Жалақы өссе болғаны...

Қыркүйек айында облыс орталығындағы базарларда ет бағасы тағы қымбаттады. Бұған дейін сиыр етінің бір келісі 1300-1500 теңгеге сатылып келсе, бүгінде 1600-2000 теңгеге бағаланып отыр. Ал тамыз айында жылқы етінің бір келісі 1700-2200 теңге болса, қазір 2000-2500 теңгеге жетті. Бағаның күрт өсуі қарапайым тұрғындардың қалтасына салмақ салмай қоймады.

- «Жалақы не болмаса зейнетақы өседі» деген жаңалық қылт етсе болғаны, азық-түлік бағасының сол күні-ақ қымбаттайтынына етіміз үйреніп кеткелі қашан?! Келесі жылдан бастап зейнеткерлердің, мұғалімдердің, мәде-ниет қызметкерлерінің еңбекақысы көбейетіні туралы сөз қозғалғаны сол еді, дүкен сөрелеріндегі бағалар өзгеріп шыға келді. Ал бұл салаларда жұмыс істемейтін, зейнетақы алмайтын бізге бұл кәдімгідей салмақ салады. Бір қарағанда ет бағасына қосылған 300-500 теңге соншалық қомақты болып көрінбеуі мүмкін, бірақ бірнеше келіні бір-ақ алған кезде әжептеуір айырмашылық байқалады, - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Төлеу Әбдірахманова.

Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл басынан бері әр ауылдық азамат орта есеппен 17,7 келі, әр қалалық 20,2 келі ет және ет өнімдерін тұтынған екен. Бұл өткен жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 2,5 пайызға көп. Тұрғындар көбінесе сиыр етін алатын көрінеді. Биыл әр қазақстандық 5,6 келі сиыр етін сатып алыпты. Екінші орында – ет турамасы (2,2 кг), үшінші орында – қой еті (1,7 кг). Ал ақшаға шақсақ, осы жылы бір отбасы ет алуға шамамен 91 мың теңге жұмсаған. Осылайша, отбасының ет сатып алуға кеткен шығын көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 10,5 пайызға өскен.

- Өткен жылдары айына шамамен 10 келі ет алатынбыз. Ал соңғы уақытта бағасы қымбаттағандықтан, шама-шарқымызға қарайлап, 5-6 келі ғана сатып алып жүрміз. Оған қоса, сиыр мен жылқы етін ысыра тұрып, тауық етін көбірек тұтынуға тура келеді. Себебі оның бағасы сәл де болса арзан. Жалпы, ел билігі тұрғындардың басым бөлігі ет сатып алатынын ескеріп, мемлекеттік реттеуді енгізуі керек деп ойлаймын. Баға әкімдік тарапынан қатаң бақыланса, қарапайым жұртшылықты қанау тыйылар еді, - дейді Екібастұз қаласының тұрғыны Сандуғаш Төлегенова.

Рас, мемлекет тарапынан ет бағасы толық реттелмейді. Тек сиырдың сүйекті жауырын, төс бөлігі әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің тізіміне енген. Сондықтан мемлекеттік мекемелер дәл осы ет бөлігінің бағасын ғана бақылай алады.

- Біз ауыл шаруашылығы басқар-масымен бірге әлеуметтік дүкендерде сатылатын сиыр етінің жауырын бөлігінің бағасына апта сайын мониторинг жүргіземіз. Өткен аптадағы жағдай бойынша, сауда орын- дарындағы жауырын етінің бағасы 1400-1450 теңге болды. Ал өзге сауда нүктелеріндегі баға саясатын, яғни әлеуметтік емес дүкендердегі бағаны бақылайтын құзіреттілігіміз жоқ. Сиырдың өзге мүшелерінің, қой, жылқы етінің де қандай бағаға сатылатынын реттей алмаймыз. Кәсіпкер өзі белгілейді, - дейді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы сауда саясаты бөлімінің бас маманы Кәрімжан Байсарин.

Мал ұстау оңай ма?

Ет бағасының неліктен күрт қымбаттағанын білмек болып, облыс орталығындағы бірқатар сауда орнына арнайы бардық. Саудагерлерді сөзге тартқанымызда, көпшілігі тілдесуден бас тартты. Тек өзін Гүлмира деп таныстырған сатушы барлығы делдалдарға байланысты екенін алға тартты.

- Біз еттің бағасын белгілеуде ешқандай роль атқармаймыз. Делдалдарға тәуелдіміз. Олар жеткізген еттің бағасына 15-20 пайыз үстемақы қосамыз. Сатушылар сиыр етінің келісін бірде 1300 теңгеге, бірде 1500 теңгеге әкелуі мүмкін. Базарлардағы еттің бағасы соған байланысты, - дейді сатушы.

Дәл осындай делдалдардың бірі, тұрғындардан ет қабылдайтын кәсіпкер Сағадат Ыбыраев болса, «бізден кінә жоқ» дегенді айтады.

- Мен облыс орталығына жақын ауылдарды аралап, тұрғындардан ет сатып аламын да, оны Павлодар қаласындағы базарларға өткіземін. Соңғы уақытта ауылдағы адамдар мал ұстауды қойды. Елді мекендерде төрт түліктің саны азайып барады. Сәйкесінше, өндірілген ет көлемі де аз. Ал аз өнімге сұраныстың да, бағаның да артатыны белгілі. Егер ауылдық жерлерде сатылатын мал көп болса, еттің бағасы төмен әрі тұрақты болар еді. Өнім көлемі азайған соң бағаны еселеуден басқа амалымыз жоқ. Әйтпесе, шығынға батамыз, - дейді С.Ыбыраев.

Бұл ретте ауылдағы ағайынның айтар өз уәжі бар. Мәселен, Ақтоғай ауданының тұрғыны Серік Серкебаев қазіргі таңда мал ұстау тиімсіз екенін алға тартады. Шөп те, жем де – бәрі қымбат.

- Қазір ауылда мал ұстау оңай емес. Қиындығы былай тұрсын, қалтаны кәдімгідей қағады. Айталық, көктемде қыс бойы жиналған малдың қиын ауыл сыртындағы полигонға шығарамыз. Бір тіркеме қи шығарудың құны – 2 мың теңге. Бір ауладан кем дегенде 5 тіркеме шығады, бұл дегеніңіз – 10 мың теңге. Содан соң малды табынға қосамыз. Бір сиырды жайылымға қосу ақысы – 2 мың теңге, бір жылқыны табынға жіберсеңіз – 3 мың теңге. Осылайша, бір отбасы сәуірден қазанға дейінгі аралықта орта есеппен 100-120 мың теңге төлейді. Ал күз жақындаған кезде қыстың қамына кірісеміз. Атап айтқанда кемінде 10 тіркеме шөп, 10 қап кебек аламыз. Бір тіркеме шөп шамамен 20 мың теңге, бір қап кебек 3 мың теңге тұрады. Сөйтіп, қысқы дайындыққа шамамен 230-250 мың теңге жұмсаймыз. Енді осындай ірі шығындар бола тұра етті су тегінге қалай сатуға болады? Бір келі сиыр етін 800 теңгеге сатсақ, пайда көрмек түгілі шығынымызды өтеп, жыртығымызды жамамайды. Сондықтан бір келісін тым құрығанда 1300-1500 теңгеге өткізуге тырысамыз. Кейбір қалалықтар ауылда бәрі тегін деп ойласа керек, етті тым төмен бағаға алғысы келеді. Бұлай болмайды ғой, - дейді базынасын білдірген азамат.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, облыста ет өндіру көлемі керісінше артып келеді.

- Өткен жылдың 8 айында облыс аумағында 54,2 мың тонна ет өндірілді. Биыл бұл көрсеткіш артып, жыл басынан бері 55,9 мың тонна ет сауда орындарына жіберілді. Оның 26,6 мың тоннасы - сиыр еті, 9,3 мың тонна жылқы еті, 5,7 мың тонна қой еті, 0,7 мың тонна қозы еті және 3,9 мың тонна құс еті бар, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайырболат Байсаринов.

Экспорт кінәлі ме?

Мамандардың пайымынша, ет бағасының қымбаттауына әсер ететін тағы бір фактор – экспорт. Атап айтқанда, жергілікті өнім алдымен сыртқа сатылса, содан қалғаны ішкі нарықты қамтиды. Аграрлық кеңесші Кирилл Павловтың пікірінше, ет экспорттау көлемін шектеу керек. Сол кезде ғана елдегі баға тұрақты болады.

- Бүгінгі күні қазақстандық өнімге қызыққандар қатары қалың. Әсіресе, Қытай, Ресей, Өзбекстан еттің сапасын жоғары бағалайды, Әрине, экспорт керек. Ол экономиканы ілгерілетіп, салықты көбейтіп, шаруалардың табысын арттыруға оң ықпал етеді. Бірақ сыртқа өнім сатудың салқыны ішкі нарыққа тимеуі тиіс. Сондықтан ет және мал экспортына шектеу қойған дұрыс деп ойлаймын. Біз бір жағынан мал басын көбейткіміз келеді, екінші жағынан төрт түлікті сыртқа сатып жатырмыз. Екеуі - бір-бірімен қабыспайтын дүние, - дейді К.Павлов.

Ал «Қазақстан ет одағы» бірлес-тігінің бас директоры Мақсұт Бақтыбаев ет бағасының қымбаттауына экс- порттың еш қатысы жоқ екенін алға тартты.

- Саудагерлерге «еттің барлығы сыртқа кетіп жатыр, сондықтан өнім аз» деп сыбыс таратқан тиімді. Сөйтіп, қолдан өнім жетіспеушілігін жасайды да, бағаны көтереді. Ал шын мәнінде олай емес. Биыл барлығы 10-15 мың тонна ет қана сыртқа сатылады. Бұл – елдегі жалпы өнімнің небары 3 пайызын құрайды. Оған қоса, өзге елге ет тасымалдау оңай емес. Ол үшін тауарлық партия, контейнер, салқындатқыш – барлығын дайындау қажет. Құжаттарды әзірлеу де біраз уақытты алады. Сондықтан еттің барлығы шетелге кетіп, соның салдарынан баға қымбаттады деу – қисынсыз. Жалпы, елімізде 10-ға жуық кәсіпорын ғана ет экспор- тымен айналысады, - дейді М.Бақтыбаев.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы экспортты және импортты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айдана Бейсекееваның айтуынша, жыл басынан бері Павлодар облысынан 942,9 тонна ет және ет өнімдері сыртқа жөнелтілді. Шетелдіктер тарапынан сиыр етіне сұраныс жоғары. Оған 101,3 тонна сиыр етінің сатылуы дәлел бола алады. Ал қой етінің 29,3 тоннасы өзге елдің тұтынушыларына ұсынылды. Жылқы еті мүлде экспортталмапты.

- Сиыр етін сыртқа көп көлемде жөнелтетін шаруашылықтар – Шарбақты ауданындағы «Абай» және Железин ауданындағы «Пахарь» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Жалпы, павлодарлық өнімнің басым бөлігі Ресей мен Өзбекстанға сатылады. Ресей жартылай дайын өнімдер мен шошқа етіне қызығушылық танытса, Өзбекстан сиыр етін жиі сатып алады, - дейді А.Бейсекеева.

Облыстағы ет бағасының бүгінгі жағдайы осындай. Күнделікті ас мәзірінен міндетті түрде табылатын еттің қымбаттауы біреулердің қалтасын қақса, енді біріне керісінше сәл де болса табыс әкеліп отыр. Ауылдық-тардың қамтушы, ал қалалықтардың тұтынушы екенін ескерсек, қос тарапқа да тиімді болатын баға саясаты құрылса игі. Бұл ретте делдалдардың айласы асып кетпесе болғаны. Мемлекеттік реттеу де артықтық етпейді.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz