- Дінислам Болатханұлы, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіндегі олқылықтарды облыс әкімі Болат Бақауов қатаң сынға алғаны белгілі. Аймақ басшысы аграрлық-техникалық колледждер нарықта сұранысы жоқ мамандарды оқытып, оңтайландыру ісі өз деңгейінде жүргізілмей жатқанын айтқан еді. Сыннан қандай қорытынды шығардыңыздар?

- Облыс әкімінің сынымен толық келісемін. Жалпы, кәсіптік-техникалық білім беру - өзекті мәселенің бірі. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, аймағымыз кәсіптік және техникалық білім беру бойынша 2-орынды иеленді. Онымен қоса, облыстардың арасында дуалды оқыту жүйесі бойынша бірінші орынға қол жеткізіп отырмыз. Бұл - толдық, пістік, жетілдік деген әңгіме емес. Павлодар – Қазақстанның қуатты өндіріс орталығы болғандықтан, жастарды осы салаға тарту міндетіміз. Бұл ретте ірі өндіріс орындарымен жұмыс істеу ісі жолға қойылды. Аграрлық-техникалық колледждерде аймақ басшысы сынағандай мәселе бар. Оны мойындаймыз. Олқылықтарға бірнеше факті себеп болып отыр. Біріншіден, колледждерде дайындалатын мамандықтарға көп уақыттан бері тексеріс жасалмаған. Студенттер осыдан 10-20 жыл бұрын бекітілген тізім бойынша білім алуда. Еңбек нарығы зерттелмегендіктен тізімге жаңа мамандықтар енгізілмеген. Салдарынан біз үйреншікті мамандықтармен жұмыс істеп келдік. Бұдан былай әрбір жұмыс берушімен жеке кездесіп, нарықта сұранысқа ие маман дайындайтын боламыз. Қазір колледждерге тапсырма берілді, жағдай бақылауда. Мемлекеттік білім беру тапсырысы тек қана оқу орындарының сұранысы тұрғысынан емес, жұмыс берушілердің де талаптарына сай құралатын болады.

Қазіргі уақытта барлық колледждер даму мүмкіндігіне байланысты Жол картасын әзірлеуде. ҚР Білім және ғылым министрлігі өткен аптаның соңында ғана ел экономикасына қажетті 100 мамандықты бекітті. Аталмыш тізімнен біздің өңірімізге керек мамандықтар бойынша лицензия алып, сәйкесінше оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуды мақсат етіп отырмыз. Әрбір колледжбен жеке-жеке жұмыс істеп, мамандарды оқыту мәселесін қолға алмақпыз. Шыны керек, мемлекеттік колледждердің барлығы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатындықтан бір мамандықты бірнеше колледжде оқыту тиімсіз. Өйткені белгілі бір кәсіпті игеруге қажетті құрал-жабдықты бірқатар білім ордасына сатып алуға тура келеді. Егер колледждер жеке меншік болып, бір мамандық бойынша өзара бәсекеге түссе, мәселе болмайтын еді. Бір қалтадан қаражат алатын мемлекеттік оқу орындарына бұл жүйе тиімсіз.

- Аудандардағы колледждерде бір мамандық бірнеше оқу орындарында оқытылатынын атап өттіңіз. Әсіресе, аспаз, кондитер саласының мамандары көп дайындалады. Бұл кәсіпті меңгергендер «екі қолға бір күрек» тауып отыр ма?

- Өңірдегі колледж түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі нашар емес. ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, аймағымыз еңбекпен қамтылу көрсеткіші бойынша жоғары көрсеткішке ие. Жыл сайын аспаз, кондитер мамандықтары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының саны ұлғайып, мамандар дайындалуда. Біздің жұмысымыздың көрсеткіші – студенттердің еңбекпен қамтылуы. Бірақ бұл жағдайда да үлкен мәселе бар. Түлектеріміз «екі қолға бір күрек» тапқанымен, жұмыс берушімен заңды тұрғыда еңбек қарым-қатынасын реттемейді. Осы орайда, басылым арқылы мына жайтты айтқым келеді. Түлектер үшін уақытша тұрақты жұмысқа орналасу керемет болып көрінгенімен, болашақта қауіп тудыруы мүмкін. Мысалы, өндірісте жүргеннен кейін әртүрлі жағдай болады. Өмір ғой. Апаттық, оқыс фактілер тіркелуі мүмкін. Түлектеріміз сондай келеңсіз жайтқа тап болса, оған ешкім көмектеспейді. Оның әлеуметтік панасы, қамқорлыға да болмайды. Себебі жұмыс беруші оның ресми түрде қызмет етпейтінін алға тартып, жауапкершіліктен бас тартады. Келесі жылы елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Міне, жұмыс беруші тарап бұл жаңашылдықты да қабылдамайтын болады. Түлектеріміз тұрақты жалақы алып отырған соң, болашағын ойламауы мүмкін. Ертең қартайып, зейнет жасына толғанда, мемлекет тарапынан қолдау болмайды. Сондықтан жастар өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуі үшін жұмыс берушімен заңдық негізде келісімшартқа отыруы тиіс. Мұндай олқылықтың салдарынан біз еңбекпен қамту көрсеткішін толық көрсете алмай отырмыз. Әйтпесе, осы мамандық бойынша білім алғандардың барлығы жұмыспен қамтылған. Бұл ретте облыс әкімі тиісті мемлекеттік органдарға заңсыз жұмыс істеп жүрген адамдардың мәселесін ретке келтіру жөнінде тапсырма берді. Алдағы уақытта осыдан нәтиже шығады деген ойдамын.

Атап өтерлігі, бір мамандықты оқытатын бірнеше колледждердің басын біріктірдік. Бұл іс те оңайға тиген жоқ. Бірде-бір адам жұмыссыз қалмағанын мақтанышпен айта аламыз. Қызметкерлердің барлығы жұмыспен қамтылған. Бұрынғыдай қазына қаржысын бірнеше оқу орнына бөлмей, қомақты соманы бір ғана колледждің деңгейін көтеруге жұмсаймыз. Қазіргі уақытта Павлодар облысында 44 колледж жұмыс істейді. Оның ішінде 29-ы - мемлекеттік. Бұрын 55 оқу орны бар болатын. Оның 35-і мемлекеттік еді.

- Аймағымызда сенімгерлік басқаруға берілген колледждер бар. Бұл өзгеріс қандай нәтиже беріп отыр?

- Павлодар облысында 3 колледж сенімгерлік басқаруға берілді. Бұл - оқу орындарын дамытудың тың жолы деп білемін. Мысалы, Тереңкөл мен Ертіс аудандарындағы агротехникалық колледждер «Оразбаев», «АгроДаму» шаруа қожалықтарының қарамағына берілді. Бұдан не ұтамыз? Аймағымыздағы колледждер техникалық құралдарды сатып алуда жеке кәсіпкермен бәсекеге түсе алмайды. Себебі қожалықта қолданылатын комбайн, тракторлар заманауи әрі жоғары технологияға негізделген. Оны сатып алу үшін де қомақты қаражат керек. Сенімгерлікке бергеннен кейін, студенттер қожалықтағы барлық техникамен жұмыс істейді. Бұл ретте студенттердің тек осы шаруашылықта ғана қызмет етуі керек деген ой тумауы керек. Егер олар бәсекеге қабілетті ортада өсіп, тәрбиеленетін болса, кез келген жерге барып, қызметін ұсына алады. Сондықтан сенімгерлік басқарушылар әлеуметтік жүкті арқалап отыр. Дуалды оқыту жүйесі бойынша студенттер білім алып, тәжірибеден өтеді, жұмыс істейді. Сәйкесінше, жалақы алады. Олардың орташа еңбекақысы 70 мың теңгені құрайды. Бұл студенттер үшін үлкен қолдау деп білемін. Ауылдық жерге сырттан маман әкеліп, сабақ беруде де қиындық туындап жатады. Ал шаруашылықта қызмет атқарып жүрген тәжірибелі кәсіпкерлер көп. Жастар олардан теориялық біліммен қатар тәжірибені де үйренеді. Қазіргі уақытта өңірдегі 12 колледждің меншіктік формасын өзгерттік. Бұрын тек қана қазыналық мемлекеттік кәсіпорны болса, бүгінде олар шаруа жүргізу құқығындағы кәсіпорынға айналды. Бұдан бөлек, студенттерді бизнеске баулу ісін де қолға алып отырмыз. Сәйкесінше тиісті пәндер де енгізілді. Балалар тек кабинетте теориямен шектелмей, өндіріс ішінде жүруі керек. Осы орайда, практикалық сабақтардың үлесін 80 пайызға арттыруды қолға алудамыз. Мысалы, Павлодар ауданындағы Кемеңгер ауылында агротехникалық колледж жұмыс істейді. Оқу орны ветеринария-агрономия саласы бойынша тәуір көрсеткішке ие. Өйткені облысқа қажетті агрономдар мен ветеринарлар сол жерден білім алады. Аталмыш колледжге қомақты қаражат құйып, материалдық базаны нығайттық. Онда оқып шыққан түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 90 пайыздан артып отыр.

- Студенттерді бизнеске де баулимыз дедіңіз. Демек, түлектер меңгерген кәсібі бойынша қызмет атқармаса бола ма?

- Білім беру саласы белгілі бір кәсіпті меңгеріп, сол бойынша ғана жұмыс істеуді көздемейді. Болашақта қандай мамандық қажет болатынын ешкім білмейді. Оған бүгінгі өмір дәлел. Біз студенттік шағымызда ауылдағы әке-шешемізге, туған-туыстарымызға хабарласу үшін «Қазақтелекомдағы» сөйлесу бекетіне баратын едік. 3 минутқа тапсырыс беріп, жеке кабинаға кіріп, үй ішінің амандығын білетінбіз. Сол кезде белсенді қызмет атқарған коммутаторлар қазір қайда деген ой келеді. Өйткені сол уақытта жұмыс істеген байланыстырушылардың саны тым көп еді. Тағы бір мысал. Кеңес үкіметі кезіндегі бір комбайн мың гектар жерді оратын. Қазіргі «Джон дир» маркалы комбайндар бір орғанда 10 мың гектар жерді бағындырады. Өйткені технология дамыған. Бұрын колхоздың 70 мың гектар жері бар болса, оған кемінде 70 комбайншы керек еді. Қазір бұл жұмысқа бар-жоғы 7 комбайнер жеткілікті. Оның өзі қысқартылуда. Ал дамыған Батыс Еуропа елдерінде комбайндар автоматты режимде жұмыс істейді. Яғни, маман қажет емес. Осы жағдайда адам не істей алады?

Білімнің басты мақсаты – адамға кез келген уақытта өзгеріп, жаңашылдықты қабылдауға үйрету. Өкінішке қарай, менің көптеген әріптесім колледждегі оқу жүйесін білім деп қабылдамайды. Көп жағдайда аталмыш оқу орнын әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан балалардың уақытша тұрағы ретінде қарастырады. Жасөспірімдер ұрлық жасамаса, көше кезбесе екен деген мақсатты көздейді. Бұл дұрыс емес. Оқуға келген бала білім алып, өмірге мақсат қоя білуі тиіс. Біз студенттерді білімді қылып шығармасақ, еңбегіміз далаға кетеді. Нәтижесінде көше атаулы әлеуметтік көмек жинаушыларға толатын болады. Біз - адами капиталды дамытатын құралмыз. Мемлекеттік саясатты жүргізушіміз. Егер түлектеріміз бухгалтерия мамандығын меңгеріп, ол бойынша жұмыс істемесе, жаман емес. Тым болмады есептеуді үйренді. Оның меңгерген мамандығы бар. Білімді адам - мәдениетті, алдына мақсат қоя алады. Әріптестеріме егер біз мектеп, колледж, университет салмасақ, онда біз түрме саламыз деймін. Әрбір ауданда бір колледждің жұмыс істеуінің өзі үлкен жетістік. Студенттерге сапалы білім беріп, тәжірибелі маман дайындау - міндетіміз.

- Өңірде кәсіптік бағдарлау ісі дұрыс жолға қойылмағанын білеміз. Бұл туралы не айтасыз?

- Мұндай мәселенің барын да мойындаймыз. Қазір кәсіптік бағдар бойынша алдымызға үлкен міндет қойып отырмыз. Бұл жағдайды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясында да айтқан болатын. Өңірдегі оқу орындары кәсіби бағдарды қаңтар, мамыр айында жүргізеді. Мұндай жауапты жұмысты оқуға қабылдау шарасы кезінде күшейтіп, салдарынан адам жоқ деген әңгіме шығады. Бағдар деген - ғылыми жұмыс. Жауапкершілікті талап етеді. Кеңес үкіметі кезінде колледждердің базасында жақсы дәстүр қалыптасқан еді. Ол уақытта оқу өндірістік кешендері жұмыс істеген болатын. Қазір колледждерімізге де осы жүйені енгізіп жатырмыз. Бұл ретте оқу орны базасында оқу өндірістік кешендерін ашып, 7-сынып оқушыларын қабылдау мәселесін қолға алып отырмыз. Яғни, мектеп оқушылары белгілі бір мамандық бойынша кәсіп меңгере алады. Балалар болашақ мамандықтарына машықтанып, іштей таңдау жасайды. Павлодар ауданындағы Кемеңгер агротехникалық колледжі бұл істі бастап кетті. Жақын арада басқа да оқу орындары қосылады.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz