- Зиябек Ермұханұлы, кейінгі кезде «Ұлттық тарихты қайта жаңғырту керек» деген сөз жиі айтылып жүр. Жалпы, ұлттық тарих ұғымы қайдан басталуы керек?

- Алаш қозғалысының танымал көсемі Әлихан Бөкейханұлы айтқан бір сөз бар. Ұлт көсемі: «Тарихынан айырылған ел, тарихын жоғалтқан халық жойылып кету қаупінде тұрады» деген. Сол секілді ХХ ғасырдың әйгілі ағылшын жазушысы Джордж Орвел: «Өткенді басқаратын адам болашақты басқарады» деген. Ұлттың қазіргі рухани жаңғыруының негізі ұлттық тарихты жүйелі және жан-жақты зерттеу екендігі сөзсіз және даусыз. Біз - өткенімізді өте жоғары бағалайтын халықпыз. Ата-бабаларымызды айрықша құрметтейміз. Өткен уақыт туралы құнды ақпаратты жалғастырушы болатын аға буынды шын жүректен құрметтейміз. Ол ата-бабаларымыздың тарихи білімі терең болғанын, сөз бен шежіре жасау шеберлігі бірінші орында тұратынын аңғартады. Біз кем дегенде 7 ата-бабамыздың есімдері мен қайраткерлерін біле отырып, тарихымызды даңқты тұлғалардың іс-әрекеттерімен зерттейміз, кең көлемді тарихи панорамаларды ақыл-оймен және тез қалпына келтіреміз. Өкінішке қарай, Кеңес өкіметі жылдарында коммунистік саясат бізді тарихқа деген құштарлығымыздан, халықтың әдет-ғұрыптары мен дәстүрлеріне деген қызығушылығымыздан айырды. Бір сөзбен айтқанда, «феодалдық-бай және патриархалдық жүйенің қалдықтарына» байланысты өшіруге тырысты. Қуантарлығы – Тәуелсіздік алғаннан кейін өз тарихымызды түгендеу мүмкіндігіне ие болдық. Елбасы өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында біздің тарихты қалпына келтіру үшін тарихи құжаттарды тауып, елге әкелу маңызына тоқталған болатын. Міне, осының барлығы ұлттық тарихты қайтару мақсатында туындаған ой деп білемін.

- Сіз басқарып отырған институт «Ұлы Даланың ұлы есімдері» бірегей жобасын жүзеге асыруда мол жұмыс атқаруда. Осыған байланысты ойыңызды білсек...

- Біздің институт Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен жұмыс істеуде. Еліміздің түкпір-түкпірінен мамандарды тарта отырып, бірнеше семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткіздік. Олар - іріктеу өлшемдері мен ежелгі дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі Қазақстанның 100 көрнекті тұлғасының есімдерін зерттеді. Олар ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізде елеулі із қалдырған адамдар. Қазіргі уақытта мұрағаттық материалдар мен қолжетімді жазбаша дереккөздерге сүйене отырып, осы адамдар туралы материалдарды егжей-тегжейлі әзірлеу жұмыстарын жүргізудеміз. Оларды интерактивті тарихи платформада үш тілде орналастырамыз. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жетекші ғалымдар мен гуманитарлық зерттеушілер де оған үлес қосуда. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі біз әзірлеген дүниелерге сүйене отырып, көрнекті тұлғалардың парк-энциклопедиясын жасауға республикалық конкурс жариялай бастайды. Нақтырақ айтқанда, қазақ тарихының мүсіндік композициясы «дүниеге келмек» Саябақты орналастыратын жерді іздеу жұмыстары жүргізілуде. Тұлғалардың мүсіндік суреттерінің жанына үш тілде қысқаша ақпарат орналастырылады. Жобаның басты мақсаты – елімізге және бүкіл әлемге танымал қазақтарды кеңінен насихаттау, тарихи сананы және жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру. Екінші жағынан туристік тұрғыда тиімді бастама деп білеміз. Себебі, осы арқылы бас қалаға Қазақстанның басқа өңірінен ғана емес, әлемнің әр түкпірінен туристерді тарта аламыз деп ойлаймын.

- Бас қалада құрылатын тұлғалар саябағына Ертіс-Баян өңірінен кімдердің есімдері жазылуы мүмкін?

- Жалпы, Ертістің Павлодар өңірінде тарихқа аттарын алтын әріппен жазып кеткен тұлғалар өте көп. Мысалы, Бұқaр жырау, Олжабай батыр, Малайсары батыр, Жасыбай батыр, Шoң би, Mұсa Шорманов, Mәшһүр Жүсіп Kөпeйұлы, Қaныш Сәтбаев, Григорий Потанин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Темірғали Нұрекенов, Иса Бердалин, Ермұхан Бекмаханов, Павел Васильев және тағы басқалары. Дегенмен, біз олардың барлығын мүсіндік композицияға орналастыра алмаймыз. Әрине, Қаныш Сәтбаевтың, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Григорий Потаниннің және тарихи тұлғасы кейінгі уақытта ғана айқындалып жатқан Сұлтанмәмет сұлтанның есімдері сол тізімге енеді деп ойлаймын.

- Бір сөзіңізде Ресейдің Омбы облысына барып, жергілікті мұрағаттардан қазақ тарихына қатысты мол материал алып келгендеріңізді айттыңыз...

- Біз «Архив-2025» деп аталатын ерекше жобаны жүзеге асырудамыз. Осы жобаның аясында ағымдағы жылдың маусым-шілде айларында Омбы облысына арнайы іссапармен барып, мемлекеттік мұрағатын ақтардық. Мұнда шамамен 1 миллиондай құжат сақталған екен. Қазақ жеріне қатысты жазылған 3,5 мыңдай құжатты алып келдік. Барлығында құнды деген белгілері бар, ал құпия белгілері алынып тасталған. Бір қызығы, 250 жылдай бірде-бір зерттеушінің қолына тимеген екен. Осы мұрағаттан Қамқожа сұлтан, Уәли хан, Әбілмәмбет хан және оның баласы Әбілфейіз туралы құнды деректер таптық. Жалпы, Омбы мұрағатында қазақ хандарының ішінде Абылай хан туралы мәлімет өте көп сақталған. Одан кейін Сұлтанмәмет сұлтан туралы мол дерек бар. Болашақта бұларды бүкіл баспасөз беттеріне жариялауды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, хрестоматия ретінде жарыққа шығаруымыз да мүмкін.

- Соңғы уақытта Жоңғар шапқыншылығы кезінде Орта Ертістің билеушісі болған Сұлтанмәмет сұлтан туралы жиі айтып жүрсіз...

- Иә, Сұлтанмәмет сұлтан туралы бар мәліметтерді Омбы мұрағатынан таптық. Сұлтанмәмет – Абылай ханның құрдасы, одақтасы және немере ағасы әрі Әбілмәмет ханның қайын атасы. Ол 1710 жылы Түркістанда дүниеге келген және 1794 жылы Абылай ханнан кейін 15 жылдан соң дүниеден өткен. 1780 жылы Абылай хан қайтыс болғаннан кейінгі қайта хан сайлау құрылтайында хан тағына негізгі үміткерлердің бірі осы кісі болған екен. Ең басты ерлігі - Ертістің оң жағалауын патша өкіметінің құрамына бермей, қазақтардың үлесіне алып берген. Өзі - төре, батыр, сардар, дипломат. Ресей империясымен де, Қытай империясымен де тығыз байланыс жасаған адам. Қыпшақ ұлысының старшинасы болған және оның басқаруына алты мыңдай түтін қараған. Бұл сұлтан есімі дипломатиялық сипаттағы көптеген орыс және қытай құжаттарында, сондай-ақ Ертіс әскери бекіністерінде қызмет еткен шенеуніктер мен офицерлердің зерттеулерінде кездеседі. Сұлтанмәмет сұлтан өз заманында өте бай әрі айналасына ықпалды адам болған. Бір өзінің иелігінде 20 мыңдай жылқысы болыпты. Ал отбасылық жағдайына келер болсақ, екі әйелінен 17 ұл туған. Сұлтанмәмет сұлтан туралы деректердің көбі аталмыш мұрағаттың бірінші және алтыншы қорларынан шықты. Бұл құжаттардың барлығы - кезінде мұрағаттық тұрғыда тексерілген ақпараттар. Орыс архивтік деректерінде оның аты-жөні «Салтамет, Сұлтан Мәмет, Сұлтанмамет» деп бірнеше түрмен жазылған.

- Сұлтанмәмет сұлтан Жоңғар шапқыншылығы тұсында қандай шайқастарға қатысқан?

- Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде Балқашта болған «Шаңды жорыққа» елдің солтүстік өңірінен қалың қол жинап, шайқасқа аттандырған. Ресей бұл мәліметке сенбей, өздерінің өкілдерін осы жайтты тексеруге жібереді. Сонда олар солтүстік және шығыс өңірлердегі арғындар, керейлер, уақтар мен наймандар тұратын ауылдарда әйелдер мен балалар ғана қалғанын көреді. Яғни, атқа міне алатын еркек кіндіктің бәрі де жорыққа аттанып кеткен. Міне, соған қарап-ақ, қазақ қолының қаншалықты қуатты болғанын біздің көршілер білген ғой. 1771 жылғы шешуші шайқаста Сұлтанмәмет сұлтан Өріс, Иман және Қараш есімді ұлдарымен бірге жоңғарларды ойсырата жеңеді. Ұлдарының барлығы Ертіс өңіріндегі болыстарды басқарған. Бұл мәліметке архив құжаттары дәлел бола алады. Ол құжаттардың көшірмелері «Орта жүздің сұлтандары мен батырлары» архив материалдары жинағында басылған.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

 

Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz