- Фархат Бауыржанұлы, елімізде 1 қарашадан бастап, көпшілік жиі алатын мекенжай анықтамасын беру тоқтатылатынын естідік. Енді тұрғындардан бұл анықтама талап етілмей ме? Қандай да бір мекеме қажет жағдайда әр азаматтың тіркелген мекенжайын қайдан біле алады?

- Иә, ол рас, алдағы 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы болмайды. Себебі елімізде барлық жүйелер интегра-цияланған. Бұл дегеніңіз ақпараттар барлық мемлекеттік органдардың базасында бар. Сондықтан бұл құжатты енді алудың қажеті жоқ. Яғни, 1 қарашадан бастап азаматтар мекенжайының қайда екенін egov.kz порталынан біле алады.

- Облыс көлемінде бір айда немесе бір жылда тұрғындарға қанша мекенжай анықтамасы беріліп келді?

- Мекенжай анықтамасы - халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ең көп сұралатын қызмет. Мысалы, 2018 жылы облыс бойынша бұл қызмет 440 629 рет көрсетілген. Осы жылдың қыркүйек айында 16 926 мекенжай анықтамасы берілген. Еліміз бойынша да бұл қызметке сұраныс жоғары. Қазақстанда азаматтар жұмысқа орналасу, балаларын мектеп пен балабақшаға беру, емханаларға, банктерге және тағы басқа да мекемелерге бір жылда 10 миллионнан астам мекенжай анықтамасын сұратады. Міне, осы ақпараттық анықтама үшін тұрғындар кезекте тұрып қаншама уақыттарын жоғалтады.

- Бұдан бөлек, тағы 28 анық-таманың жойылатыны жайында айтылуда. Ол қандай анық- тамалар? Бірнеше мысал келтірсеңіз. Оларды не алмастырады?

- Мекенжай анықтамасынан кейін жылжымайтын мүліктің бар-жоғы, психо-наркодиспансерден, туберкулезге қарсы диспансерден берілетін анықтама, жұмыссыз ретінде тіркелу сияқты және тағы басқа анықтамалар да жойылуы мүмкін. Реестрден аталған қызметтерді алып тастау мәселесі мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралатын болады. Оның нәтижесі бойынша анықтамалардың қай түрі мәліметтер санатына ауысатыны не мүлде жойылатыны шешіледі. Аталған анықтама түрлері Әділет министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Бас прокуратура сияқты жалпы 10 ведомствоға қарасты.

- Бұл өзгерістер не береді?

- «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жыл сайын қазақстандықтарға 30 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетеді, олардың жартысынан көбі – ақпараттық анықтамалар. Оларды жою қызмет алушылардың өмірін жеңілдетеді, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жүктемесі мен қағаз айналымын азайтады деп күтілуде.

- Мәліметтеріңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz