкіндік жасау қажет, - деді ведомство басшысы.

Атап өтерлігі, «Пахарь» ЖШС-нің агро қалашығы ауыл мәртебесіне ие болмақ. Қазір мұнда серіктестік жұмысшыларына арналған жалпы саны 48 пәтерлі бірнеше үй салынған. Сәйкесінше 48 отбасы тұрады. Ал ауыл мәртебесін беру үшін елді мекенде кем дегенде 50 тұрғын болуы қажет екен. Демек, талапқа сай келіп тұр. Болашақ ауылға алпауыт шаруашылықтың негізін қалаушы кәсіпкер, марқұм Руслан Аушевтің аты берілмек.

Железин ауданының шаруалары аграрлық саладағы маман тапшылығы мәселесін көтерді. Министр бұл елімізге ортақ проблема екенін атап өтті.

- Маман даярлау ісінде олқылықтар бар. Мысалы, бізде ветеринария мамандығында оқитын жастардың денін қыздар құрайды. Олардың оқу бітіргеннен кейін тек 30 пайызы ғана ауылға жұмысқа барады. Сондықтан қазір заңға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Оған сәйкес, мемлекеттік грантпен ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша білім алатын жастар 3 жыл ауылда еңбек етуге міндеттеледі. Онымен қоса, жастарға қолдау көрсетудің жолдарын қарастырамыз, - деді С.Омаров.

Таңдау Павлодар облысына түсті

Аймағымызға сапары барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі жағымды жаңалықпен бөлісті. Америкалық инвесторлар елімізде ирригациялық құрал-жабдықтар өндірісін ашуға ниетті екенін атап өтті. АҚШ кәсіпкерлерінің таңдауы Павлодар облысына түсіп тұр.

- Америкалық зауыттың өкілдері елімізге келді. Ғылыми-зерттеу институттарының мамандарын қоса әкелді. Қарағанды, Ақмола, Павлодар облыстарында болып, ондағы кәсіпкерлікті дамыту жағдайымен танысты. Шетелдік инвесторлар Павлодар облысын таңдап отыр. Демек, болашақта мұнда бірегей өндіріс орны ашылады деп күтілуде, - деді С.Омаров.

Аймағымыздың инвестициялық әлеуеті қытайлық кәсіпкерлерді де қызықтырып отырған көрінеді. Олар суармалы егіншілікті дамыту бағытында бірлесіп жұмыс істеуді ұсынуда.

- Бірден атап өткен жөн, қытайлық инвесторларға жер берілмейді. Аспанасты елінің кәсіпкерлері суармалы егіншілікті дамытуға қажетті құрал-жабдықтар өндіруді қолға алмақ. Инфрақұрылым тартуға жұмылдырылады, - деді министр.

Қос зауыттың қосары көп

Алдағы бірнеше жыл дересінде Ақсу қаласының аумағында қант және крахмал зауыттары салынбақ. Қос кәсіпорынның жобасы, оларды іске қосу бойынша атқарылып жатқан істер Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа таныстырылды.

Биыл облысымыз алғаш рет қант қызылшасын өсіріп жатқаны белгілі. Сапархан Омаров Ақтоғай ауданындағы «Ақтоғай-Агро», Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка ауылындағы «Сергей» шаруашылықтарында болып, алғашқы өнімді жинау барысын байқады. «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Александр Бабенко қазірдің өзінде қызыл-шаның құрамындағы қант көрсеткіші орташа есеппен 15 пайызды құрап отырғанын айтты.

- Еліміздегі қанттың 10 пайыздан астамы ғана отандық өнім екені белгілі. Сондықтан қант зауытының құрылысын қолға алдық. Жобаның құны – 51 млрд. теңге, қуаттылығы – жылына 110 мың тонна. Жергілікті шаруа- лар аталмыш өндіріс орнын шикізатпен қамтуға толықтай қауқарлы. Бұл бағытта еш қиындық болмайды, - деді А.Бабенко.

Сонымен қатар, басқарма төрағасы Ақсу қаласының маңында салынатын крахмал зауытына қатысты жоспармен бөлісті. Облысымызда сұраныстан 10 есе көп картоп өсіріледі. Сондықтан артық көлемді өңдеу ісі өзекті тұр.

- Жаңа зауыт жылына 140 мың тонна картоп өңдеп, 21 мың тонна крахмал шығаратын болады. Экспортқа бағытталған бұл өнімді шығарар нарық аясы кең. Айталық, Еуропа елдері жылына 568 мың тонна, ТМД елдері 24 мың тонна крахмал тұтынады екен. Бұл ретте аталмыш өнімді ірі өндірушілердің бірі – Беларусьтің өзі бізге бәсекелес бола алмайды. Себебі бұл елдегі электр энергиясының құны бізден 2,7 пайызға қымбат, - деді А.Бабенко.

Ауыл шаруашылығы министрі қос зауыттың іске қосылуы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына тың серпін береріне сенім білдірді.

Ведомство басшысы Мәмәйіт Омаров ауылындағы «Крон-Агро» шаруа қожалығының жұмыс барысымен де танысты. Аталмыш шаруашылық үш бірдей ірі жобаны бастап кеткен. Алғашқысы – суармалы алқапты ұлғайту. Осы мақсатта «Келет» деп аталатын отандық екі сорғы станциясын орнатып, 17 шақырым су құбырын салды. Бұл 1500 гектарды суаруға мүмкіндік береді. Екіншісі – 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысы. Бүгінгі күні монтаж-дау жұмыстарының жартысы аяқталды. Келесі жылы ферма іске қосылған соң жылына 9300 тонна сүт өндіретін болады. Үшінші бағыт – 12 мың тонна өнім сақтайтын көкөніс қоймасы. Биыл жиналған картоп дәл осы қоймада сақталмақ. Айта кетелік, бүгінде шаруашылық гектарынан 32 тонна картоп алып отыр. «Крон Агро» қожалығының басшысы Дидар Бейсенбаевтың айтуынша, осы үш бағытты қамтитын жобаның құны – 5,7 млрд. теңге. Оның 2,4 млрд. теңгесі – жеке инвестиция, 3,3 млрд. теңге – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаржысы.

Сондай-ақ, министр Евгеньевка ауылын-дағы «Тимур» шаруа қожалығында болды. Бұл шаруашылық картоп пен сәбіз өсіруге басымдық береді. Тіпті, сәбізді өңдеу бойынша технологиялық тізбек жұмыс істейді. Яғни, алқаптан жиналған өнімді жуып, кептіріп, өңдеп, қаптайды.

Осы орайда облыс әкімі Болат Бақауов біздің аймақ суармалы алқаптың көлемін ұлғайтып, өнімділікті арттыруға мүдделі екенін атап өтті.

- Павлодар облысы аумағынан жалпы ұзындығы 512 шақырым болатын Ертіс өзені мен 280 шақырымдық Сәтбаев атындағы канал өтеді. Бұл – шаруалар үшін оңтайлы мүмкіндік. Оларға қолдау көрсетіп, суармалы алқапты арттыру мақсатында сорғы станциясы мен электр энергиясы желілерінің құрылысын қолға алдық. Арнайы бағдарлама аясында сорғы станциясы сатып алынып, орнатылып, электр желілері тартылады да, шаруаларға 2 пайыздық жылдық мөлшерле- мемен 10 жылға дейін лизингке беріледі. Бұл ретте негізгі қарызды өтеуден 2 жылға дейін босатылады, - деді Б.Бақауов.

Субсидия мәселесі мазалайды

Сапар барысында министр картоп, көкөніс өсіретін павлодарлық шаруалармен жүздесті. Бұл ретте кәсіпкерлердің көпшілігін субсидиялау мәселесі алаңдататыны байқалды.

- Биыл картоптың элиталық тұқымын сатып алып, салдық. Өнімділік өте жақсы. Келесі жылы да бұл тұқымнан өнім алуды қалаймыз. Оған мемлекет тарапынан инвестициялық субсидия беріле ме? Сонымен қатар, құрылыс-монтаждау жұмыстарын субсидиялау мәселесі мазалайды. Биыл бұған қаржы қарастырылмаған көрінеді. Ал біз бір көкөніс қоймасын салдық, таяуда екіншісін пайдалануға береміз. Бұл бағыттағы жұмыстарға жұмсалған қаржының бір бөлігі субсидияланса, шаруаларға үлкен қолдау болар еді, - деді Павлодар ауданындағы «Дәнекер» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Әбішев.

Ведомство басшысы субсидияға қатысты сұрақтар тек павлодарлықтар емес, өзге өңір шаруалары тарапынан да жиі қойылатынын алға тартты.

- Картоптың элиталық тұқымын субсидиялау мәселесі оның өнімділігіне тікелей байланысты. Биыл өнімділік жақсы болса, келесі жылы қаржы қарастырылады. Алдын ала нәтижелерге зер салсақ, бұл жүйе шаруаларға тиімді сияқты. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын субсидиялауға келсек, жыл басында бұған қатысты жұмыстың дұрыс жоспарланбағаны байқалады. Яғни, қаржы қарастыру кезінде шаруалардың динамикалық өсімі ескерілмеген. Сондықтан министрлік арнайы өтініш әзірледі. Бюджетті нақтылау кезінде бұл мақсатқа қосымша қаражат бөлінуі ықтимал, - деді С.Омаров.

«Тимур» шаруа қожалығының басшысы Равиль Мингазов кәсібін кеңейту үшін жердің кепілдікте болуы кедергі тудырып тұрғанын айтты.

- Осыдан 22 жыл бұрын тұрғындардың бірі Ақсу аумағынан жер алыпты. Бірақ кейін банкротқа ұшырып, барынан айырылған. Енді сол жерді игеріп, суармалы алқапты арттырайын десем, 200 гектар жер «ҚазАгроҚаржы» компаниясында кепілдікте тұр екен. Бұл мәселені қалай шешсек болады? – деді Т.Мингазов.

Сапархан Омаров тиісті мекеме басшыларына тапсырма беріп, аталмыш жағдайды жеке бақылауына алатынын айтты.

Сапар соңында Ауыл шаруашылығы министрі Павлодар қаласына қарасты Ленин кентіндегі «Рубиком» және Екібастұз қаласындағы «QazTomat» кәсіпорындарында болып қайтты.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ, Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz