Бұған дейін осы аудандағы КБМ (кешенді блок модулі) босатылатын судың бағасы тұрақсыз болып келді. Мәселен, Ақтоғай ауданына қарасты Мүткенов ауылында соңғы жылдарда ауызсу бағасы бірнеше рет өзгерді. Бірде судың литрі 1 теңгеден саудаланса, кейінгі жылдарда бұл көрсеткіш 0,75 тиынға арзандады. Ал осы жылдың көктемінде ауылдағы КБМ су жүйесі тұрғындарға тегін қызмет көрсеткен еді.

- Үйдегі құдықтың суы ішуге жарамсыз. Сондықтан да жылдар бойы ауылдағы КБМ құдығынан үйге арбалап су тасимыз. Ауызсуға әр жылдары әрқалай төледік. Бірақ 1 фляга (40 литр) үшін 40 теңгеден артық ақша шығындағанымыз есімде жоқ. Биыл көктем шығысымен ауызсу тегін босатылғанда тұрғындарға кәдімгідей көмек болғаны рас. Бірақ тегін екен деп суды ысырап қылу да жөн емес. Бұрынғы баға барлығымыз үшін қолжетімді еді. Ендігі жерде ауызсудың 1 флягасына 60 теңге төлеуге тура келеді. Мен секілді бала-шағалы отбасылар үшін бұл тиімсіз. Өт, бүйрек, несеп жолдары ауруларының көбі сапасыз ауызсуды қолданғандықтан орын алатынын дәрігерлер үнемі айтады. Көтерілген бағаны қымбатсынып, ауызсудан бас тарта алмаймыз ғой. Дегенмен жауаптылар тарифті қайта қарап, бағасын арзандатса жақсы болар еді, - дейді көпбалалы ана Гүлжан Жұмағұлова.

Шынымен де, ауылдағы кейбір отбасылар орта есеппен күніне 2 фляга су пайдаланатын болса, айына шамамен 4 мың теңгеге жуық қаражатын суға жұмсайды. Бұл қымбат, әрине.

Ал бұл іске жауапты «Ақтоғай-Сервис» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Мақсат Солтанов жағдайды былайша түсіндірді:

- Осы жылдың 1 қазанынан аудан бойынша судың жаңа тарифі белгіленіп, бекітілді. Біз ауыл тұрғындары үшін бағаның қолжетімді болғанын ескердік. Жаңа тариф меніңше, қымбат емес. Бұдан арзан баға қоюға мүмкіндігіміз жоқ. Себебі, КБМ су жүйесіне қолданылатын суды сүзгіден өткізуге арналған мембранды құралдардың құны жоғары. Оған ай сайынғы электр шығынын қосыңыз. Сонымен қатар әрбір ауылдағы КБМ-да жұмыс істейтін 2 жұмысшыға күн сайын шамамен 2200 теңге жалақы төленеді. Су тазалау процесі, насостардың жұмысы, барлығы да кәдімгідей шығын. Біз бекіткен 1,5 теңге бағамен де КБМ өз шығынын өзі жаба алмайды. Мемлекеттен субсидия алу арқылы ғана жұмысты жүйелі түрде жүргізіп отырмыз. Әйтпегенде, судың әр литрінің бағасы 5-6 теңге болуы мүмкін еді, - дейді М.Солтанов.

Сонымен қатар, кәсіпорын басшысы аудан бойынша қырда орналасқан ауылдарда судың тапшылығын алға тартты. Яғни, шалғайдағы ауылдарда таза ауызсудың көзі тым тереңде болғандықтан оған жұмсалатын шығын мен пайдаланылатын техникаларға да қаражат көбірек кетеді. Бүгінде аудан бойынша 14 КБМ жұмыс істеп тұр.

Өңіріміздегі аудандар арасында КБМ-дегі баға тарифі әртүрлі. Мәселен, Май ауданының жергілікті «Май-сервис» кәсіпорны мамандарының айтуынша, осы жылдың 1 қазанынан бастап ауызсудың 1 литрі 50 тиыннан сатылуда.

Бағаның Ақтоғай ауданында қымбаттауы өңірде ауызсу мәселесі бойынша тиянақты жұмыс атқарылмай жатыр дегенді білдірмесе керек. Мәселен, биыл Ақтоғай ауданы бойынша Қожамжар және Әуелбек ауылдарында орталықтандырылған су жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде. Ақтоғай аудандық экономиканың нақты секторы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, екі ауылдағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Мердігер компания - «Ай-Су Мелиорация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Әуелбек ауылына аталған бағыттағы жұмыстарды жүргізуге 515 711,670 мың теңге қарастырылған. Оның бүгінге дейін 369233,0 теңгесі игерілген екен. Ал Қожамжар ауылындағы су құбырын тарту жұмыстарына 618 156,099 мың теңге бөлінген. Жауапты мердігер орталықтандырылған су жүйесін орнату жұмыстарын осы жылдың желтоқсан айына дейін аяқтауы тиіс. Ал алдағы уақытта аудандағы Мүткенов және Харьков ауылдарына орталықтандырылған су жүйесін тарту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ол үшін бюджетке арнайы тапсырыс та берілген екен. Жоспар ойдағыдай жүзеге асатын болса, алдағы 2 жылдың көлемінде бұл ауылдар да арбалап ауызсу тасудан құтылады.


Түйін: «Судың да сұрауы бар». Ауыл тұрғындары ауызсудың қандай шығынмен тазартылатынынан хабардар. Бірақ бағаның аспандап кетуі олардың қалтасына айтарлықтай салмақ салатынын ескерусіз қалдырмауымыз қажет. Егер мемлекет тарапынан төленетін субсидияның көлемі артса, бұл мәселенің түйіні біржола тарқар еді. Ауыл тұрғындарының түйткілін газетіміз алдағы уақытта назарда ұстайтын болады.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz