Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР Білім және ғылым министрі (пікір әлеуметтік желіден алынды):

- Елімізде онлайн-университеттердің саны көп. Заңда онлайн оқу деген түсінік болмағандықтан, олардың қызметін бақылай алмаймыз. Мұндай оқу орындарынан ешбір біліктілік талап етілмейді. Сондықтан бұл университетті бітірген жастардың дипломын мойындамау қажет деп есептеймін. Онлайн-университетті тәмамдағандар басқа жоғары оқу орындарының түлектерімен бәсекеге түседі. Бірақ экран арқылы қашықтықтан оқытатын университеттің білімі күмән тудыратыны сөзсіз. Дипломды мойындамау арқылы ғана бұл оқу орындарының қызметіне шектеу қоя аламыз. Елімізде цифрландыру аясындағы жұмыстарды басқа бағытта күшейткен жөн. Мәселен, оқуға қабылданатын түлектерден көптеген құжат сұратылады. Міне, осы жүйені электронды форматқа ауыстыру тиімді болар еді. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып кетті.


Нартай ЖҮСІПОВ, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі:

- «Оқу – инемен құдық қазғандай» дейді. Білім меңгеру оңай емес. Сондықтан білім беру саласында онлайн режим деген жүйені қолдану артық деп ойлаймын. Себебі қашықтық арқылы оқуға түскендер кәсіп меңгере алмайды. Теория мен тәжірибе ұштаспайды. Қазір әлеуметтік желіде онлайн режимде оқуға шақыратын шет ел университеттерінің жарнамалары да қаптап жүр. Ресейдің Омбы мен Томск немесе Қытайдың қиыр шетіндегі беймәлім оқу орындарының білімі бізден озып тұрғаны шамалы. Жоғары оқу орнының аты беделді болып көрінгенімен, жастарды заман талабына сай біліммен қамтамасыз ете алмайтыны - ақиқат. Студенттер оқытушыларымен қарым-қатынас құрмағандықтан, олардан сабақ оқуды ешкім талап етпейді. Дипломды алуды ғана көздегендерден қандай маман шығады? Ертең олар мұғалім болса, балаларымыздың болашағын қалай сеніп тапсырамыз? Қазіргі уақытта мектеп оқушылары үшін де онлайн олимпиадалар қаптап кетті. Ата-аналар баласының бетін қайтармауы үшін ақшасын төлеп қатыстырады. Бұл байқаудың қорытындысын кімдер тексеріп жатыр, нәтиже қандай екенін ешкім бақылай алмайды. Осындай жүйені де жойған дұрыс дер едім. Еліміздің болашағы үшін жұмыс істейтін жастардың толыққанды білім алуы келешегіміз үшін де пайдалы.


Мөлдір ДҮЙСЕНОВА, жас маман:

- Онлай тәртіпте қызмет ететін универ-ситеттерді заман талабы деп қарастырған жөн деп ойлаймын. Өз басым облыс орталығындағы Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжде информатика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша 4 жыл білім алдым. Бірақ жұмысқа тұруда қиналдым. Сағат саны аз болғандықтан, жалақы мөлшері де көңілімнен шықпады. Кейін Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің қашықтықтан оқу бөліміне оқуға түстім. Жұмыс істеп жүріп, сабаққа да барып жүрдім. Оқытушыларыма орындаған тапсырмаларымды электронды пошта арқылы жолдайтынмын. Онлайн-университеттердің де қызметі осы жүйеге сай. Инновациялық Еуразия университетін тәмамдаған таныстарымның ішінде Ресейлік университетте онлайн режимде оқып жүргендер бар. Қазіргі жастарға күнкөріс керек. Сондықтан екінші мамандықты жұмыс істеп жүріп игеру тиімді. Бұдан бөлек, елімізде жоғары оқу орындарының бағасы қымбат екенін білеміз. Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы университеттерге жылына 600-700 мың теңге төлегенше, Малайзиядағы оқуға 250-300 мың теңге жұмсаған артық сияқты. Бағасы қолжетімді, атағы да бар. Сондықтан жастар мұндай мүмкіндіктен құр қалмауы тиіс.

 

«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz