Дүбірлі додада 90 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жерлесіміз 3 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті.

- Алғашқы екі айналымда үндістандық балуандарды айқын басымдықпен ұттым. Ал ақтық сындағы қырғыз спортшысымен болған белдесу оңайға түскен жоқ. Кездесу барысында мен жеңіліп жатқан едім. Белдесудің аяқталуына 45 секунд қалғанда өз-өзімді қолға алып, оған екі рет әдіс жасап, нәтижесінде 2 ұпай еншіледім. Сәттілік серік болып, Азияның алтын жүлдесін Павлодарға алып келгеніме қуаныштымын, - дейді Азия чемпионы.

Умар Янковский бала кезден джиу-джитсумен айналысқан. Өсе келе кәсіби ММА және өзге де аралас жекпе-жек түрлерімен шұғылданып, 2015 жылдан бері қарай жауынгерлік самбоны қолға алған. Спортшының бапкері самбо бойынша біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты жаттықтырушы Оксана Станкеева шәкіртінің алдағы әлем чемпионатына қатысатынын айтты.

- У.Янковский - дарынды спортшы. Алдағы уақытта көптеген жетістіктерге жететініне сенемін. Өңірімізде бұл спортпен шұғылданып жүргендер бар. Халықаралық ереже бойынша жауынгерлік самбомен 18 жастан асқан азаматтар ғана айналыса алады. Оған дейін спортшылар күреспен айналысуы тиіс. Жауынгерлік самбоның әдістері сан алуан әрі қауіпті. Адам денсаулығына айтарлықтай нұқсан келуі мүмкін. Бүгінде ереже қайта бекітіліп, қауіпсіз деген әдістер таңдалды. Бүгінде Умардың алдағы жарыстар мен жаттығуларға қатысатын бір жылдық кестесі бекітілді. Умар Янковский Павлодардағы жаттығулардан бөлек, ұлттық құрамамен оқу-жаттығу жиындарына қатысады, - деді О.Станкеева.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен жағымды жаңалығын бөліскен чемпион мен оның бапкерін облыстық туризм және спортты дамыту басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев арнайы құттықтап, басқарма атынан Алғыс хатпен және бағалы сыйлықпен марапаттады. Сондай-ақ, У.Янковский жаттығу жұмыс- тарын өткізетін Махмет Қайырбаев атындағы ұлттық және халықтық түрлері бойынша спорт клубының жетекшісі, самбодан әлем чемпионы Ержан Иманжүсіпов арнайы сыйлығын тарту етті.

Үндістанда өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 49 медаль еншілеп, жалпы есепте 2-орынға табан тіреді.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz