- Амангелді Қасенұлы, Иса Байзақов атындағы облыстық филармония шығармашылық маусымды ерекше бастауды жөн көрген екен...

- Маусымның ашылуында біздің ұжымның өнерін сағынып қалған жерлестерімізді көріп, марқайып қалдық. Кешімізді әдеттегідей Рүстембек Омаров атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы «Көңілашар» күйімен бастадық.

Көрерменнің жүрек қылын шерткен біздің ұжым кеш соңына дейін жерлестерінің қошеметіне бөлене білді. Одан кейін Әсет Бейсеуов атамыздың және Абай Құнанбаевтың әндерінен құралған попуррилардың орны тіпті ерекше болды деуге болады. Сонымен қатар, кеш барысында орындалған қазақ халқының ұлттық әндері мен орыс және еуропалық хит әндердің шеруі де өз тыңдармандарына жетті деп ойлаймын.

- Жаңа маусымда гастрольдік сапарлар да көп болатын тәрізді ғой...

- Жалпы, өнер адамдарының әр күні іссапармен тікелей байланысты. Жақын күндері филармонияда қызмет ететін 80-ге жуық өнерпаз Ресейдің Омбы және Новосібір қалаларына барып, өнер көрсетпек. Шекараның арғы бетінде тұратын қандастарымызбен қауышып, қазақ мәдениетін, өнерін насихаттайтын топта Рүстембек Омаров атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрі, бишілеріміз бен жеке әншілеріміз бар. Сонымен қатар, жергілікті қолөнер шеберлері де аталмыш шараға қатысып, ұлттық қолөнерімізді танытып келмек. Бұл бастаманы қолға алып отырған өткен жылы маусым айында «Нұр-Сұлтан» қаласында құрылған «Отандастар» қоры екенін атап өткен жөн.

- Тамаша бастама екен. Бұдан бөлек, филармонияның өз тыңдармандарына арнаған тағы қандай сыйы бар?

- Биылғы жылға құрған жоспарларымыз өте көп. Оның бәрін бүгін ашып айтып қойсақ, қызығы болмай қалар. Ал жақын күндері өтетін шарамыздың бірі – атақты күйші әрі кәсіби домбырашы, жерлесіміз Рүстембек Омаровтың 100 жылдығына орай өтетін «Дирижерлер шеруі» атты халықаралық фестиваліміз болмақ. Өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отырған атаулы шараға көптеген белгілі тұлғаларды шақырып отырмыз. Ол қатарда Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің дирижері, өнер қайраткері Жанас Бекентуров, Талдықорғаннан «Құрмет» орденінің иегері Әли Алпысбаев, Нұр-Сұлтан қаласынан «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Дәурен Ғылымов, Қостанайдан өнер қайраткері Назымбек Молдахметовтер келеді деп күтілуде. Бұдан өзге Ресейден дирижер Владимир Кончев, Моңғолиядан халықаралық байқаулардың лауреаты Орхонбаатар Чинбат және Қырғызстандағы «Манас» Президенттік камералық оркестрінен өнерпаздар күтудеміз. Фестиваль 29 қазан күні өтеді.

- Бәрекелді, бастаған істеріңізге сәттілік тілейміз!

 

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz