Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қанатты сөз бар. Бүгінгі қоғамның өткендерге деген құрметі жойылып бара жатқандай. Қызылтаудай құтты мекеннен шыққан алыптардың төккен тері мен жатқан жері тірілердің ешқайсысына қажет болмай тұрғандығы көңілді күпті етеді. Ж.Аймауытовтың 130 жылдығын кең көлемде атап өту мақсатында жуырда өңірдегі зиялы қауым өкілдері Қызылтаудың қойнауында бас қосқан еді. Алдын ала әзірленген жоспарға сәйкес, мерейтойлық шара екі күнге созылды. Жергілікті ғалымдар мен зиялылар алғашқы күні «Мәшһүр Жүсіп» қорының бастамасымен ұйымдасты-рылған шараларға жоғары баға берді. Ал екінші күні жиналғандар Ж.Аймауытовтың кіндік қаны тамған Дәндебай ауылына барған еді. Қазақтың біртуар ұлының туған ауылының бүгінгі кейпін көрген көпшілік жаға ұстады. Ескі ауылдың орнында қоршаусыз қалған белгітастан басқа көзге шалынатындай ештеңе жоқ. Ал Ж.Аймауытовтың әулеті жатқан Дәндебай қорымы да жыл өткен сайын мүжіліп, қабырғасы шөгіп, топыраққа айналып бара жатыр. Көнекөздердің айтуынша, бұл қорымда Жүсіпбектің атасы - Дәндебай би, әкесі Аймауыт, анасы Бәтима, ағасы Ахаттың және Аймауыттың інілері Оспан болыстың, Иса мен Әбдіраманның зираты және ұлы тұлғаның басқа да туған-туыстары жатыр. Сонымен қатар Қызылтау өңірінде Аймауытов ауылы су ішіп отырған құдық басында Тұяқ қажының зираты тұр. Ол - өз заманында қажылық сапарға бірнеше рет барған өңірдегі бірден-бір азамат. Кешегі жоңғар шапқыншылығында ерен ерлігімен көзге түскен айтулы тұлғалардың бірі болған. Бүгінде бұл баһадүрдің де көне зираты жөндеу мен айналасын қоршауды қажет етеді.

- Мен Жүсіпбек Аймауытовтың туған ауылында 1998 жылы болған едім. Ол кезде де жағдай айтарлықтай мәз емес еді. Десе де, одан бері де аттай 21 жыл уақыт өтті. Қаншама апатты жағдайда тұрған тұлғалардың зираттары мен тарихи орындар қалпына келтірілді. Ал Қызылтауда «баяғы жартас сол жартас» екен. Тіпті, Аймауытов туған ауылдың бүгінгі сиқын ауызбен айтып жеткізудің өзі қиын болып тұр. Дәндебай ауылының орнына ілгеріде белгітас қойылыпты. Таста: «Бұл жерде қазақтың көрнекті қоғам қайраткері, жазушы, ғалым Ж.Аймауытов дүниеге келді» деп жазылған. Бірақ ешқандай қоршау орнатылмаған. Тасқа мал сүйкеніп, астын жабайы аңдар қазып, ін жасаған. Дәл осылай тұра беретін болса, бұл белгітас көпке бармай құлайды. Бұдан соң біз Дәндебай әулетінің адамдары мәңгілік тыныстаған зиратқа бардық. Аруақтар жатқан қорымдар жермен- жексен болыпты. Қоршау да, қай зират кімдікі екенін білдіретін ешқандай белгі де жоқ. Маңаты ауыл малының тезегінен көрінбейді. Жергілікті билік бұл жағдайға бей-жай қарамай, дер кезінде іске кірісуі керек. Бұл біздің елдігімізге сын, - дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Айман Зейнулина.

Орынды мәселеге үн қосқан ғалым салғырттықтың салдарынан Жүсіпбектей арысты қазаққа сыйлаған Дәндебай әулетінің қорымдары жазық далаға айналып кетердің аз-ақ алдында тұрғандығын айтып дабыл қақты.

Кезінде Жүсіпбек Аймауытовтың бастамасымен салынған «Мәдени кіндік» ауылының күйі де осыған ұқсайды. Бұл жер де малдың жайылымына айналып, тарихи орынның тоз-тозы шыққан. Ж.Аймауытов Алашорда партиясына кіріп, ұлт мүддесін қорғап жүрген кезде яғни, 1918-1919 жылдары революциядан кейінгі уақытта жетім қалған балалардың басын қосып, интернат ашқан. «Мәдени кіндік» деп аталатын бұл орын Лекер қажы ауылынан 6 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерде мектеп, асхана, мәдени қызметкерлер мен мұғалімдерге арналған жатақхана, тағы да басқа мәдени-рухани орындар болған. Асхана маңындағы қабырғасы таспен қаланған жертөледе азық-түлік сақтайтын қойма да жұмыс істеген екен.

- Алашордашыларға қатысы бар бұл орталықты Кеңес үкіметі 1928 жылы тас- талқан етті. Осынау интернатта оқыған балалар арасынан кейін елімізге белгілі азаматтар шықты. Мәселен, Баянауылдан шыққан алғашқы генерал-майордың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері Самат Бәкіров бала кезінде осында тәрбиеленген. Ол 1998 жылы «Мәдени кіндік» орталығының орнына келіп, бұл жерде қазақ балаларының болашағы үшін Ж.Аймауытовтың жасаған ерен еңбегін айтып берген еді. Қылышынан қан тамған Кеңес одағы кезінде дәл осындай мәдени-рухани орын салған ұлт қайраткерінің бұл ісі ерлікпен пара-пар. Өкініштісі, біз ұлт үшін құрбан болған арда азаматтың қадіріне жете алмай келеміз. «Мәдени кіндік» орнын, Дәндебай, Тұяқ қажы зираттарын қоршау, осынау рухани орындарға көңіл бөлу туралы қанша жылдан бері бастама көтеріп келеміз. Алайда, нәтиже жоқ. Бұл мәселелер жергілікті билік өкілдеріне талай мәрте айтылды. Олар: «Иә, жасаймыз!» дейді. Бірақ қашан екені белгісіз, - деп қынжылады өлкетанушы, Қызылтау ауылының тумасы Рамазан Нұрғалиев.


Түйін:

Мұхтар Әуезовтей ұлы жазушыға ұстаз болған Жүсіпбек Аймауытұлын өмірге әкелген ауылдың бүгінгі жай-күйі осылай болып тұр. Уақыт өткен сайын бұрынғы мәдениет ордасы мен ескі зираттар көмескіленіп барады. Тарихи деректерді айтатын ауыл ақсақалдарының қатары сиреген шақта осы орындарға лайықты көңіл бөле алмағанымыз жығылған үстіне жұдырық болуда. Жергілікті билік үн қатпаса, болашақта жас ұрпаққа «Жүсіпбектің туған жері мынау еді» деп көрсететін орын таппай қиналамыз-ау...

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz