Мәдени ошақтың ашылуына Павлодар қаласының әкімдігі мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті қолдау көрсетті. Ал, ақынның жеке мұражайын ашу туралы мәселені жергілікті ардагерлер, өнер жанашырлары – Әбілқақ Түгелбаев пен Мұхит Омаров көтерген. Мұражайдың ашылу салтанатына Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Бақтияр Тайлақбаев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Самал Бегалинова және өңірдің зиялы қауымы қатысты.

- Былтыр Естай Беркімбайұлының 150 жылдық мерейтойы халықаралық дәрежеде аталып өтті. «Түркісой» ұйымының ұйымдастыруымен Түркияда игі шаралар өтті. Оған бізден арнайы делегация барды. Содан кейін облыс орталығына ақынның жеке мұражайын ашу мәселесін ойымызға алған едік. Бұл бастаманы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлы да бірауыздан құптады. Бүгінгі жаңалық - соның нәтижесі, - деді Әбілқақ Түгелбаев.

Мұражай жобасын Павлодар мем- лекеттік педагогикалық университеті жанындағы Е.Бекмаханов атындағы ғылыми кітапхана директоры Роза Игібаева әзірлеп, қойылатын экспонаттарды жинақтаған. Жаңа мәдени ошақта Естай әншінің өзіне ғана емес, оның жақындарына тиесілі дүниелер де бар. Мысалы әншінің абайтанушы, ғалым Қайым Мұхамедхановпен бірге түскен суреттері, 1940 жылы өз қолымен жазып қалдырған өмірбаянын тамашалауға болады. Сондай-ақ, Естай туралы жарыққа шыққан кітаптар мен әдеби шығармалар және былтырғы 150 жылдық мерейтойы қарсаңындағы іс-шаралар мен концерттердің суреттері орналасқан. Бұдан бөлек, ақынның көзін көрген жақын туысы, белгілі әнші Дәуітжанның домбырасы және тағы бір ағайыны, белгілі ұста Дәуітбектің қақпаны қойылды. Сонымен қатар, әншінің немере қарындасы Жамалдың білезігі де әкелінді. Ол осы мұражайдың ашылуына ұйытқы болғандардың бірі – Әбілқақ Түгелбаевтың үйінен алынған. Яғни, Әбілқақ ағаның жұбайы сол Жамалдың қызы болып келеді.

- Мұражай ашудағы басты мақсатымыз Естайды әнші немесе ақын ретінде ғана емес, оның басқа қырынан таныту болды. Содан кейін, ақынның қандай жақындары мен туыстары болғанын көрсету. Естайдың өзі қолданған жеке заттары жоқтың қасы. Бүгінгі күнге дейін жеткен бірнеше ғана жәдігер бар, олар Екібастұздағы музейіне қойылған. Сондықтан, бұл мұражайды толтыру қиынға соқты. Көрермен үшін қызықты болсын деген оймен Естайға қатысы бар адамдардың заттарын да іздестірдік, - дейді Е.Бекмаханов атындағы ғылыми кітапхана директоры Роза Ержанқызы.

Мұражай лентасын ақынның жерлесі, зейнеткер Әбілқақ Түгелбаев пен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Бақтияр Тайлақбаев кесіп, игі іске мұрындық болғандарға алғысын жеткізді.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz