Мерейтойлық іс-шарада аудандық білім беру бөлімінің басшысы Мереке Әбдікәрімов той иесі Бақыт ағамызға аудан әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті. Ал С.Торайғыров атындағы жалпы орта білім беру мектебінің директоры С.Тоқтасынов ұстаздың көп жылғы қажырлы еңбегін айрықша атап, Алғыс хатпен марапаттады.

Қарағанды, Павлодар және Екібастұз қалаларынан келген шәкірттері ардагерді құттықтап, иығына шапан жапты. Кезінде ардагер спортшымен бір командада ойнаған Жұмабек Ырысов ағамыз да ізгі лебіздерін жеткізді. Құрмет көрсету шарасынан соң мектеп ұжымы шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырып, көрермендерге ән мен күйден шашу шашты.

Бұл турнирге ағамыздың шәкірттері мықты дайындықпен келген екен. Керемет ойын өрнегін көрсетті. Турнирге Қарағанды, Павлодар, Екібастұз қалаларынан және Торайғыр ауылынан 40 жастан асқан шәкірттері қатысты.

Ойын нәтижесі бойынша жүлделі 1-орынға Павлодар қаласының жігіттері ие болса, 2-орынға Қарағанды қаласының командасы лайық деп танылды. 3–орынды Торайғыр ауылының жігіттері қанжығасына байлады. Сондай-ақ, Жұмабек Ырысовқа «Жасы үлкен ойыншы», Зейнолла Түсіповқа «Үздік шабуылшы», Дәурен Баязитовқа «Үздік үлестіруші», Қанапия Алимовқа «Үздік қорғаушы» номинациялары берілді.

Жеңімпаз және жүлдегер командалар дипломдармен, ауыспалы кубоктармен марапатталды. Турнирге Бақыт ағамыздың балалары мен немере-шөберелері демеушілік етті. Ардагерге деніне саулық, амандық тілейміз!

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz