И.Байзақов атындағы филармонияның директоры Амангелді Қожановтың айтуынша, Омбы және Новосібір жеріндегі концерттер жоғары деңгейде өтті. Әрқайсысы 1000-1200 көрерменге арналған концертік залдар лық толды. Павлодарлық өнерпаздар қазақтың дәстүрлі әндерінен, күйлерінен бастап, орыс және әлемдік классикалық туындыларды орындады. Атап айтқанда, Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Ретро» вокалдық ансамблі және «Samiyan» тобы әндерін тарту етсе, «Шернияз» би ансамблі би өнерімен көрермендерді таң қалдырды.

- Омбы және Новосібір қалаларына Павлодардан барлығы 81 адам барып, өнер көрсетті. Олардың 10-ы қолөнер шеберлері болса, қалғаны – өзіміздің әншілер мен бишілер. Репертуарымыздағы туындыларды тамашалаған жұртшылықтың қолпаштауы ерекше болды. Жалпы, мұндай гастрольдік сапарлар шығармашылық ұжымға соны серпін береді, шабыт сыйлайды. Алған әсеріміз зор, ұйымдастырушыларға ризалық білдіреміз, - деді А.Қожанов.

Айта кетелік, «Отандастар қорының» мақсаты шетелдегі қазақ мәдени орталықтарын қолдау болып табылады. Яғни, шетелде тұратын қазақ диаспорасымен байланысты нығайту, қазақ ұлттық мәдени орталықтарының жұмысын ұйымдастыруда тиімділікті арттыру. Павлодар филармониясының гастрольдік сапары Новосібір облысының қазақ мәдениеті күндерін және Омбы облысының аймақтық Қазақ ұлттық мәдени автономиясының 20 жылдығын мерекелеу аясында өткізілді.

И.Байзақов атындағы филармония ұжымы алдағы уақытта да шығармашылықтарын шыңдау мақсатында осындай гастрольдік сапарларға шығуға бейілді. Өнер ұжымына сәттілік тілейміз!

 

Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz