Дүбірлі додаға өңіріміздегі жүйіріктермен қатар, Нұр-Сұлтан қаласынан, Қарағанды, Теміртау, Тараз, Өскемен, Алматы өңірлерінен  тұлпарлар қатысты. Ұлттық ат спорты түрлерінен өткен сайысты тамашалауға облыс әкімі Болат Бақауов келді. Ол жаппай көкпардан өткен сайысқа қатысып, спортшылармен күш сынасып көрді.

Көк серкені тақымына басып, өзгелерден бұрын қазандыққа салған тараздық шабандоз Ислам Раб жаппай көкпарда жеңімпаз атанды. Ал 24 шақырымдық аламан бәйгеге аузымен құс тістеген 12 жүйрік қатысты. Бабы келісіп, бағы жанған павлодарлық «Сенім» атты тұлпар мәре сызығын 1-ші болып қиып, аттың иесі Байзақов Бақтияр су жаңа автокөлікті тақымына басты. Тоқ бәйгеде де Байзақов Бақтиярдың «Карлухкан» атты жүйрігі топ жарды. Ал ұшқыр аттардың қысқа қашықтықтағы жарысында Алматының жүйрігі «Мэйк Мемерис» мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. Су төгілмес жорғалардың ерекше қимылы жарыс қызығын арттыра түскен еді. Бұл додада Успен ауданындағы «Галицкое» ЖШС-нің тұлпары «Попутчиктің» мерейі үстем болды.

- Мен 3 жылдан бері бәйгеге қатысамын. Бүгін «Карлукхан» атты жүйрікпен тоқ бәйгеде бірінші келдім. Әр жүйріктің өзіндік ерекшелігі бар ғой. Аттың шабысы шабандозға тікелей байланысты. Былтыр да осы тұлпармен топ жарып, автокөлік ұтып алған едім. Биыл да қомақты жүлдені қанжығама байладым. Келер жылы да осындай жарыстарға қатыссам деймін, - дейді шабандоз Нұрболат Сметай.

Ат спорты түрлері бойынша өткен Павлодар қалалық ашық турнирге барлығы 3 «Lada» автокөлігі және мотоцикл, сондай-ақ қомақты ақшалай жүлде тігілді.

Жарысты ұйымдастырған Павлодар облыстық туризм және спортты дамыту басқармасы соңғы жылдары ұлттық спортқа ерекше ден қоюда. Мәселен, аталған басқарма алдағы желтоқсан айында тұңғыш рет облыстық құсбегілер сайысын өткізуді жоспарлауда.

 

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz